Суармалы жердің де сұрауы бар
.
Соңғы жылдары облыстағы суармалы жерлерге 20 млрд. теңгенің суару жүйесі тартылған. Алайда, сол инфрақұрылымның ел игілігіне жұмыс істейтін түрі жоқ. Жыл сайын әр гектары 1,5-2 млн. теңгенің өнімін береді делінген алқаптардың 20 пайызы ғана еңбекқор қолға тиген. Қалғаны игерушінің емес, құр иеленушінің меншігінде тұр. Көкпектіде өткен семинар-кеңесте осы проблеманың себеп-салдары талқыланды.
Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішевтің қатысуымен өткен семинарға суармалы алқап иелері мен жергілікті сала басшылары қатысты. Комитет төрағасы мемлекет қаржысына каналдар тартқызып алып, оны қаңсытып қойған аудан әкімдерін жерден алып, жерге салды. Бірақ сол сөздің көбі далаға кеткендей болды. Жиынның қандай рәуіште өтетінін білді ме, әйтеуір Көкпектіден басқа аудан басшылары бұл жиында төбе көрсетпеді. Енді семинарда айтылған мәселеге тоқталсақ.
Үлесімізде – 300 мың гектар
Ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2020 жылға қарай Шығыс Қазақстанда 92 мың гектар суармалы алқап шаруалардың игілігіне берілуі қажет. Ал келесі кезеңде 200 мың гектардан астам алқапқа қажетті инфрақұрылым тарту көзделген. Комитеттің дерегіне сенсек, Үржар, Тарбағатай, Зайсан, Күршім, Көкпекті, Ұлан және Жарма аудандарында осыншама суармалы жер игерілмей жатыр. Дегенмен, бұл алқаптың барлығына жер жаралғалы кетпен тимеген деуге келмейді. Бағзыны қойып, кешегі кеңестік жүйенің кезінде де Шығыс Қазақстанның қазақ аудандары су қоймалары мен каналдардың шырмауында жататын. 1997 жылдан бастап оның барлығы иесіз қалып, материалдары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Арада 15 жыл өткенде тоналған танаптардың қажеттігі еске түсіп, жермен жексен етілген суару жүйелерін қалпына келтірудің қамы басталды. Игілікті іс қайта жанданғалы да бес жылдан астам уақыт өтіпті. Сол аралықта тек Шығыс Қазақстан облысына ғана республикалық бюджеттен 20 млрд. теңге бөлінген. Бөлінген қаржы игерілгенімен, қайтарымы болмай тұр. «Су келсе болды, қол қусырып отырған ауыл халық түгел жер емуге кіріседі» деген ұраншыл мәліметтердің мәйексіз екені енді белгілі болып жатыр. Су ресурстары комитетінің мәліметі шынымен ойланарлық. 2014 жылдан бері Шығыста 19072 гектар алқапты қамтитын магистральдық канал тартылған. Үржар ауданының Егінсу, Келдімұрат, Құсақ өзендерінен, Тарбағатай ауданының Тебіске, Базар өзендерінен, Зайсан ауданының Жеменей өзенінен қайта канал тарту үшін 5,8 млрд. теңге жұмсалыпты. Осынша қаржының күшімен орнаған инфрақұрылым қайта қаңси бастаған. Нысандар қолданысқа берілгеніне екі жыл болса да, әлі 14780 гектар алқап игерусіз жатыр. Бұл мәліметті аудандарға шаққанда төмендегідей көрініс шығады. Тарбағатай ауданында – 4575 га, Үржар ауданында – 8,5 мың га, Жарма ауданында – 789 га алқап игерілмей жатыр. Ал Зайсан қаласының маңайындағы 1855 гектар алқапқа магистральдық канал тартылғанымен, оның тек 100 гектары ғана ел игілігіне берілген екен.
Шайнап берген ас болмай тұр
«Шайнап бергенді жұта алмай» отырған сала басшылары жұмыстың неге жүрмей жатқанына мардымды себеп таппады. Бірі «елдің жер өңдеуге құлқы жоқ» екенін айтса, бірі «тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын» мәлім етті. Суармалы жерлерді қайта қалпына келтіру жобасының жалпы мазмұнын толық білмейтін аудан өкілдері де бар болып шықты. Магистраль тартылғанымен, одан егіске дейін су жеткізуге көптеген шаруаның қаржылық мүмкіндігі жетпейтіні айтылған болатын.
-Біз бұл мәселенің шешімін 2014 жылы айтқанбыз. Мемлекет суды қоймадан егіске дейін апарып бере алады. Магистраль мен ішкі каналдарды да, алқапаралық арықтарды да төсеп бере аламыз. Тіпті оның жобалық-сметалық құжаттамасын да жасатып береміз. Жергілікті әкімдік сол арық-каналдарды комитеттің балансына өткізіп берсе болды. Осылай деп қақсап келе жатқанымызға 4 жыл болды. Ал сіздер жаңалық ашқандай болып отырсыздар, – деді Ислам Әбішев.
Республиканың көмегі желге ұша жаздағанын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев мойындады.
