Қоғам

Субсидия алып, жылына 30 тоннадан астам қымыз өндіріп отыр

Отбасылық кәсіп

Субсидия алып, жылына 30 тоннадан астам қымыз өндіріп отыр

1997 жылы кеңшарлар таратылып, жекешелендіру басталған уақытта Қасымовтар отбасы «Қызыл қайың» учаскесіндегі мал қорасын сатып алып, 280 гектар жердің құжаттарын жөндеп, «Қайнар» атты шаруашылық құрған болатын. 90- шы жылдардағы небір қиыншылықтардың барлығын бастан кешкен ерлі-зайыпты Қайнар мен Балдырған 2003 жылдан бастап бие байлап, қымыз өңдірумен айналысуда.

Субсидия алып, жылына 30 тоннадан астам қымыз өндіріп отыр

Міне, содан бері 11 жыл өте шығыпты. Қайнар Тұрсынқанұлы қымыз өндірумен қатар, қыс мезгіліне жеткілікті 2 мың центнердей мал азығын да дайындап үлгерген. Қайнардың айтуынша, биыл шөп дайындау науқанында «Казагроқаржы» АҚ-ы арқылы алған барлық құралдары бар МТЗ-82 маркалы трактордың пайдасы көп болған. Ауылдан алыс жерде орналасқанымен, шаруашылықтағы жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Үйде электр жарығы, телефон байланысы – бәрі бар. Тіпті, жұмыстан кейін «ОТАУ ТВ» арқылы еліміздегі барлық телебағдарламаларды да көре алады. Ал ең бастысы, шағын шаруашылықтағы механизатор, қойшы, жылқышы және сауыншылар ай сайын 60-80 мың теңге көлеміндегі жалақыны уақытында алады екен.
– Сауылатын биелерді үйдегі қорада қүтіп, қысы-жазы, яғни, 11 ай бойы, Алтайдың ызғарлы аязы мен жазғы ыстығына қарамастан жыл көлемінде 30-35 тоннадай қымыз өндіреміз. Биелерді 1,5 сағат сайын күніне 8 рет сауамыз. Әрине, жаз айларында 300, ал қыс айларында 100 литрден астам қымыз өндіріп, ауылдарға, аудан орталығына, Астана, Алматы, Өскемен және Семей қалаларына 350 теңгеден саудалауға арнайы ыдыстарға құйып жібереміз,- дейді кезекті сауынға кіріскен Қайнардың келіншегі Балдырған.

Субсидия алып, жылына 30 тоннадан астам қымыз өндіріп отыр

Соңғы жылдары қымыз өңдірушілерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қаржылай көмек те аз емес сияқты. 2012 жылдан бастап өңір басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тікелей қолдауымен өндірілген қымыздың әр литріне облыстық бюджеттен 60 теңгедей субсидия төленуі қымыз өңдірушілерге көрсетіліп отырған нақты қаржылай көмек екенін айтады шаруашылық басшысы Қайнар Тұрсынқанұлы. Жалпы аудандағы қымызшыларға 2013 жылы 52 млн. теңге субсидия бөлінген. «Қасымовтардың отбасы дайындаған қымыз өте дәмді» дейді ауылдастары. Оны дайындаудың өзіндік қыр-сыры да бар. Барлық өңдірістік технологиялық процестерге ерекше көніл аударылады екен. Қымыз Алтайдың қарағайынан жасалған арнайы күбіде пісіледі. Оның ішін апта сайын жуып, кептіріп, сүр еттің майымен, қойдың құйрығымен майлайды. Күбіні баптай білген үйдің қымызы да дәмді болады. Қымыздың бабы пісуі мен сапыруға да байланысты. Жиі-жиі піскен қымыздың дәмі ерекше болады. Ал пісуі жетпеген қымыз іртіктеліп, суы бір бөлек, тұнбасы бір бөлек болып, бұзылып, сапасын жояды.
Жалпы, Катонқарағай ауданында қымыз өндіру дамып келеді. Бүгінгі таңда аудан бойынша 13 округтегі ауылдарда Қасымовтардың отбасы сияқты 32 қымыз өндіруші бар. Олар өздерінің еселі еңбектерімен аудан экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда. Ал олардың алдынғы қатарындағы қарапайым, еңбекқор, қолдары ашық, жомарт Қайнар мен Балдырған отбасылық кәсібін дөңгелетіп, туризмді дамытуға үлестерін қосып жүр.

Тұрсынхан БАЗАРБАЕВ

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button