Қоғам

«Сәулетай» жүз баланы қабылдайды

«Сәулетай» жүз баланы қабылдайды


Алтай кентінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 100 балаға арналған «Сәулетай» балабақшасы ашылды. Мұнда бір жарым жастан бес жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді.

Заман талабына сай барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген әлеуметтік мекемеге қол жеткізген ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Кентте мектепке дейінгі тәрбие ошағының болмауы қиындық туғызып келген еді осыған дейін. Бұл мәселенің түйінін ерлі-зайыпты Меруерт пен Айдын Тоқтаровтар мемлекетпен серіктесе отырып шешті. Мектепалды білім беруді белсенді дамытуға күш салып отырған «Айналайын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауданда осымен үшінші балабақшаны мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашып отыр.

Бұрынғы музыка мектебінің екі қабатты ғимараты көптен бері күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған, қысқа уақытта құрылыс бригадасы кент тұрғындарымен күш жұмылдырып, жылу жүйесін қалпына келтірді, ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Күрделі жөндеуге 20 млн. теңге қаржы жұмсалған.

Мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің ашылуына қатысқан аудан басшысы Қалихан Байғонысов, аудандық мәслихат хатшысы Әкімғазы Баймульдинов Алтай кентінің тұрғындарын құттықтап, елдің қуанышын бөлісті.

– Үлкен жұмыс атқарылған, қуанарлық жағдай. Елбасының халықтың әл-ауқатын арттыру туралы тапсырмасы аясында іске қосылған балабақшада бүлдіршіндердің алаңсыз тәрбие мен білім алуларына барлық мүмкіндік жасалған. Ауданда әлі де балабақша тапшылығы бар. Осы орайда, құрылтайшылардың көрсеткен өнегесін жергілікті кәсіпкерлер жалғастырады, – деп тілегін жеткізген Қалихан Байғонысов құрметті қонақтармен бірге балабақшаны аралап көрді.

Бұл жерде жергілікті тұрғындарға 30 жаңа жұмыс орны ашылса, кішкентай бүлдіршіндер екі тілде білім мен тәрбие алатын болады.

Мерекенің басты кейіпкерлері «Сәулетайдың» тәрбиеленушілері меймандарға арнап тақпақ айтып, ән салды. Балалардың жүзіндегі қуаныш ересектердің де көңілін көншітіп, әдемі әсер қалдырды.

Жаңа, жарық, заманауи үлгіде жарақталған балабақшаға немересін әкелген Мәншүк Кожраимова игілікті бастаманы іске асырған ел азаматтарына шексіз алғысын жеткізді.

Алтай кентіндегі мерекелік шара жергілікті мәдениет үйінде жалғасып, аудан әкімі еңбекте көзге түскен үздіктерді марапаттады. Сондай-ақ жаңа балабақшаның тәрбиешілері салтанатты түрде «Нұр Отан» партиясына мүшелікке өтті.

Гүлнәр Мусина,
Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button