Қоғам

Су тапшылығынан құтқаратын супер абсорбент

Су тапшылығынан  құтқаратын супер абсорбент


Еліміздің индустриялық -инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру мақсатында құрылған Курчатовтағы «Ядролық технологиялар паркі» технопаркі ядролық технологияларға, нанотехнологияларға инновациялық жаңалықтарды енгізумен айналысып жатыр.Қазір мұнда ЭЛВ-4 электронды өндірістік үдеткіш базасында құрылған радиациялық технологиялар кешені жұмыс істеп тұр. Үдеткіштің бірегей мүмкіндіктері бұл кешенде халық шаруашылығының түрлі салалары: құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, темір жол, мұнай-газ, медицина, туризм, басқа да салаларда заманауи, жақсартылған сипаттағы материалдарды өндіруге жол ашып отыр.Курчатовқа барғанымызда технопарктің ядролық және радиациялық технологиялар бөлімінің басшысы Зейнолла Ершин бізді осы жерде дүниеге келіп жатқан жаңа, тың жобалармен де таныстырды.

Курчатовтағы «Ядролық технологиялар паркі» ұлттық технопаркінде жасалып отырған тың жобаның бірі ауыл шаруашылығына бағытталғанымен ерекшеленіп отыр. Бұл жобамен жасыл өсімдікке, егінге құрғақшылық тіпті де қорқынышты емес. Теңдесі жоқ деп танылып отырған ғажайып ұнтақ –супер абсорбент. Ұнтақты тек егін шаруашылығында ғана емес, болашақта басқа да көптеген өнімдерді шығаруға пайдалануға болады. Ең бастысы, ұнтақ өнімді ешқандай химиясыз өсіріп, дайындауға жағдай жасайды.

Ядролық технологиялар паркінің ядролық және радиациялық технологиялар бөлімінің басшысы Зейнолла Ершин бізге супер абсорбенттің айрықша қасиетін түсіндіріп, көрсетіп берді.

– Бұл ұнтақтың бір грамы өзіне 300 грамға дейін суды сіңіре алады.Оның ерекшелігі – оған қосымша ешқандай химиялық элементтердің пайдаланылмайтынында, қосылмайтынында. Міне, бас-аяғы бір, бір жарым минуттың ішінде ұнтақ өзіне суды түгелдей сіңіріп алып, гельге айналды. Өскіндерді, талдарды егу кезінде өсімдіктердің түбіріне осы абсорбентті, гельді салса жетіп жатыр. Өсімдік түбіндегі топыраққа араласқан сорбент суды өзіне жұтып алып, құрғақшылық кездерінде оған ылғалды өздігінен бөліп, ылғалдандырып отырады,-дейді бөлім басшысы.

Орталық бұл жобаны 2013 жылдан бастап жетілдіріп, жасаған. Көктемде «Семей орманы» резерватының шырша өскіндерінің түбіне сынақтан өткізу үшін осындай супер абсорбенттер салыныпты.

АСТЫҚТЫ ДА РАДИАЦИЯЛЫҚ ЖОЛМЕН ЗАРАРСЫЗДАНДЫРМАҚ

Бір рет қолданылатын медициналық киім-кешектерді өндіріп жатқан қазақстандық өндіруші «Мерусар және К» ЖШС филиалының өндірісі Курчатовтағы ядролық технологиялар паркінің ішінде орналасқан. Кәсіпорын медицина мен косметология саласы үшін вискозадан және мақтадан жасалған зарарсыздандырылған (стерильденген) және зарарсыздандырылмаған жиынтықтардың көптеген түрлерін шығаруда. Медицинаға қажетті бұл жиынтықтарды зарарсыздандыру технопарктің инновациялық құрал-жабдығы- өнеркәсіптік импульсті желілік үдеткіш ИЛУ-10 қондырғысының көмегімен атқарылып жатыр. Технопаркте ашылған радиациялық зарарсыздандыру корпусы радиациялық тігісті фармацевтикалық құралдарды өндіруге, шығарылған медициналық өнімдерді, ауыл шаруашылығы өнімдерін зарарсыздандыруға мүмкіндік беріп отыр.

-«Мерусар және К» ЖШС Курчатов филиалы осында 2010 жылыашылған. Содан бері зарарсыздандырылған және зарарсыздандырылмаған бір реттік медициналық киімдер, құрал-жабдықтар өндіріп келеміз. Өнімдердің бәрін ядролық технологиялар паркіндеИЛУ -10 электронды үдеткішінде зарарсыздандырамыз. Өнімдерді негізінен мемлекеттік тапсырыс бойынша шығарып жатырмыз. Болашақта өндірісіміз ұлғаймақ, қазір жаңа өндірістік ғимарат салынып жатыр. Қазір 25 адам жұмыс істеп жатса, алдағы уақытта екі есеге дейін көбейіп, бұл өндірістен тағы да біраз курчатовтық жерлестеріміз тұрақты жұмыс орнын табатын болады, -дейді «Мерусар және К» филиалының цех басшысы Рита Алексеева.

