Қоғам

СҮҢГУІР-ҚҰТҚАРУШЫ

Жанаргүл Мұқатай

Қап-қара түнек. Түйсігіне ғана сеніп, қолмен қарманып әрекет етуде. Қақаған аяз. Сіресіп жатқан көлдің беймәлім тұңғиығын шарқ ұра шарлауда. Дамылдап алып, асау толқынмен алыса, ағысы қатты су түбіне тағы сүңгіп барады. Оның міндеті – құтқару, табу.

ЖҰМЫСЫ – СУ АСТЫНДА

Қауіп пен қатерге толы бұл мамандық шымыр болуды ғана емес, психологиялық тұрғыдан құрыштай шыдамды болуды, қатал, батыл, тіпті батыр болуды талап етеді. Суға батып бара жатқан жанды қас қағым сәтте, санаулы секундтарда құтқарып қалу, суға кеткен адамды түбі көрінбейтін бірнеше метрлік тереңдіктен іздеу, бойыңдағы қорқыныш пен үрейді жеңіп, денені тауып, алып шығу – бұл екінің бірі бара бермейтін, кім-көрінгеннің қолынан келе бермейтін іс.

– Сүңгуір-құтқарушы қызметіне 2013 жылы кірістім. Оған дейін 2009 жылдан бастап өрт сөндіру қызметінде еңбек еттім. Ең алғаш рет Тарбағатай ауданында болған іздестіру жұмысына қатыстым. Ол жақта биіктен құлап аққан сарқырамасы бар  кішкене өзен бар екен. Мектеп бітірген бір топ ұл қуаныштарын атап өтуге өзен басына келген. Өзенге шомылып жүрген түлектердің бірі сарқырамадан секіріп, жас жігітті жартастың астында айналып жатқан иірім иіріп әкетеді. Сол күні шақыртумен дереу оқиға болған жерге жетіп, ұйықтың түбінен ұлдың жансыз денесін алып шықтым. Сол сәтте маған өзен басында жылап-еңіреп тұрған баланың жақындарына қараудың өзі қиын болды. Біразға дейін өзді-өзіме келе алмай жүрдім. Қатты қиналдым. Кейін бәріне салқынқандылықпен қарауға көндіге бастадым, қызметіміз солай. Соңғы оқиға ана жолы Алакөлде болды. Жас отбасы көлге демалуға Павлодардан келіпті. Ол кезде көлдің жағасындағы олар демалуға келген жағажай жанындағы көл бөлігінің түбі әлі тексерілмеген. Ерлі-зайыптылар катамаран теуіп жүргенде ері катамараннан секірген беті суға батып кетеді. Секірген кезде су астындағы әлдебір қатты затқа соғылып, жараланып, жүзе алмай, әйелінің көзінше сол беті батып кеткен. Көл жағалауында  болған семейлік құтқарушылар демалушының денесін таба алмағандықтан, біз департаменттен көмекке барып, таңертеңінде таптық, – деп еске алады кенеттен суға кету оқиғаларының себептерін, жай-жапсарын облыстық төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуір-құтқарушысы Андрей Вебер.

Сүңгуір-құтқарушы қандай да бір қателік жіберіп алса, ережеде жазылған қауіпсіздік техникаларын сақтамаса, өзінің өміріне де қауіп төнуі мүмкін.

Су мен өрт – тілсіз жау. Құтқарушылар суда балықша жүзем деген талай адамдардың да ажалы судан болып жататынын айтады. Суға секіргенде жарақат алып, аяқтарының тамыры тартылып, балдырға оралып немесе тереңдікке түсіп кетіп, қайта шыға алмай қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Облысымызда бала-шағасын балықпен асырап жүрген балықшылардың да суға  батып кетуі жиі қайталанып келеді. Резеңке етікпен суда жүргенде абай болу керек, етіктің екі қонышынан кірген су аяқ киімді шешкізбей, тереңге бірден батырып әкетеді. Суға мас күйінде түсуге болмайды. Жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдардың суық суға түсуі аса қауіпті.

– Алғашқы екі-үш жылда су астына түсер алдында қобалжып, алаңдайтынмын. Батып кеткен адамның туған-туыстарының тағат таппайтыны тағы бар. Кейде шамалап, мөлшерлеуге де, бағыт-бағдарыңды, ойыңды жинақтауға да мұрша бермей жатады. Бәрі көңіл-күйге салмақ түсіреді.  Оған арқамыздағы кислород толтырылған баллонның, компрессордың салмағын, гидрокостюмнің, маскінің салмағын қосыңыз, қосымша жүктің бәрін қосқанда барлығы 35 келідей болады. Бірақ бірте-бірте тәжірибе жинап, қиындықтың, қорқыныштың бәрі артта қалып, үрейді ұмытып, үйреніп кеттім. Мен өзім су түбінде 40 минуттай боламын. Орта есеппен алғанда, осы уақыт судың астын сүзіп шығуыңа, дер уақытында судан шығып үлгеруіңе жетеді. Баллондағы ауа көлеміне, шыдамдылығына, өкпесінің қалай жұмыс істейтіндігіне қарай әркім әрқалай болады. Судың түбіне түскенде көзіңе ешнәрсе көрінбейді. Командадағы «жұмыс істеуші» сүңгуірден өзге үш-төрт сүңгуір-құтқарушы: «қамтамасыз етуші», «жетекші», «сақтандырушы» сүңгуірлер су астындағы сүңгуірге қай жаққа қарай сүңгу қажеттігін белге байланған арқан арқылы белгі беріп, көрсетіп отырады. Егер су астында жұмыс істеп жатқан сүңгуір апаттық жағдайларға тап болып жатса, сақтандырушы сүңгуірге арқан арқылы арнайы белгі беріп, ол көмекке келеді. Өзім бірде жетекші болсам, бірде қамтамасыз етуші болып, кейбір күрделі операцияларда жаңадан келіп жатқан жас мамандармен суға қоса түсіп, үйретіп, көрсетіп бірге жұмыс істеймін. Жұмыс істеуші сүңгуірде суасты жүйелері, маска гарнитуралары сияқты бағыт-бағдар, белгі беріп, команданы өзара байланыстырып отыратын басқа да  құралдары бар. Соның ішінде қарапайым  арқан – мен үшін әбден тексерілген, ең сенімді тәсіл. Батып кеткен адамды көл, өзен түбіне жер бауырлай өрмекші құсап жатып алып қолмен, аяқпен сипалай, түртіп іздейміз.  Сүңгуірдің көзі – саусақтары десе де болады. Су астындағы түнекте шамды сирек қолданамыз, оның жарығынан  алдыңда аппақ қабырға тұрғандай болып ештеңе көрінбей кетеді.

