Субсидиялау көлемі артты
Азамат Темірбеков
Шығыс Қазақстанда автокөлік қатынасын субсидиялау көлемі 40 пайызға артты. Бұл туралы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айжан Рахимбаева хабарлады.
Оның айтуынша, өңірде жыл сайын облыстық бюджеттен тарифтердің халыққа қолжетімді деңгейін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік маңызы бар қатынастарды қаржыландыруға қаражат бөлінетін көрінеді. Мәселен, биыл өңірдің автобус қатынастарына 1662,1 миллион теңге бөлініп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға артқан.
– Аймақта 76 қалалық, 32 облысішілік, 39 ауданішілік бағыттардан тұратын әлеуметтік маңызы бар бағыттардың тізбесі бекітілді, – дейді ол. – Ағымдағы жылы олардың жұмыс істеуіне 1 662,1 миллион теңге бөлінсе, оның 1 604 миллион теңгесі қалалық, ал 58,1 миллион теңгесі аудандық деңгейдегі бағыттарға бөлінді.
Бұдан бөлек, биыл теміржол қатынастарын субсидиялау үшін 612,3 миллион теңге бөлінсе, келесі жылы 430,2 миллион теңге бөлу жоспарланған екен.
Әлеуметтік маңызы бар теміржол қатынастарының тізбесіне «Өскемен-1 – Алтай», «Өскемен-1 – Риддер», «Өскемен-1 – Жалаңашкөл – Достық», «Семей – Жалаңашкөл – Достық» бағыттары енгізілді. Оған қоса, үстіміздегі жылы әуе қатынасы үшін 284 миллион теңге бөлініп, барлығы сегіз айда әуе көлігімен 5,7 мың жолаушы тасымалданған. Келесі жылы бұл салаға 174 миллион теңге бағыттау жоспарлануда.
Басқарма өкілінің айтуынша, Өскемен, Алтай және Зайсан қалаларында аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың тегін жол жүруіне 140,5 миллион теңге бөлінген көрінеді.