Судьяларға қойылар талап күшейді
Қазіргі уақытта заңдарымыздың әлеуеті артып, маңызы күшейді. Қылмыстық саясатқа байланысты төрт бірдей кодекске өзгертулер мен толықтырулар енді.
Соған сай, сот жүйесін реформалауға байланысты бірнеше қадамнан тұратын нақты амалдар да көрсетілді. Осыған орай судьялық лауазымға үміткерлерге алдымен қатаң талап қойылатыны бекер емес. Бұл – өте маңызды мәселе. Кейін бармақ тістеп, сан соқпас үшін судьялыққа бірден дұрыс адамды іріктеп таңдап алған жөн. Көпшілік күтетіндей, судьялыққа сотқа жүгінген әр тарапқа «мынау ақ, мынау қара» деп ақиқатты тура айтып бере алатын білікті де, білімді жан тағайындалғаны керек. Бұл мақсатта кең көлемді жұмыстар жүргізілді. Мысалы, жоғары заңгерлік білімі бар, адамгершілік ұстанымы берік, кемінде бес жыл сот отырыстарының хатшысы, судьяның, прокурордың, адвокаттың консультанты (көмекшісі) немесе заңгерлік мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс өтілі бар үміткерлер судьялық қызметке таңдалынады. Үміткерлер үш кезеңнен тұратын біліктілік емтихандарын тапсырады. Бірінші кезеңде еліміздің заңдарын білуге арналған компьютерлік тестілеуден өтеді. Екіншісінде, сот практикасына қатысты сұрақтарға жауап береді. Содан кейін психологиялық тестілеу жүргізіледі. Мұндай талаптар тек судья болатын үміткерлерге қойылатын сынақтар. Ол осы талаптарға сай келмесе, судья бола алмайды.
Судьялыққа кандидат үшін бұрын еңбек өтілі екі жыл ғана болатын. Қазір олай емес, талап күшейді. Демек, енді бес жыл мерзім қажет. Ал тағылымдамадан өту бір жыл болды. Ол тұрақты түрдегі және еңбекақы төленетін тағылымдама. Яғни, кандидат өзінің жұмысынан босатылып, тағылымдамадан өтуге тиісті. Жаңадан тағайындалған жас судьялар үшін бұлайша бір жылдық сынақ мерзімін енгізу – сот саласындағы маңызды жаңалық. Олар сынақ мерзімі кезеңінде әкімшілік, күрделі емес қылмыстық және азаматтық істерді қарайды. Сынақ мерзімі аяқталған соң, оның нәтижелері облыстық соттың жалпы отырысында талқыланады. Оң қорытынды алған жағдайда, кәсіби деңгейіне қарай Сот жюриінің біліктілік комиссиясы баға береді.
Демек, біліксіз, тәжірибесі жоқ, тура шешім шығара алмайтын адам судьялыққа келе алмайды. Өйткені, сапалы сот төрелігін жүзеге асыру – осынау ауыр еңбекті таңдаған адамның кәсіби деңгейіне және адами қасиеттеріне тікелей байланысты болып отыр. Әр даудың артында адам тағдыры тұрады. Оны ешуақытта естен шығармаған жөн.
Елбасы тапсырмасына сәйкес Жоғарғы Соттың жалпы отырысында Сот жюриінің жаңа құрамы бекітілген. Бұл құрылым қазіргі таңда жұмыс істеп жүрген судьялардың кәсіби қызметіне баға береді. Сонымен қатар, судьяның орнынан түсу құқығын растау, оны тоқтату мәселелерін және оларға қатысты тәртіптік істерді қарайды. Сот жюриінің құрамы біліктілік және тәртіптік комиссиялардан тұрады. Олар жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби қызметіне баға береді. Біліктілік комиссиясы жеті судьядан тұрады, олардың құрамында облыстық соттардың екі судьясы, Жоғарғы Соттың екі судьясы және доғарыста жүрген бұрынғы үш судья болады.
Енді осы біліктілік алқасы әлгі судьялыққа үміткерлер бір жыл тағылымдамадан өткеннен кейін олардан біліктілік емтиханын қабылдайды. Ал судьялық қызметке тағайындалғандар бес жылдан кейін осы біліктілік алқасында тағы да емтихан тапсырады. Сондай-ақ, аудандық соттардың төрағаларына, облыстық соттардың алқалық төрағаларына және облыстық соттардың төрағалары лауазымдарына тағайындалатын адамның да осы біліктілік алқасында емтихан тапсыруы қарастырылып отыр.
Гүлжан Әбдірахманова,
облыстық соттың судьясы