Қоғам

Сумен, жылумен қамту жүйелері жаңғыртылады

Сумен, жылумен қамту жүйелері жаңғыртылады
Алдағы уақытта облыс орталығының жылу жүйесі толықтай жаңғыртудан өтеді. Сонымен бірге, өңірдің екі ірі қаласының көшелік жарықтандыру шамдары заманауи талапқа сай түгел жаңартылмақшы. Бұлардан бөлек, Өскемен және Семей қалаларындағы қоғамдық көлік жүйесі де жаңаланып, жолақы төлеудің бірыңғай жүйесі енгізілмек.
Бұл туралы облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен өткен Еуропалық даму және қайта құру банкі (ЕҚҚДБ) желісі бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға арналған жиын барысында мәлім болды. Жобаларды таныстырған «ШҚО мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аймақтық орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Шәкәрім Бұқтұғұтов аталған банкпен облыс арасында белсенді әріптестік байланыс орнағанын атап өтті. Мәселен, бүгінгі уақытта біздің аймақпен жалпы құны 15,4 млрд. теңге болатын үш несиелік келісімге қол қойылған. Олар Семей қаласын сумен қамту, су тарту және жылумен қамтамасыз ету жобалары, сонымен бірге, Өскемен қаласының су тарту жүйесі жобасы.
Оның айтуынша, 27,5 млрд. теңгенің тағы алты жобасына жұмыс жасалып жатыр. Олардың қатарында Өскемен және Семей қалаларының көшелік жарықтандырылуын, қос қаланың қоғамдық көлік жүйесін, Өскемен қаласының жылу жүйесін және әуежайын жаңғырту жобалары бар. Нәтижесінде 43 млрд. теңгеге жуық қаржы аймақтың қос шаһарының дамуына бағытталатын болады.
Ең бастысы, бұл шаруалар осымен шектелмейді. Алда Зырян қаласының инженерлік құрылымы бойынша, облыстың қалалары мен аудан орталықтарын талапқа сай көшелік жарықтандыруға, Бұқтырма су қоймасы үстінен салынатын көпір құрылысына қатысты да инвестжобалар қолға алынбақ.
Үш жобаның жалпы құны 40 млрд. теңгені құрайды.
Келесі ретте Еуропалық даму және қайта құру банкінің жетекші банкирі Аббас Офаринов Өскемен қаласының, оның ішінде Меновное ауылының жылу жүйесін қайта құру жобасымен және оған жұмсалатын қаржының көлемімен таныстырды. Оның мәліметінше, қазіргі № 6 және №7 қазандықтар жабылып, оның
орнына ұзындығы бес шақырым болатын жылу трассасы салынбақ.
Оның әріптесі Надежда Ключникова Өскемен және Семей қалаларының көшелік жарықтандыру жүйесін жаңғырту жобасы туралы әңгімеледі. Жиында тараптар арасында Өскемен және Семей қалаларының қоғамдық көлік жүйесін жаңғырту жайы да кеңінен сөз етілді.
– Қолға алынып отырған бұл инвестициялық жобалар Өскемен мен Семейдің аталған мәселелерін кемінде бес-он жылға дейін шешіп бермек. Жобалардың іске асуына қатысты ешқандай проблемалар болмайды, мәселелер туындайтын болса, олар жұмыс бабында шешіледі. Ол үшін тиісті орынбасарларыма тапсырма беріледі. Биыл тамыздың соңы, қыркүйек айының басында Бұқтырма өткелі үстінен көпір жобасы басталады. Сондай-ақ, Семейдің жылу жүйесін жаңғырту біз үшін өте маңызды, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.

Дәурен АЛЛАБЕРНЕГҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button