Қоғам

Субсидияланған жобалар бойынша көш бастап келеміз

Субсидияланған жобалар бойынша көш бастап келеміз


Кеше аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Онда «Бизнестің жол картасы 2020» кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағдарламасының іске асырылу барысы, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту мәселесі қаралып, бірқатар ақпарат тыңдалды.

Кәсіп жүргізуді одан әрі оңтайландыру керек

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мақсат Мүсәпірбековтің баяндауынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бері 887 жобаға 124,9 миллиард теңгенің субсидиясы бөлінген. Осы жылдың 11 айында ғана 191 жобаға 14,7 миллиард теңгенің субсидиясы қарастырылыпты. Атап өтерлігі, субсидияланған жобалар саны бойынша облыс елімізде алғашқы орында келеді.

Ең көп жобалар Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Зырян, Глубокое аудандарына тиесілі. Субсидияланған жобалар негізінен өнеркәсіп, көлік және қоймалау, толайым және бөлшек сауда, орман, балық шаруашылығы, тамақтандыру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларын қамтып отыр.

Грант бөлінген жобалар саны жөнінен де Шығыс көш бастап тұр. Жалпы, 274 жобаға 8,6 миллиард теңгенің гранттық несиесі берілген. Биылдың өзінде 74 жобаға 1,4 миллиард теңге грант бөлініпті.

Аталмыш бағдарлама тек субсидия, грант бөлумен қатар, қаржылық емес қолдау шараларын көрсетуді де көздейді. Оған заңгерлік кеңес беру, оқытып-үйрету, бизнесті жүргізуге сервистік қолдау көрсету шаралары енеді.

–Жуырда ел Үкіметі осы бағдарламаның жылдық қорытындысын шығарды. Нәтижелер бойынша облысымыз Астана қаласынан кейінгі екінші орынға тұрақтап отыр. Яғни, атқарылып жатқан жұмыстарды әлі де ширата түсу керек деген сөз. 15 қаңтарға дейін бірінші орынбасарым Нұрымбет Сақтағанов пен басқарма басшысы бірлесе отырып, бағдарламаға мұқият талдау жүргізсін. Кәсіпті жүргізуді бұдан әрі жеңілдету үшін тағы қандай қосымша шараларды қабылдауға болатынын анықтап, маған көрсетіңіздер, – деп түйіндеді облыс әкімі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмат Арсламбаев «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге қолдау ретінде инфрақұрылым тарту бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, биыл 19 жобаны іске асыруға қаражат бөлінген. Оның 12-сі – жаңа, қалған 7-сі – өткен жылдардан келе жатқан жобалар.

Атап айтсақ, республикалық қазына қаржысы есебінен Өскемен қаласындағы автозауытқа теміржол тартылып жатыр. Ал Ұлттық қордан төрт жоба қаржыландырылған. Оның бірі – Аягөз ауданы, Мамырсу ауылы маңында салынып жатқан сою цехына су құбырын және электр желісін тарту. Басқарма басшысы бұл жұмыстардың жыл соңына дейін аяқталатынын жеткізді.

Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 76 жоба жасалған

Облыстағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің даму барысы туралы Шығыс Қазақстан өңірлік мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығы төрағасының міндетін атқарушы Надежда Акентьева мәлімет берді.

Өз жұмысын 2010 жылы бастаған аталған орталықтың мақсаты – мемлекет пен бизнес арасындағы өзара тиімді жобаларды іске асыру. Қазіргі кезде облысымызда жалпы сомасы 167,9 миллиард теңге болатын 168 мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы бағдарлама арқасында облыс елдімекендерінде бірқатар балабақша ашылды. Өскемен мен Семейде 300 және 200 төсек-орындық ауруханалар ашу, Бұқтырма су қоймасы, Өскемендегі Ертіс өзені арқылы көпірлер салу жобалары да осы серіктестік аясында қолға алынған.

