Қоғам

Судың да сұрауы бар

       Жыл басында облыстың монополиялық субъектілері өздігімен тарифтерін төмендеткенін жазған болатынбыз. Жуықта өңірдің осы санатқа жататын кәсіпорындары бас қосып, жыл бойы атқарған шаруалары туралы есеп берді.

«Өскемен Водоканал» КМК кәсіпорны директорының қаржылық мәселелер бойынша орынбасарының айтуынша, кәсіпорын осы жылдың 1 қаңтарында қала тұрғындары үшін суық су тарифін 64 теңгеге төмендеткен. Ал маусым айында су тағы 104 теңгеге арзандаған. Осылайша, қазіргі күні өскемендіктер өткен жылмен салыстырғанда суық су үшін 168 теңгеге аз төлейді. Бұл тариф 2020 жылдың 31 мамырына дейін сақталмақ.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Қайрат Оразбаевтың айтуынша, өңірде 2017 жылдан  бері ешбір субъект тарифті негізсіз көтермеген. Алайда ауылдар мен аудандарда су мен жарықтың артық шығыны, электр энергиясын заңсыз пайдалану сынды мәселелер шаш етектен. Осы орайда департамент өңірлердегі монополия субъектілерін жергілікті атқарушы органдармен және тәртіп сақшыларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге шақырды.

– Ауылдарда қаншама қараусыз колонкалар бар. Қаншасы істейді, қаншасынан су босқа ағып жатыр. Мұны есепке алып жатқан ешкім жоқ. Кейбір ауылдарда  су осылай-ақ шығындалып жатыр. Жергілікті әкімдік, осы мәселені назарға алу үшін сіздер  де жұмыс істеулеріңіз керек, – деп атап өтті ведомство басшысы.

Сондай-ақ департамент басшысы орталықтандырылған жылуға қосылған жеке секторлардың басым бөлігі үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қосымша батареялар мен насостар, сметада жоқ өзге де құрылғыларды қосып жататындығын атап өтіп, бұл да жоспарсыз шығындарға әкеліп соғатынын алға тартты.

Өз кезегінде «Өскемен-Водоканал» кәсіпорны судың артық шығынын анықтайтын құрылғымен жабдықталғандарын айтады. Соның нәтижесінде судың артық шығынын 50 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілген. Алайда ауылдарда бұл мәселе шешімін таппай отыр.

Сондай-ақ жиын барысында «Табиғи монополиялар туралы» жаңа Заңның негізгі міндеттері түсіндірілді. Жаңа Заңда,  біріншіден, табиғи монополиялар саласындағы заңнаманы жүйелендіру қарастырылған. Екіншіден, табиғи монополиялар субъектілері реттеліп көрсетілетін қызметтердің тиімділігін, сапасы мен сенімділігін арттыру мақсатында олардың қызметін реттеудің жаңа ынталандыру әдісін енгізу ескерілген. Сонымен қатар табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру және тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейту қамтылған.

– «Табиғи монополиялар туралы» Заңның бұрынғы редакциясы 1998 жылы қабылданған болатын. Жиырма жылдың ішінде Заңға 15 заңмен 200-ден астам түзету енгізілді. Осыған байланысты Заң жүйелілігін жоғалтты және сілтемелер саны өте көп, сондай-ақ қабылдауға ауыр. Бұдан басқа, бүгінгі күні табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу, тарифтерді қалыптастыру және бекіту рәсімдері заңға тәуелді 79 актіде бекітілген. Заң жобасында сілтеу нормаларын азайту және барлық заңға тәуелді актілерді екі базалық құжатқа біріктіру көзделеді, – дейді департамент басшысы.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button