Қоғам

Су электр стансасы қоймаларының қауіпсіздігін тексермек

 Су электр стансасы қоймаларының қауіпсіздігін тексермек


Облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыстағы су электр стансалары, су-энергетика нысандары каскадтарының гидротехникалық құрылыстары қауіпсіздігін, олардың жарылып кетуге деген тәуекелдігін тексергелі жатыр. Зерттеу, тексеру жұмыстарына 100 млн. теңгедей қаржы қажет.

Осы ақпаратты таратып отырған облыстық экологиялық қауіпсіздік орталығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, СЭС нысандары қоймаларының жарылып, қирап қалуы, су тасып кетуі қаупі туып тұрмағанымен нысандарды тексеретін, зерттейтін кез әлдеқашан келіп жеткен. Семей, Өскемен қалалары Өскемен, Бұқтырма, Шүлбі су қоймаларының жанына жақын орналасқан. Тексеру жұмыстары нысанға жақын қалалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларға төнетін қауіп-қатердің алдын алуға, қираған жағдайда оның салдарын азайта түсуге мүмкіндік бермек. Тексеру қорытындысы бойынша стансалар нысандарына таяу тұрған аймақтарға құрылыс салуға шектеу қойылатын аумақтар анықталмақ, орын алуы мүмкін жағдайлардың нұсқалары жасалмақ, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдарға төтенше жағдайлар туа қалған кезде іс-әрекет етуге ұсыныстар берілмек.

– Қолданыстағы ережелерге сәйкес су қоймаларын салуды жобалау кезінде нысан қирап, су тасып кету жағдайдаларының мүмкіндігі де есепке алынып жобаланады. Алайда, қазіргі уақытта ол жобалардағы есептеулердің бәрі ескірген, сондықтан оларды су қоймаларының ағымдағы тәуекелділіктерін бағалау үшін қолдануға болмайды, сонымен бірге, су басу қаупін бағалаудың жаңа технологиялары шығып отырған бүгінгі күні ескі есептеулермен жасалған жобалар пайдалануға жарамайды,-дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы Алексей Штыкель.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button