-Мен бұл істе кемшілікке жол берілгенін жоққа шығармаймын. Бұдан былай мәселе тікелей бақылауымда болады. Міндет пен мақсат айқын. Іс оңалатын болады, – деді басқарма басшысы. Комитеттің дерегіне сенсек, соңғы үш жылда бір ғана Үржар ауданы суармалы алқаптардан түсетін 30 млрд. теңгеден қағылған. Осындай салғырттық салдарынан республика бюджетінен бөлінген 20 млрд. теңге қайтарымын бермей тұр.
-Суармалы жердің 1 гектарынан бір маусымда ең кем дегенде 1 млн. теңге табыс табуға болады. Әйтепесе, 1,5-2 млн теңге еркін айналады. Жоғарыда аталған аудандардың есебінен 4 жылда бөлген 20 млрд. теңгені 1 ғана маусымда артығымен ақтап алуға болар еді. Бірақ жергілікті әкімдерге суармалы жердің ел игілігіне жарауы қажет емес сияқты. Небір маңызды жобалардың аузынан жырып, қаржыны сіздерге бөлдік. Өйткені, аудан әкімдері мен облыс әкімінің сол кездегі орынбасары 55 мың гектар суармалы алқапқа жергілікті шаруалар мұқтаж болып отырғанын жазбаша мәлімдеген болатын. Біз өз тарапымыздан каналдарды қайта қалпына келтіріп, су жеткізіп бердік. Енді сол мұқтаж деген шаруалардың біреуі жоқ. Мемлекет қаржысын бұлай желге ұшыруға жол берілмейді, – деді Ислам Әбішев.
Стратегиялық нысан
Суармалы алқап иелері тартылған инфрақұрылымның пайдаға аспай жатуының бір себебі тау өзендерінің көбі күзге қарай тартыла бастайтынымен түсіндірді. Әсіресе, Тарбағатай мен Қалбатау сілемдерінен бастау алатын өзендерде тамыз айына қарай су азайып қалатын көрінеді. Соның салдарынан су магистральдерге жетпей жатыр. Диқандар осы проблеманы біржола жою үшін каналдардың басына су қоймаларын орнату қажет деген ұсыныс айтты. Комитеттің келешек жоспарында бұл ұсыныстар ескерілетін болды. Бірақ қандай да бір су қоймасы салынбас бұрын, оның ылғалын егістікке тарататаын каналдар «Қазсушар» мемлекеттік мекемесінің меншігіне өтуі тиіс.
Тартылған инфрақұрылым игерусіз жата берсе, сұқ көздердің құртын қоздыруы мүмкін ғой. Тоқсаныншы жылдардағыдай тонауға түспес үшін қалпына келтірілген нысанның барлығына жауапты қызметкерлер алыныпты. Әр каналдың, әр тораптың, әр қойманың амандығына «Қазсушар» мекемесінен айлық алып отырған жергілікті мамандар басымен жауап береді. Комитеттің «кез келген нысан жөнделмес бұрын меншігімізге өту керек» деген талабы осындай қажеттіктен туындап отыр.
Суармалы жерді не өзі игермей, не өзгенің игілігіне бермей отырған иелердің де бар екені айтылды семинарда. Жөнделуі тиіс нысандардың «Қазсушар» меншігіне өтуіне кедергі келтіріп отырған солар. Келешекте ол мәселе де біржақты шешімін табуы мүмкін. Ислам Әбішевтің айтуынша, «Жер» кодексіне осы туралы өзгеріс енгізу ұсынылыпты. Онда аудан әкімдеріне игерілмей жатқан жерлерді өзге мұқтаж жандарға өткізіп беруіне құқық берілмек.
Шығыстағы шенеуніктер шабан тартты екен деп, Су ресурстары комитеті стратегиясын өзгертпейді. Бұл сөзімізге комитеттің алдағы жылдарға арналған жоспары дәлел. 2021 жылға дейін Тарбағатай ауданында Орта Ласты өзенінен су қоймасы мен магистральдық канал, Құсты өзенінен су қоймасы мен торап, Қарғыба өзенінен су қоймасын салу жоспарланған. Ал Үржар ауданында Көктерек өзенінен магистральдық каналы мен торабы бар су қоймасы, Қарабұта өзенінен су қоймасы орын тебеді. Зайсан ауданындағы Кендірлік су қоймасы да 2021 жылы қолданысқа берілуі тиіс. Осылайша кеңес заманында болмаған 6 гидронысан салынып, 43315 гектар суармалы алқап игеруге жарамды болады.
Апаттық жағдайда деп танылған 6 су қоймасы жөнеуден өтпек. Оның үшеуі Үржарда болса, қалған үшеуі Тарбағатай, Күршім, Ұлан аудандарында. Соның арқасында көктем сайын елдің үрейін алатын нысандар жөнделіп қана қоймай, 17,7 мың гектар алқап қайта суармалы телімге айналады.
Суармалы жерге бай жеті ауданның төртеуі – шекаралық аудан. Иесіз жерге жаттың көзі түсетінін ескерсек, Тарбағатай, Зайсан, Үржар және Күршім аудандары үшін суармалы алқаптарды игерту стратегиялық мәні бар шаруа. Соның жергілікті басшылар түсінсе қанеки?
Есімжан Нақтыбайұлы