2017 жылы Қалжыр өзеніндегі іздестіру-құтқару жұмыстары кезінде 29 жастағы сүңгуір-құтқарушының өзі суға кетіп қалды. Қатты ағыстың салдарынан үрлемелі қайығы аударылып кеткен құтқарушының денесі екі айдан кейін ғана табылды. Былтыр Жамбыл облысының Тасөткел су қоймасында іздестіру-құтқару қызметін атқарып жүрген сүңгуір-құтқарушы да опат болды.

Суға түсу маусымы басталғаннан бері облыста 18 адам суға батып кеткен, оның үшеуі – бала. Биыл облыстағы Ертіс, Үлбі өзендері мен Сібе, Алакөл көлдерінде суға батып кету оқиғалары жиі тіркелген. Құтқарушылар суы суық Ертіс өзендері сияқты су көздеріне суға түсу қауіпті дейді.

МІНДЕТІ – ТАБУ

  Облыстағы құтқару-іздестіру жұмыстары барысында сүңгуір-құтқарушылардың өздері де судан шықпай қалған жағдайлар болды ма?

– Болған, өкінішке қарай. Бұл қызметтің тәуекелі көп. Әртүрлі жағдайда, ауа райының, су астының, су ағысының қаттылығына, қолайсыздығына, қандай жағдайда екендігіне қарамастан тәуекел етіп, жылдың төрт мезгілінде іздестіру жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Бірақ өзім осы қызметке келгелі аймағымызда су астында ондай оқиға қайталанған жоқ. Жалпы, сүңгуір су астына тамақ ішіп болған соң екі сағаттан кейін барып қана түсуі керек. Егер тамақ ішкен соң түссе, қатты қысымнан жеген тамағын құсып, шашалып, құсығына тұншығып кетуі мүмкін. Әртүрлі оқиғалар болған, сүңгуірдің суға батып кеткен, қысылып декомпрессия алған жағдайлары болды. Бірақ мен жұмыс істеп жүргеннен бері ондай жазатайым оқиғалар кездескен жоқ, кездеспейді де деп сенемін.

Сүңгуір-құтқарушылардың іздестіру жұмыстары қыста біршама қиындай түседі. Сүңгуірлер адам батып кеткен су айдынына келісімен судан шыққаннан кейін костюмдері мен құралдары аязға қатып, өздері суыққа шалдығып қалмас үшін ыстық шай ішіп, жылынатындай жылы палатка құрылады. Арнайы костюмдер мен құрал-жабдықтар мұз болып қатып қалса, тез тозып, тез істен шығады. Қыс кезінде сүңгуірлер «құрғақ» костюмдерін киеді. Ішінен бір қабат жылы киім киілетін «құрғақ» костюмнен денеге ешқандай су өтпейді. Дегенмен, денені қарыған мұздай судан сүңгуірлер қатты тоңып, аяқ-қолдары, бастары тіптен қатып қалатын көрінеді.

Біздің кейіпкеріміз мектеп бітірген соң автослесарь болсам деп сол мамандықты меңгерген екен. Әскерден келген беті ол ойынан айнып, төтенше жағдайлр саласына қызметке тұрған. Қазір оның екі кішкентай ұлы да өзі сияқты сүңгуір-құтқарушы болғылары келетіндерін айтып, әкелеріне еліктеп өсіп келеді. Енді әкелерінің оларды ғана емес, барлық талап-тілегі бар шыныққан шымырларды, батылдарды сүңгуір-құтқарушы мамандығына үйретуіне, оқытуына құқығы бар. Андрей Вебер жуықта Приозерск қаласында алғаш рет  өткен халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымының оқу- әдістемелік жаттығу жиынына қатысып, ұжымына сүңгуірлерді даярлаушы инструктор болып оралды. Ресейден, Қырғызстаннан келген әріптестерімен бірге квалификациялаудан, қайта оқудан өткен сүңгуірлер арасынан Андрейдің кәсіпқойлығы ерекше бағаланып, оған «Сүңгуір-құтқарушыларды даярлаушы инструктор» дәрежесі берілген. Су түбіне кетіп бара жатқан талайды құтқарып қалып, екінші өмір сыйлаған сүңгуір-құтқарушы үшін бұл – тұңғиықты сүзген сан мың сағаттарының, басын қатерге тігіп қармана, жанталаса қимылдаған қаншама секундтары мен минуттарының, маңдай терінің жемісі. Өз ісінің кәсіпқойы, профессионалы атанған маманға қол жеткізген жетістігі барлық марапаттан қымбат екені сөзсіз.

Осы айдарда

Back to top button