Әлеуметтік нысандарды сенімді басқаруға беру бойынша 15 жоба іске асырылуда, олардың қатарында Риддер қаласындағы 11 балабақша, Семейдегі бүйрек орталығы, Өскемендегі №4 аурухана, Ұлан ауданы, Таврия ауылындағы хоспис, Семейдегі денешынықтыру-сауықтыру кешені бар.

Жалпы, Шығыс Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 14,7 миллиард теңгенің 76 жобасы бойынша келісімшарт жасалған.Еліміз бойынша бес жобадан артық жасалған 9 өңір ғана бар. Оның ішінде Шығыс Қазақстан 76 жобамен бірінші орында тұр. Бізден кейінгі орындарға Ақтөбе (73 жоба), Қарағанды (21), Қостанай (18) және басқа облыстар жайғасқан.

–Жалпы, саладағы көрсеткіштер жаман емес. Дей тұрғанмен, бірінші орындамыз деп тоқмейілсуге болмайды. Жекеменшік сектормен жұмысты ширата түсу қажет. Осы серіктестікке жекеменшік нысандарын тарту бойынша жүйелі әрі нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді жүктеймін, – деді аймақ басшысы.

Бірінші тамызда барлық 425 кабинет дайын болуы тиіс

ЖиындаКәсіпкерлікті қолдау картасын іске асыру және Индустриялық аумақтарды толтыру жұмыстарының барысы туралы ақпарат тыңдалды.
Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде облыста жалпы сомасы 932,6 миллиард теңге болатын 71 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр, нәтижесінде 16 мыңнан астам жұмыс орны құрылуы тиіс. Осы жылы 6 жоба іске асып, 1,9 мың жұмыс орны ашылған екен.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Мақсат Мүсәпірбековтің мәліметінше, Семейдегі «Өндіріс» аумағында үш жоба іске асырылуда. Олар – «Биовторполимер» ЖШС-нің қатты қалдықтарды өңдеу, «Фаррахов» ЖК көбікті бетон шығару және «Игеру» кәсіпорнының вагондарға арналған тежегіштер жасау өндірістері. Басқарма басшысы тежегіш колодкаларын сертификаттау келер жылдың мамырына жоспарланғанын, өнім өндіру содан кейін басталатынын жеткізді. Бірақ аймақ басшысы өнімді сертификаттау ісін жыл соңына дейін аяқтап, өндірісті тездетіп іске қосуды міндеттеді.

Жиын барысында облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаров мектептердің жаңа құрал-жабдықтар орнатуға деген дайындығы туралы ақпарат берді. Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Менің мектебім» акциясы қолға алынған-ды. Соған сай облыстағы 277 толық комплектілі мектепті жаңа үлгідегі 425 кабинетпен қамту көзделуде. Оған қажетті қаржы өңір кәсіпкерлері көмегімен жиналған болатын. Назарбаев зияткерлік мектебі стандарттары бойынша 37 химия, 38 физика, 78 биология және 272 робот-техника кабинетін жасақтау жоспарда бар. Жүргізілген есептеулер осы жұмыстарға, яғни, кабинеттер мен тиісті жиһаздарды сатып алуға 2 миллиард 816 миллион теңге керек екенін көрсетіп отыр.

Басқарма басшысының айтуынша, алғашқы 80 кабинет келер жылдың наурызында құрал-жабдық орнатуға дайын болады. Кестеге сәйкес, соңғылары маусым айында әзір болмақ. Яғни, 1 шілдеге дейін барлық дайындық іс-шаралары аяқталып бітеді.

–Бұл іске жергілікті аудан-қала әкімдері жауапты болады, ал құрал-жабдықтардың сапасы үшін білім басқармасы жауап бермек. Келер жылдың 1 тамызында барлық 425 кабинет жабдықталып, білім беруге толық дайын болуы тиіс, – деді осы ретте аймақ басшысы.

Сондай-ақ, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, жылыту маусымының барысы, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы және өзге де хаттамалық шешімдердің орындалуы туралы ақпараттар тыңдалды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button