Қоғам

Су басу қаупі жоқ

Су басу қаупі жоқ

Семейдегі Ертіс өзенінің Семипалатинка саласындағы бөгеліс салдарынан Восточный кентінің кей учаскелерін су басу қаупі туындады. Осыған байланысты соңғы бірнеше тәулік бойы оқиға орнында, дәлірек айтсақ, Түйемойнақ аралында апаттың алдын алу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта Восточный кентіндегі жағдай аймақ басшылығының жіті бақылауына алынып, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде осыған байланысты арнайы штаб та құрылған. Ал оқиға орнына келетін болсақ, бұл жердің көшелерін дауыс күшейткіш байланыс құралымен жабдықталған екі автокөлік патрульдеп жүр. Бұған қоса, құтқарушылардың екі тобы жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлесіп, әр үй-жайды аралап, тұрғындарға қажетті ақыл-кеңестерін беруде. Оқиға орнында әр екі сағат сайын судың деңгейі де тексеріліп отырады. Соңғы мәліметтерге құлақ ассақ, Семипалатинкадағы судың деңгейі біршама төмендеген (404 сантиметр).
Жоғарыда айтқанымыздай, қазір Восточный кентіндегі апаттың алдын алу іс-шараларын облыстық әкімдіктің өкілдері, Семей қаласының басшылығы және төтенше жағдайлар департаментінің мамандары күні-түні бақылауда ұстауда.
Қазір оқиға орнында Семипалатинка өзенінің жағалауларын бекіту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жағалауларға барлығы 51 жүк көлікке тиелген құм себіліп, биіктігі 1,5-2, ені үш метрді құрайтын дуал тұрғызылған. Апаттың алдын алу жұмыстарына бүгінде он шақты арнайы техника мен Семей қалалық төтенше жағдайлар басқармасының және жергілікті атқарушы билік органдарының мамандары жұмылдырылған. Сондай-ақ, оқиға орнында қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлерінен құралған үш дабыл бекеті де жұмыс істеп тұр.
Соңғы мәліметтерге сенсек, қазір Восточный кентіндегі тұрғын үйлерді су басу қаупі жоқ. Тұрғындардан оқиғаға қатысты ешқандай шағым түспеген.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button