Бірқатар объективті факторға, оның ішінде ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 2023 жыл Шемонаиха ауданы үшін табысты болды деуге толық негіз бар. Ауданның шағын және орта кәсіпкерлік секторы тұрақты жұмыс істеп, межелі міндеттерді ойдағыдай орындады. Сол сияқты былтыр ауыл шаруашылығы мен сауда-саттық салалары үшін де жемісті болыпты. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Данияр Уахитовтан сұрап білдік.
Шекара шебіндегі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы егжей-тегжейлі сөз қозғаған Д.Уахитов жыл қорытындысы бойынша 125 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілгенін мәлім етті. Оның ішінде тау-кен секторында 91 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, өңдеу саласының көрсеткіштері 30 миллиард теңгеге жеткен. Сол сияқты, ауыл шаруашылығы саласы жалпы өнімінің көлемі 52 миллиард теңге болды. Аудан экономикасына 36 миллиард теңгеден астам қаражат құйылған.
Тұрақты жұмыс орындарына 500-ден астам тұрғын орналастырылып, жұмыспен қамту деңгейі 88 пайызға жеткен. Аудан бюджеті салық түсімдері бойынша 103 пайызға орындалып, қазынаға 4,8 миллиард теңге кіріс түскен. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 122 пайызға артық.
– Аудандағы ірі жобаларға «Шығыстүстімет» ЖШС Артемьев кенішінің екінші кезегін салу жөніндегі негізгі жұмыстардың аяқталуын, «EASTFARM» ЖШС суару және «Рулиха» ЖШС тауарлы-сүт фермасын кеңейту жөніндегі жобаларының іске асырылуын қосуға болады. Тағы бір ауқымды жоба деп Шемонаиха қаласында басталған жаңа мектептің құрылысын айтар едім. Жалпы, 2024 жылды жақсы қарқынмен бастадық. Есепті кезеңде экономиканы дамытуға 3,3 миллиард теңге бағытталды, – деп мәлім етті аудан әкімінің орынбасары.
Оның айтуынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 16,8 миллиард теңге (өсім 112,0 пайыз) болса, ауылшаруашылық секторында 2 миллиард (111 пайыз) теңгенің өнімі өндірілген.
Екі бірдей сүт фермасы салынып жатыр
Белгілі болғандай, екі жыл ішінде аудандағы егістік алқаптарының ауданы 1,3 мың гектарға ұлғайған. Бұл бірінші кезекте тиімді пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді қайтару есебінен мүмкін болыпты. Биыл жаздық дақылдар егілген алқаптың аумағы 138 мың гектарға жетпек. Оның ішінде 74 мың гектары дәнді және дәнді-бұршақты дақылдары болса, 53 мыңнан астамы майлы дақылдар, 11 мыңы жемшөп пен көкөніс.
Ауданның ауыл шаруашылығы тауарларының өндірушілері мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында алдағы егіс науқанына тастүйін дайын отыр. Жанармай мен тұқымның қажетті қоры қамтамасыз етілді, тыңайтқыштар сатып алынды, техниканың дайындығы – 99 пайыз.
– Ағымдағы жылы шаруаларымыз егіс жұмыстарына әдеттегідей сәуір айының соңында кіріспек. Егіс науқанын оңтайлы мерзімде әрі жоғары агротехникалық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетіп тұр, – дейді Д.Уахитов.
Оның айтуынша, ауданда мал шаруашылығына қатысты да жаңалық көп. Мәселен, биыл Шемонаихада екі бірдей тауарлы-сүт фермасының құрылысы басталған.
– Биыл жылы «ШҚО аумағында Солтүстік Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешені саласындағы тәжірибесін тираждау» бағдарламасы шеңберінде «Сугатовское» ЖШС (құны 3 миллиард 30 миллион теңге) мен «Хамзин С. и Ко» сенім серіктестігінің (құны 3 миллиард 667 миллион теңге) тауарлы-сүт фермаларын салу бойынша екі ауқымды жоба іске асырыла бастады. Жер учаскелері бекітілді, құрылысқа қажетті құжаттама әзірленуде, жабдықтар мен мал сатып алу бойынша коммерциялық ұсыныстар бар, – дейді аудан әкімінің орынбасары.
Биыл, сондай-ақ «Рулиха» ЖШС-нің тауарлы-сүт фермасындағы жыл он екі ай қорада ұсталатын голштин-фриз тұқымының аналық табынын 600 бастан 1 080 басқа дейін ұлғайту жобасы мәресіне жетпек. Бұл жобаның құны 1 миллиард 250 миллион теңге екенін айту керек. Қазір 480 бас асыл тұқымды малдың 266 басы әкелінді, қалған 310 бас маусым айында жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
Тағы бір ауқымды бастама деп «Nur Agro Rain» ЖШС-ға тиесілі суармалы алқаптардың аумағын 950 гектарға дейін ұлғайту жобасын айтуға болады. Жалпы құны 2 миллиард 562 миллион теңге болатын жоба аясында бүгінде 180 гектар шамасындағы суармалы алқаптың аумағын бес есеге дейін кеңейту көзделуде. Сонымен қатар шаруашылық басшылығы тоғыз суару жабдығы мен заманауи картоп кешенін сатып алу, электр желілерін тарту, картоп қоймасының сиымдылығын сегіз мың тоннаға дейін жеткізіп, 2 500 тоннаға шақталған жаңа қойма салуды да мақсат етуде.
