Қоғам

Субсидия қарызы қашан қайтарылады?

Субсидия қарызы қашан қайтарылады?


Өткен жылы шығысқазақстандық шаруаларға 6,2 млрд. теңге субсидия төленбей қалған. Бұл туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев облыс әкімдігінің мәжілісінде айтты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша қомақты өсім көрсеткен үш саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Облыстың жалпы ішкі өнімі 3,5 трлн. теңге болса, соның 506,7 млрд. теңгесін аграрлық сала берген. Бұл көрсеткіш бойынша біздің өңір аймақтар арасында төртінші орында. Салаға тартылған инвестиция көлемі де өскен, 23 млрд. теңге. Өсім көрсеткіші – 34 пайыз.

– Былтыр «ҚазАгро» АҚ арқылы ауыл шаруашылығымен айналысқан адамдарға 17,1 млрд теңге несие берілді. Ал 2017 жылы 9,3 млрд. теңге несие берілген болатын. Қой мен ешкіден басқа түліктің барлығының басы өсті. Субсидия бойынша шаруаларға 6,2 млрд. теңге қарызбыз. Оны биылғы жылдың бюджетінен төлейміз. Қазір осы бойынша министрлікпен қызу жұмыс жүргізіп отырмыз, – деді басқарма басшысы.

Дегенмен жер мен малдан нәпақасын айырған ағайын үшін өткен жылдың әттегенайлары да баршылық екен. Малдың басын арттыру үшін 2018 жылы сырттан 10 мың бас сиыр әкелінуі керек болған. Оның орнына 3,2 мың бас қана жеткізілген. Бесқарағай, Бородулиха, Катонқарағай аудандары бір бас та мал сатып алмаған.
Облыс бойынша 9500 басқа арналған бес бордақылау алаңы салынуы тиіс еді. Оның орнына 6000 бастық үш алаң салынған. Жалпы өңірдегі мал бордақылау алаңдарына бір жылдың ішінде 34800 бас ірі қара қойылу керек болған. Нақты нәтиже 25 мың бас қана. Әйтсе де, бұл көрсеткіш жөнінен біздің облыс 75 пайыздық көрсеткішпен республика бойынша көш бастап тұр. Аягөз, Жарма, Көкпекті, Күршім, Үржар, Шемонайха аудандары мен Семей қаласы сылбырлық танытпағанда, бұл межені 100 пайыз орындауға да болар еді.

Агроөнеркәсіпті дамытудың 2017-2022 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша біздің облыс 1000 тонна сиыр етін экспорттауы тиіс болатын. Оның орнына 272 тонна ет сатылған. Халықаралық эпизотикалық бюроның Шығыс Қазақстан облысын аусылға бейім өңір деп тануы Ресейге ет сатуға кедергі келтірсе керек. Соның кесірінен біздің ет Өзбекстанға экспортталған.

Тауарлы-сүт фермаларын салу жоспары да жүз пайыз орындалмапты. 1250 орындық сегіз ферманың орнына 950 орындық алты нысан ғана бой көтерген. Былтыр бұрынғылардың үстіне 15 сүт қабылдау бекетін қою жоспарланған болатын. Нақты нәтиже – 13 бекет. Катонқарағай және Күршім аудандары мойынға алған міндеттерін орта жолда қалдырып отыр.

-2018 жылы халықтан 113 мың тонна сүт алынған. Осылайша, жоспар 100 пайызға орындалды. Өңірдегі сүт өңдеуші зауыттар шикізатпен 75 пайыз қамтылып отыр. Суармалы жерлерді игеру бойынша проблемалар бар. Күршім, Тарбағатай, Үржар, Көкпекті, Жарма аудандары иесіз жатқан каналдар мен тоғандарды «Қазсушар» мекемесінің балансына өткізу процесін кешіктіріп жатыр, – деді Асқар Жақыпбаев.

Облыс басшысы сала өкілдеріне ветеринарлық қауіпсіздікті нығайтуды тапсырды.

-2015 жылы сүт зауыттарының шикізатпен қамтылуы 29 пайыз ғана болатын. Үш жылдың ішінде 75 пайызға жетіп отыр. Сүт қабылдау жүйесінің орныққанын көрген «Восток-молоко», «Эмиль» сияқты кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтып, керегелерін кеңейтуде. Міне, осындай нақты нәтижелер қажет. Ендігі жерде халықтың қолындағы малдың саны мен тапсырылған сүттің теңгеріміне талдау жасау керек. Яғни, сүт зауыттары басымдықты шаруа қожалықтарға емес, қарапайым тұрғындарға беруі тиіс. Сүт қабылдайтын бекеттер солар үшін қойылып жатыр, – деді Даниал Ахметов.

Осы жиында өткен жылдың бюджеті қаншалықты тиімді игерілгені де талқыланды. Әуелі қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Меруерт Ахметнабиева сөз алды. Оның айтуынша, республика бюджеті мен жергілікті қазынадан бөлінген қаражаттан 1,4 млрд. теңге игерілмей қалған. Басым бөлігін облыстық трансферт құрап отыр. Республикалық бюджеттен игерілмегені 17 млн. теңге ғана.

Қаржы игермеу рейтингінде көштің басын денсаулық сақтау басқармасы ешкімге беретін емес. 697,8 млн. теңге игерілмеген. Одан кейінгі орында энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы. Шағын және орта бизнес нысандарына инфрақұрылым тарту үшін бөлінген 94,2 млн. теңге қазынаға қайтқан. Үштікті мәдениет басқармасы түйіндеп тұр. Игерілмеген сома – 65,4 млн. теңге.

Аудандар мен қалалар арасында қаржы игеруге қырсыз өңірлердің басында Өскемен қаласы тұр. Облыс орталығының әкімдігі 346,9 млн. теңгені жарата алмаған. Одан кейінгі орында Бородулиха мен Жарма аудандары жайғасыпты.

Ал игерілген қаржының қаншалықты өз мақсатына жұмсалғанын зерделеген ішкі аудит қызметі 5,5 млрд. теңгенің заңбұзушылықтармен игерілгенін анықтаған. Бұл туралы ішкі аудит қызметінің басшысы Анна Грищенко өз баяндамасында айтты.

-2018 жылдың 12 айында 36,7 млрд. теңгеге аудит жүргіздік. Соның ішінде 5,5 млрд. теңгенің игерілуінде бұзушылық анықталды. Яғни, 1,3 млрд. теңге тиімсіз пайдаланылса, 4,1 млрд. теңгені игеруде заңбұзушылық орын алған, – деді Анна Грищенко. Осы олқылықтар бойынша 16 материал құзырлы органдарға тапсырылып, бір заңды тұлға мен 12 лауазымды тұлғаға 3,0 млн. теңгеден айыппұл салынған. 54 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылса, денсаулық сақтау саласының бір өкілі жұмыстан қуылған.

Жиын соңында аймақ басшысы жалпы 2018 жылдың облыс үшін табысты болғанын айтып, алдағы жылы қолға алынған жобаларды жемісті жалғастыру керектігін ескертті.

– Игерілмеген қаржы қазынаға қайтқанмен, шешілмеген мәселенің орны үңірейіп тұрады. Сондықтан өткен жылдың кемшіліктері шұғыл жойылуы керек. Мысалы, мәдениет басқармасы археологтарға қажет монографты сатып алу процесін созып жіберді. Сәуір айына дейін бұл мәселе шешімін тапсын. Өйткені, мамыр айында Елеке сазында археологиялық қазба жұмыстарын бастап кетуіміз керек, – деді облыс басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button