Қоғам

Суға кеткендердің барлығы ер адам

Облыс құтқарушылары биылғы суға шомылу маусымының кей қорытындыларын жариялады. Еске салайық, 1 қыркүйекте Шығыста ресми түрде кезекті шомылу маусымы аяқталған болатын.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, жаз айларында құтқарушылар 14 адамды (оның екеуі бала) судан арашалап қалған. Жалпы, айналдырған бірнеше айдың көлемінде құтқарушылар жергілікті атқарушы билік органдары, полиция және волонтерлік ұйымдармен бірлесіп жағажайларға 2 340 рейд ұйымдастырыпты. Бұған қоса, қауіпті аймақтарда 304 ескерту және тыйым салу белгісі, 130 көрнекі стенд орнатылған-ды.

Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алтай, Күршім және Самар аудандарында мобильді бекеттер жұмыс істеді. Сондай-ақ Өскемен қаласының аумағына қызмет көрсететін жылжымалы бекеттер қойылды.

Облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Орынбековтің айтуынша, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға қарамастан, жаз мезгілінде облыста жеті адам суға кеткен. Статистика көрсетіп отырғандай, көп жағдайда қайғылы жағдайларға адамның өз күшін асыра бағалауы, судағы жүріс-тұрыс ережелерін ескермеуі, тыйым салынған және таныс емес жерлерде шомылуы, ішімдік ішіп суға түсуі сияқты факторлар себепші  болып жатады екен.

«Суға батқандардың барлығы – 18 бен 46 жас аралығындағы ер адам. Оқиғалар негізінен демалыс күндері тіркелген. Жалпы, облыста шомылу маусымы басталғалы бері жаппай демалыс орындарында 189 заңбұзушылық анықталып, 75 азамат әкімшілік жауапқа тартылған», – деп хабарлайды ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button