Қоғам

Сүйікті жұмысы бар адам – бақытты

Мақпал Рахимжанова 27 жасында медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті облыстық департаментінің фармацевтикалық қызметті бақылау және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға арналған бағаларды мониторингілеу бөлімінің басшысы болып тағайындалды.

Мақпалдың балалық және жастық шағы Катонқарағай ауданы, Ақсу ауылында өтті. Ол отбасындағы бесінші бала. Әпкесі сияқты фармацевт болуды жастайынан армандаған және сол арманына қол жеткізді. Химия пәнін сүйіп оқыды. Ақсу орта мектебін бітіргеннен соң Мақпал Семей медицина университетіне фармация мамандығы бойынша оқуға түсті. 2020 жылы университетті бітірген жас маман мемлекеттік қызметте бағын сынап көруге бел буды.

2021 жылдың наурыз айында Мақпал Рахимжанова Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыстық департаменті фармацевтикалық қызметті бақылау және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға арналған бағаларды мониторингілеу бөлімінің бас маманы ретінде жұмысқа қабылданды.

– Бөлім басшысы ретінде дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың айналымы саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымын бақылауды жүзеге асырамын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қараймын. Жауапкершілік зор, сондықтан мен сауатты қызметкер болуға ғана емес, өз кәсібилігімді үнемі арттыруға және азаматтардың игілігі үшін мемлекеттік қызметтерді барынша сапалы көрсетуге тырысамын, – дейді Мақпал Рахимжанова.

Жоғарыда айтылған сөздері расталып, өткен жылы медицина қызметкері күні қарсаңында Мақпал денсаулық сақтау саласына қосқан кәсіби еңбегі мен қомақты үлесі үшін департамент басшылығының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Мақпал жұмыстан бос уақытында волейбол, теннис ойнайды, ән айтқанды ұнатады және психология туралы кітаптарды көп оқиды. Ең бастысы отбасына және кішкентай ұлына көңіл бөліп, бала тәрбиесімен айналысуды бәрінен жоғары қояды.

– Мен бақытты адаммын деп сенімді түрде айта аламын. Менің сүйікті жұмысым бар, өзіме ұнайтын іспен айналысамын. Мен сондай-ақ осы ұжымда жұмыс істегеніме өте бақыттымын. Әріптестерім тату, қиын сәтте көмекке келуге дайын. Әрбірі мемлекеттік қызметшінің бойында болу керек қасиеттерге ие, жауапкершіліктері мол, адал, білімді және әдепті.

Әлия Сейсенбаева

Осы айдарда

Back to top button