Су жағасындағы жұмбақ оқиға
Талай нәрсені естіп, көп оқиғаға куә болып жүрсек те кейде санамызға сыймайтын, жауабы табылмай қинайтын жәйттермен жүздесіп жататын сәттеріміздің де болатыны рас қой. Басыңнан өткен сол қалыпсыз жағдайды әңгіме қылып айтсаң, біреулер таңырқап тыңдайды, енді біреулер айнала беріп, мырс етіп күледі. Оған реніш білдірудің өзі артық сияқты, өйткені, мұндай жайларды әркім әртүрлі қабылдайды. Оның үстіне мұндай құбылыстар санаулы ғана адамдардың басынан өтеді.
Өң мен түстің арасындағы беймәлім бір жағдайды белгілі аудандағы белгілі кәсіпкерлердің бірі Сейітбек Рахимов та басынан өткеріпті.
– Менің өмірімде тылсым оқиғалар көп болған емес. Әйтсе де, осы бір жағдай әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Мұны көрген түсім шығар деп те ойлағам, бірақ бір емес, екі адам бірдей бір түс көрмейтін шығар. Мен үшін әлі күнге дейін беймәлім бұл оқиғаны өз көзіммен көргенім анық. Бір күні зайыбым Айсара екеуіміз қалаға бармақ болып, таңертеңгі сағат ондар шамасында Күршім өткеліне келдік, – деп еске алады Сейітбек Рахимов. – Жағалауда жан жоқ, су бетінде паром да көрінбейді, тым-тырыс бір тыныштық орнап қалыпты. «Қой, текке отырғанша суға түсіп, салқындап алайық» – деп біраз өрлеп барып, шешіндік те, суға қойып кеттік. Күн ерте ысып, шыжғырып тұр еді, салқын судан жанымыз жай тауып қалды.
Әлден уақытта киініп, таранып алған соң көлігімізге отырып, паром өткеліне жақындай бердік. О, ғажап! Осыдан сәл бұрын ғана иен жатқан жағалау құжынап кетіпті. Паром жағаға тұмсық тіреп тұр. Көлік деген ұзыннан-ұзақ кезекке тізілген. Маңайдың бәрі қаптаған адам.
– Аяқ астынан қайдан пайда болдыңдар? – деп сұрадым мен алдымнан жолыққан бір танысымнан.
– Аяқ астынан дегенің не сөз? – деп таңырқады анау. – Біз паромды тосып, таңертеңгі тоғыздан бері осында тұрмыз.
Мен еріксіз сағатыма көз салдым. Он бірден ауып барады екен, Айсара екеуіміз бірімізге-біріміз қарадық. Сонда екі сағаттан астам уақыт осынша халықты қалай байқамағанбыз? Біз суға, көп болса, жарты сағат қана шомылдық. Осы уақыт аралығында неге бір адамды көрмедік? Деніміз сау, ішімдіктен адамыз, сонда екі сағат бойы біз қайда жүрдік, мұнша халық қалай көзімізге ілінбеді? Әзілдеп тұр дейін десем, алдымдағы кісі салиқалы ересек адам. Таң-тамаша қалпымызда паромнан өтіп, Өскеменді бетке алдық. Содан шаруамызды тәмамдап, үйге жеткенше сол әрі-сәрі қалыптан арыла алмадық. Сол бір тылсым оқиғаға осы уақытқа дейін жауап таба алмай жүргеніміз рас.
Жазып алған – Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.