«Бастау бизнестің» игілігін көреді
Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – халықты толық, өзара тиімді әрі еркін жұмыспен қамту. Елде нарықтық экономикаға көшуге бағытталған ірі реформалар жүргізіле бастады және бүгінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. Мәселен, елдегі еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырудың тиімді құралы болғаны сөзсіз.
Шемонаиха ауданының әкімдігінен хабарлағандай, ағымдағы жылы «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес, бес адам оқытылған.
– 2024 жылы өз ісін ашуға не кеңейтуге бел буған жерлестерімізге 400 айлық есептік көрсеткішке (1 476 800 теңге) дейін жететін тоғыз грант бөлініп отыр. Сәуір айында шағын несие алуға қатысты өтінімдерді қабылдау басталады. Жастар санаты бойынша алты адам несие алады, – деген Д.Уахитов ауданда халықты жұмыспен қамтуға және әлеуметтік қызметтер көрсетуге бағытталған жұмыстар да назардан тыс қалмағанын жеткізді.
Әкімнің орынбасары мәлім еткендей, ауданда 40 тұрақты жұмыс орны құрылған, 126 адам бос жұмыс орындарына орналастырылып, 84 азамат қоғамдық ақылы жұмыстарға жіберілген. Жұмыс күші артық өңірлерден үш отбасы көшіріліп, үш қандас отбасы ауданға қоныс аударған.
Белгілі болғандай, өткен жылдың қазан айынан бері Шемонаиха қаласында «Аяла» тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы жұмыс істеуде. Мұнда түрлі қиындықтарға тап болған әйелдер балалармен бірге алты айға дейін тұрақтай алады екен. Дағдарыс орталығында тұратындарға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық және құқықтық көмек көрсетіледі.
Сол сияқты, өткен жылы ауданға дәрігерлік кадрлардың тапшылығын жою және медициналық мекемелер желісін нығайту мақсатында жеті дәрігер мен үш орта буын медицина маманы тартылғаны белгілі болды. Төрт маманға тұрғын үй беріліп, біреуіне көтерме жәрдемақы төленген. Ал ағымдағы жылы Волчанка ауылында медициналық пункт салу жоспарлануда.
Жол жөнделіп, су тартылады
Облыс орталығынан жырақта орналасқан кез келген аудандағыдай, шемонаихалықтарды да елді мекендерді ауыс сумен қамту, автомобиль жолдарының жай-күйі, жолаушылар тасымалы мәселелері толғандыратыны рас.
Бұл бағытта да ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар атқарылып жатыр, дейді аудан басшылығы.
– Биыл Убинка және Сугатовка ауылдарында сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау жұмыстары аяқталады. Белый камень, Медведка, Новая Убинка ауылдарында сумен жабдықтау желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған. «Шемонаиха Су арнасы» ЖШС коммуналдық кәсіпорнының су жинау нысандарында 22 есептеу аспабын орнатамыз. Ең бастысы, аталмыш кәсіпорын үшін үш бірлік арнайы техниканы сатып аламыз. Мұның бәрі сумен жабдықтау және су бұру бойынша апатты жағдайларды қысқа мерзімде жоюға мүмкіндік береді, – деген Д.Уахитов көшелерді жарықтандыру мәселесін де тілге тиек етті.
Оның айтуына қарағанда, алдағы уақытта Барашки, Половинка, Березовка, Кенюхово, Сугатовка, Большая речка, Кандыковка, Рулиха, Октябрьское, Медведка, Красная Шемонаиха ауылдарының, сондай-ақ, Первомайка кенті мен Шемонаиха қаласының көшелерін жарықтандыру жоспары бар.
Бұған қоса, Медведка және Большая речка ауылдарында жаңа антенна-діңгек құрылыстары салынып, Теле-2 ұялы байланысының жабдықтары орнатылатын болады.
Халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірінен саналады. Осыны ескерген аудан басшылығы биыл Шемонаиха қаласында және Большая речка ауылында екі воркаут алаңын, сонымен қатар, аудан орталығы мен Половинка, Межовка, Белый камень ауылдарында бес бірдей балалар алаңын, Ново-Ильинкада спорт алаңын салуды жоспарлап қойыпты.
– Әлбетте, жол жөндеу мәселесін де ешқашан назардан тыс қалдырған емеспіз. Алдағы маусым-шілде айларында Шемонаиха қаласының Б.Момышұлы, М.Горький, Путейская, Первомайская, Халықтық көшелері мен Кирпичный шолақ көшесінің жолдарына орташа жөндеу жүргізілетін болады. Мұндай жөндеу жұмыстарымен Марьин утес шолу алаңының кіреберісі де қамтылмақ, – деген аудан әкімінің орынбасары ағымдағы жылы Верх-Уба және Рулиха ауылдарындағы көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары да жүргізілетінін мәлім етті.