Суармалы алқаптың көлемі екі есеге артады

2020 жылға дейін облыстағы суармалы алқаптың жалпы көлемі 174 мың гектардан асуы тиіс. Оған қажет 20,159 млрд. теңгені халықаралық қаржы институттарынан тарту көзделген.
Суармалы алқаптарды қайтадан пайдаға жарату жұмыстары біздің өңірде 2014 жылдан бастап қарқын алған болатын. Бір кездері сағатша сақылдап жұмыс істеген суландыру қондырғылары тоналып, қалғаны күн мен желге мүжіліп біткеніне қарамастан, мемлекет бюджетінен қомақты қаржы тартып, қаңсып қалған атыраптарға қан жүгірту оңай болған жоқ, әрине. Биыл осы бағыттағы жұмыстардың мүлде жаңа қарқынмен жанданатын түрі бар. Себебі, Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы»: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында алдағы бес жылдың ішінде республика бойынша суармалы алқаптардың көлемін 40 пайызға ұлғайтып, екі миллион гектарды өндіріс айналымына тарту жүктелген.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, 2014-2016 жылдар аралығында алты сушаруашылық нысаны қайта жарақтаудан өтіп, 19 мың гектар алқап өндіріске беріліпті. Солайша, қолданыстағы суармалы алқаптардың жалпы көлемі 82577 гектарға жетіп отыр. Алайда, бұл көлем Жолдау жүктеген міндетті орындау үшін аздық етеді. Сондықтан 2020 жылға дейін тағы 92 мың гектар алқапты суландыру жүйесімен қамту жоспарланып отыр.
Жолдау аясында қолға алынатын жобалар Тарбағатай, Күршім, Көкпекті, Үржар, Зайсан, Жарма және Ұлан аудандарын қамтиды. Оның ішінде Күршім ауданы бойынша 17,2 мың гектар алқапты, Тарбағатай ауданында 9, 8 мың гектар жерді, Көкпекті ауданында 7,6 мың гектарды, Үржар ауданы бойынша 10,4 мың гектарды, Зайсан ауданында 24,5 мың гектар алқапты, Жарма ауданында 20,8 мың гектарды, Ұлан ауданында 4,65 гектар жерді суару жүйесімен жабдықтау көзделген.
Солардың арасында жеті жобаны екі кезеңге бөле отырып, 2018 жылға дейін аяқтау мүмкіндігі бар. Мысалы, Зайсан ауданындағы Үйдене су бөгетін қайта жарақтау жобасына 2017 жылы 1,44 млрд. теңге, 2018 жылы 672,4 млн. теңге қарастырылған. Жалпы, алдағы төрт жылда осы жеті ауданның аумағындағы ірілі-ұсақты 29 жүйені қалыпқа келтіру жоспарланған. Оның бәріне 20,1 млрд. теңге қажет.
– Суармалы жерлерді игеруге ғана 20 млрд. теңгеден астам қаржы бөлуге бюджеттің жағдайы келмейтіні анық. Сондықтан бұл мақсатқа инвесторлар тартуды көздеп отырмыз. Атап айтқанда, Еуропа қайта құру және даму банкімен немесе Ислам даму банкімен келіссөздер жүргізілуі мүмкін. Жобаның операторы – Су ресурстарын басқару комитеті. Ал оны «Қазсушар» РМК іске асыратын болады, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Ринат Молдаханов.
Бүгінгі таңда суармалы алқаптарды игеру көрсеткіші бойынша аудандардың көшін Үржар бастап тұр. Аталмыш ауданда 22400 гектар суармалы алқап өндірістік айналымға түскен. Үздік үштікті 17694 гектар алқапты суарып отырған Зайсан ауданы мен 10 мың гектардан суармалы жер игеріп отырған Күршім және Тарбағатай аудандары түйіндеп тұр. Жалпы, облыс аумағында 130 дана суару қондырғысы орнатылған. Қолданыстағы 82 мың гектардан асатын суармалы алқаптың 74 мың гектары бораздалап суарылады. Сондай-ақ. 7,84 мың гектар жерге жаңбырлатып суару технологиясы, 686,2 гектарға тамшылатып суару тәсілі пайдаланылады.
Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