Судьялар спорттың 7 түрінен жарыстың көрігін қыздырды
Кеше Өскеменде Қазақстан Республикасы Судьялар одағы спартакиадасының аймақаралық іріктеу ойындары өтті. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орайластырылған спорттық шараға, біздің облыспен қатар, Қарағанды және Павлодар өңірлерінің командалары қатысты.
Спорттың жеті түрінен 78 медальды сарапқа салған судьялар спартакиадасы биыл сегізінші мәрте өткізіліп отыр. Волейбол, футбол, шахмат, дойбы, бильярд, үлкен теннис және үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен бақ сынаған командалар «Восток» стадионында бас қосты. Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, облыстық соттың төрағасы Досжан Әміров қатысты.
-Басталғалы тұрған байрақты бәсекенің қатысушыларына тек қана жеңіс тілеймін. 100-ден астам спортшы қатысып, үш облыстың басын қосып отырған VIII судьялар спартакиадасы бүгін кіл мықтыларды анықтайтын болады. Біз, жерлестеріміз үшін жанкүйер боламыз. Бұқаралық спортқа келер болсақ, біздің облыс еліміздегі үлкен спорттық жетістіктерге жетіп отырған алдыңғы қатарлы аймақтардың бірі. Ғұсман Қосанов, Дәулет Тұрлыханов, Борис Александров сияқты майталмандардан бастау алатын спорттық өңірде бүгін тағы бір үлкен шараның тұсауы кесілді. Жарыста тек алдан көріне беріңіздер,-деді Жақсылық Омар өзінің құттықтау сөзінде.
Облыстық соттың төрағасы командаларды құттықтай келе, заңгер қызметінің ең биігіне жеткен адамдар судья болатынын, білікті, білімді заңгердің бойында спортқа деген құлшыныстың қатар жүретінін жеткізді.
Шараның салтанатты ашылуы рәсімі әдеттегі спартакиада немесе олимпиадағыдай өтті. Сап түзеп алаңға шыққан командаларды жанкүйерлер үлкен қошеметпен қарсы алды. Біздің қарсыластар да осал емес, мысалы Қарағанды облысының командасы судьялар спартакиадасының екі дүркін чемпионы атанған. Ал павлодарлықтар футболдан алдарына қара салмаған команда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спортшылар бұл сайысқа қатаң тәртіппен іріктеледі. Командаға кәсіби спортшылардың кіріп кетуі, немесе сот саласында қызмет ететін әдеттегі мамандардың қатысуы сияқты мәселелер мүлдем жоқтың қасы. Судьялар спартакиадасы болған соң жарыста тек қана судьялар бақ сынайды.
Біздің облыстың командасы жарысқа сақадай сай келіпті. Ең алдымен стадионда футбол командалары шеберлік байқасты. Команда мүшесі, Катонқарағай аудандық №2 сотының төрағасы Әли Асқар Мұхамеджанұлының айтуынша, шығыстың футбол командасы жарыс алдында үлкен дайындықтан өткен.
-Әрине, жеңіске талпынамыз. Кәсіби спортшы болмасақ та, салауатты өмір салтын қолдау мұратымыз. Бұрын еркін күреспен айналысқан адаммын. Спартакиададағы жеті спорт түрінің ішінде күрес жоқ, болса, қатысар едім. Одан кейінгі жаныма жақыны – футбол. Бағымызбен, бабымыз қатар келсе, жеңіске жетеміз деген үміттемін,-дейді Әли Асқар Мұхамеджанұлы.
Дарын Нұрсапаров