Қоғам

«Сұңқар» жұма сайын тегін нан таратады

Биыл Үржар ауданында шағын және орта бизнес субъектілері он пайызға артқан. Кәсіпкерліктің дамуы бағаны себепсіз қымбаттатпауға, қайырымдылық шараларының көбеюіне септігін тигізуде.

Қазір ауданда 5157 шағын кәсіпкерлік тіркелген, оның 2314-і  – шаруа қожалығы, 207-сі – заңды тұлға, 2636-сы –  жеке кәсіпкер. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 10,7%-ға көбейді.

Аудан тұрғындарына  бір ет  комбинаты, екі диірмен, 21 наубайхана, екі сүт қабылдау және өңдеу орталығы, 556 дүкен, 30 дәріхана, үш кондитерлік  цех, он қонақүй, екі базар, он монша, 35 техникалық  қызмет көрсету стансасы, 18 жанармай стансасы, 70-тен аса қоғамдық тамақтану орны, 110 кәсіпкерлік нысаны қызмет көрсетеді. Жыл басынан  бес дүкен, үш шаштараз, сұлулық салоны, екі қоғамдық тамақтану орны, барлығы 20-ға жуық жұмыс орны ашылды.

Инфляцияны тежеу мақсатында әр сенбі, жексенбіде Үржар, Мақаншы, Таскескен ауылдарында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тауар нарық бағасынан 10-15 пайыз арзанға саудаланады.

– Жыл басынан  бірінші  кезектегі тауарлар бағасын  тұрақтандыру мақсатында 297 меншік иесімен меморандум жасалды. Оның ішінде 267 дүкен, 20 наубайхана, екі сүт өңдеу орталығы, бір диірмен, екі май цехы, бес көтерме сауда дүкені бар, – дейді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Назым Байпейісова.

«Көмек қолыңды бер»  акциясы негізінде «Бір нан алсаң, бір нанды мұқтаж адамдарға тегін бер»  іс-шарасы жалғасып келеді, Үржар  ауылындағы «Гүлназ», Мақаншыдағы «Нәйля» дүкендерінде мұқтаждарға күніне бір бөлке наннан тегін  таратуда. Кәсіпкер  Кәрім  Ақиқаттың аудан орталығындағы «Сұңқар» дүкені жұма сайын ардагерлерге екі бөлке наннан тегін үлестіреді.

Бейсенғазы Ұлықбек, Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button