Медициналық өнімдерді зарарсыздандыру олар герметикалық орамаға салынған соң барып жасалады екен.Радиациялық зарарсыздандыру үдерісінде жұмыс алаңына зиянды заттар шықпайды. Мамандардың айтқанындай, жоғары энергия электрондарының шоғымен өңделген өнімдерде газды зарарсыздандыру кезіндегідей канцерогенді заттар болмайды, оларды сақтау мерзімі де ұзарады. Бүгінде бүкіл әлем газбен өңдеуден бас тартып,зарарсыздандыруды осындай электронды құралдың көмегімен жасауға көшіп жатыр.Түріктердің, Еуропаның жетекші өндірушілері де зарарсыздандырудың электронды тәсіліне өтуде.

Ядролық технологиялар паркінің мамандары алдағы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа дайындау, дәлірек айтсақ, астық өнімдерін зарарсыздандыру жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр . Шетелге экспортталатын астық орталықтың жабдықтарымен ешқандай химиялық қоспасыз электронды үдеткішпен зарарсыздандырылады. Астықты электронды үдеткішпен стерильдеудің артықшылығы оны бірде-бір химиялық элементсіз өңдеуде жатыр. Жәндіктер астықты жеп, бүлдірмес үшін бидайды электронды зарарсыздандырудан өткізсе, құрт, жәндіктер тірі қалса да, тұқым бере алмай, бірте-бірте бәрі жойылады. Қазіргі күні адамдарда белең алған аллергиялық аурулар азық-түлікті өңдеуде, өндіруде қолданылып жатқан пестицид, гербицидтердің, химиялық қоспалардың салдары екені белгілі. Сол себепті өркениетті елдер астықты, азықты өңдеудің химиялық жолдарынан да бас тартуда. Енді ол озық технологияны біздің елде де жүзеге асыруға, пайдалануға мүмкіндік бар.

ЖЫЛУДЫ ӨЗІ БӨЛЕТІН МАТЕРИАЛ ӨНДІРІП ЖАТЫР

Курчатовтағы ядролық технологиялар паркінің ИЛУ -10 электрондарды үдеткіш қондырғысы бүгінде бүкіл еліміз бойынша осы орталықта ғана бар. Орталық инженерлері, ғалымдары ядролық технологиялар паркінің әлеуетін толық пайдалану мүмкіндіктерін әрі қарай жетілдіріп,қарастырып жатыр.Өткен жылы орталық мамандары МАГАТЭ-нің (атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік)оқу курстарына барып, тәжірибе алмасып қайтқан.

Парктің радиациялық материалдар технологиясы кешенінде жасалып, жүзеге асып жатқан келесі жоба-құрылыс материалдары жобасы. Жұқалау келген, жеп-жеңіл материалды қолымызға ұстағанымызда, алақанымызға бірден жылу сезілді. Бұл материалдың бар қасиеті осы жылуында тұр. Бөлім басшысы Зейнолла Ершиннің айтуынша, бар болғаны өзіңіздің алақаныңыздағы,бойыңыздағы жылуды өзіңізге қарай қайтаратын бұл материалдың қажет емес жері жоқ екен. Оларды отыратын орындықтан бастап, ойыншық жасауға дейін қолдануға болады. Еденге линолеумның астына салуға, төбені жылылап, жабуға, жылылағыш материал ретінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына да пайдалануға болады. Алматыда өткен Азияда ойындарын ұйымдастыру кезінде көрермендер отыратын орындықтардың суық өткізбейтін каремат отырғыштары тапсырыспен осы орталықта жасалыпты. Қысы -жазы әскери дайындыққа шыққанда, әскерилерге қажетті суық өткізбейтін каремат төсеніштер де осы технопаркте жасалып келеді.

Материалдарға қажетті шикізат -жоғары қысымды түйіршіктелген полиэтилен Кореядан алынып отыр.Осында балқытылып шығарылған ол материалдар келесі ғимараттағы ЭЛВ -4 өнеркәсіптік электронды үдеткішіндеөндіріледі. Новосибирскідегі ядролық физика институтында жасалған бұл электронды үдеткіш материалдың физикалық қасиеттерін әлдеқайда арттырып, оны әр салада пайдалануға болатындай етіп шығарады. Ядролық -физикалық өнеркәсіптік құралдары бар «Ядролық технологиялар паркінің» құдіреті, мүмкіндігі де оның осындайтехнологиялық күшінде. Ядролық реакциялар энергиясы осылайша бейбіт мақсатта, өндіріске қолданылып жатыр.

Жанаргүл Мұқатай
Өскемен-Курчатов-Өскемен

Осы айдарда

Back to top button