Қоғам

Су тасу қаупі бар ма?

Су тасу қаупі бар ма?

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша, өңіріміздегі су деңгейі көтерілу қаупі бар аймақтар қатаң бақылауға алынды. Мамандардың болжауынша, күннің күрт жылынуы салдарынан облыстың алты ауданында төтенше жағдайлар туындауы мүмкін. Қазір құзырлы мекемелердің мамандары аудандарда орын алуы ықтимал су тасқынына дайындық шараларын бастап кетті. Бұл туралы облыстық ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Александр Ломыгин мәлім етті.
Синоптиктердің айтуынша, алдағы демалыс күндері Шығыс Қазақстанда күннің температурасы +22 градусқа дейін көтерілуі ықтимал. Осыған байланысты жауапты органдар күшейтілген жұмыс кестесіне көшуде. Жалпы алғанда, аймақта су тасқынының алдын алу жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатқанмен, мамандар кейбір өңірлерге баса назар аударуға кеңес беріп отыр. Атап айтқанда, бүгінде облысымыздың алты бірдей ауданы, оның ішінде 45 елді мекен қатаң бақылауға алынған. Олардың қатарында Бесқарағай, Глубокое, Зырян, Катонқарағай, Көкпекті және Шемонайха аудандары бар.
Александр Ломыгинның айтуынша, облыста төтенше жағдайлардың шұғыл түрде алдын алу мақсатында арнайы штаб құрылып, жұмыс істеуде. ТЖД-нің жеке құрамынан іріктелген 254 құтқарушы маман алты топқа жасақталып, ауылдық елді мекендердің тұрғындарына қажетті көмек көрсетуге сақадай сай отыр. Сәуірдің 10-13-і аралығында штаб топтары мен арнайы құрал-жабдықтар аталған өңірлерге жөнелтілмек.
– Қажет болған жағдайда арнайы топтарымыз кез келген жерден жүре беретін машинаның, сондай-ақ, жүзу және құтқару жабдықтарының көмегіне жүгінетін болады. Сондықтан жабдықталу жағынан бізге алаңдауға еш негіз жоқ. Енді өңірдегі су қоймалары мен өзендердің жағдайын ұдайы бақылауда ұстап отыру ғана қалды, – деді Александр Ломыгин.
«Қазгидромет» мекемесі облыстық филиалы гидрология бөлімінің басшысы Владимир Ушаковтың айтуынша, сәуір айында облыста жылдағыдай, қалыпты ауа райы сақталмақ. Тек айдың соңғы онкүндігі мен мамырдың алғашқы аптасында температураның күрт көтерілуі салдарынан облыс өзен-көлдеріндегі судың деңгейі айтарлықтай жоғарылауы ықтимал. Дегенмен, оның айтуынша, биылғы қардың мөлшері 2010 жылғымен салыстырғанда шамамен үш есеге аз көрінеді. Сондықтан, тасқынға тосқын шаралары ойдағыдай әрі уақтылы жүргізілсе, ауылдық елді мекендерге ешқандай қауіп төнбейді, дейді маман.
Естеріңізге сала кетейік, қазір облыстың су қоймалары мен таулы аймақтарындағы жағдай ғарыштан бақылануда. Осы бақылаулар арқылы жағдай тәулік сайын сарапталып, ақпарат қажетті мекемелерге жөнелтіліп отырады.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button