Су басқан үйлердің тұрғындары баспанасыз қалмайды
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жұмыс сапарымен Зырян ауданында болып, биылғы сәуір айында көктемгі тасқын судан зардап шеккен аудан тұрғындарымен кездесіп, қазіргі нақты жағдайды тағы бір мәрте өз көзімен көріп қайтты. Айта кетерлігі, өңір басшысының су басқан аймаққа бұл бірінші сапары емес. Жергілікті тұрғындармен кездесу барысында аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ ауыл тұрғындарының ешбірі назардан тыс қалмайтынын, тасқын судың зардаптары қысқа мерзімнің ішінде толықтай жойылатындығын жеткізді.
Естеріңізге салар болсақ, Зырян ауданындағы тасқын судың зардабын ең көп тартқан елді мекен – Снегирево ауылы. Мұнда барлығы 98 тұрғын үй болса, соның 72-і судың астында қалған. Ал тоғыз баспананың су шатырына дейін жеткен екен. Бұқтырма өзеніндегі судың деңгейі шектік мөлшерден екі метрге дейін көтерілген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай күшті тасқын соңғы отыз екі жылдан бері болмаған. Ауыл сыртындағы бөгетті тасқын су түн ортасында бұзып кетсе де, барлық тиісті қызмет орындарының шұғыл әрекет етуінің нәтижесінде адам шығынына жол берілген жоқ. Алайда, табиғат апаты артына үлкен зардабын қалдырып кетті.
– Біз өз студенттерімізбен Снегиревоға келіп, ауыл тұрғындарына тасқынның зардаптарын жоюға көмектесіп жатырмыз. Жиһаздар, техникалар, ыдыс-аяқ мүлде жарамсыз болып қалған. Қайта қалпына келтіруге жарамайды,-дейді Зырян қаласындағы құрылыс және транспорт колледжінің шебері Александр Абраменков.
Қазір Снегирево ауылы ақырындап құрғап келеді. Бұдан бір ай бұрын ауылдың көшелерінде адамдар қайықпен жүзіп жүрді дегенге сене де алмайсыз.
– Тұрғысын ауылынан көшіп келдік. Баспананы сатып алып, жөндеу жұмыстарын жасағанымыз сол еді,-дейді Космонавтар көшесі, 4 үйде тұратын ауыл тұрғыны, үш баланың анасы Ирина Николаева. – Күні бойы жөндеу жұмыстарын аяқтап бітіп ек, түнде шайды да кетті. Су төбеге жарты метр ғана жетпей қалды. Дүниенің бәрі жарамсыз боп қалды. Көңілге демеу боларлығы, бірден гуманитарлық көмек көрсетілді. Төсек-орын жабдықтары, азық-түлік жеткізілді. Қазір уақытша апайымның үйіндеміз. Енді баспанамызды қайта жөндеуге қаржылай өтемақыдан үміттеніп отырмыз.
Снегирево ауылының көшелерін аралаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ тұрғындармен жекелей әңгімелесу кезінде олардың назарын алаңдауға ешқандай негіз жоқтығына аударды. Таяу күндердің ішінде баспаналарды қалыпқа келтіруге бағытталған қаржы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің есепшотына түседі. Сонан соң зардап шеккендердің есеп-шоттарына аударылады. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, баспаналарды қалыпқа келтірген жөндеу бригадаларымен есеп жасалады. Алайда, бұл арада айта кетерлігі, бөлінген ақшаны тұрғындар өз есепшоттарынан шешіп алып, басқа мақсатқа жұмсай алмайды. Құрылыс жұмыстары толық біткенше броньдаулы болады.
Баспаналарды қалыпқа келтіру қазірдің өзінде қарқын алған. Аудан әкімі Ермак Сәлімовтің айтуынша, бүгінде ауылда бес мердігер ұжыммен бірге 50 студент-ерікті жұмыс істеуде. Құрылыс материалдарын жеткізумен зыряндық кәсіпкер Владимир Дериглазов шұғылдануда.
– Біз он үйді қалпына келтіруге кірісіп кеттік. Қазір үйлердің едендерін қайта құрастыруды қолға алудамыз. Баспаналар толықтай кеуіп біте салысымен-ақ, жөндеу жұмыстарына кірісеміз. Жергілікті билік тарапынан барлық қолдаулар көрсетіліп отыр, құрылыс материалдарынан ешқандай тапшылық жоқ,-дейді жеке кәсіпкер Сұңғат Қауенов.
Облыс басшысы шаңырағына бас сұққан Елена Дрогалеваның үйінде де жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Ол қиын сәтте өзінің отбасының тағдырына бейжай қарамаған, белсенді қолдау білдірген облыс, аудан және ауыл басшылығына ризашылығын білдірді. Оның отбасына кәсіпкерлер су жаңа тоңазытқыш тарту етсе, облыстың барлық аудандарынан жіберілген гуманитарлық көмек те уақытымен иесін тапқан.
Ауыл тұрғындарының бір бөлігінде баспана құрылысына иелік құқық беретін қажетті құжаттар жоқ. Бұл жағдай оларды баспанаға өтемақысыз қалдыруы мүмкін. Сондықтан бұл адамдарға көмек беру үшін қайырымдылық қорының есепшотында қаржы жинақтау жарияланған. Аудан әкімінің айтуынша, мұндай тұрғындарға баспана сату құқығынсыз берілетін болмақ. Сондай-ақ, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар және жұмысшы мамандарға зәру жергілікті шаруа қожалықтарының жетекшілері тұратын басқа да ауылдарға көшіру жағы да қарастырылып отыр.
Ауланы тұрғындар өздері тазалауы тиіс
Жоғарыда айтып өткеніміздей, тасқын судан зардап шеккен 72 үйдің тек 21-і ғана қайта жөндеуге жарамайды. Ол үйлердің иелеріне екінші нарықтан бағасына сай баспаналар таңдалады немесе жаңа үйлер салынатын болады.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ баспаналарды қалпына келтіруге қатысты барлық мәселелерді бір айдың ішінде шешуге нақты тапсырмалар жүктеді.
– Ең бастысы, адамдар үйсіз-күйсіз, назардан тыс қаламын деп алаңдамаулары керек. Менің ойымша, аудандық әкімдік барлық шаруаларды ойдағыдай жақсы жүргізіп жатыр. Барлығы уақытында қолға алынды. Дегенмен, апат айтып келмейтінін ескерсек, бәріне де дайын болғанымыз дұрыс, – деді аймақ басшысы.
Қалпына келтіру жұмыстары Зыряннан бөлек, тасқыннан зардап тартқан Абай, Бесқарағай аудандарында да нақты бақылауға алынған. Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, оның орынбасары Астанадағы тиісті салалық министрлікке барып, су шайған инженерлік құрылыстар – көпір мен бұзылған жол учаскесін қалпына келтіруге қажетті қосымша қаржы бөлгізу мәселесімен айналысуда. Облыс әкімі республикадан қаржы бөлінбеген жағдайдың өзінде де аталмыш нысандар қалыпқа келтірілетінін атады.
Бұдан бөлек Даниал АХМЕТОВ ауылды қорғап тұрған негізгі бөгетті қайтадан қалыпқа келтіруге қажетті қаражатты бөлу мәселесі де шешімін тапқанын жеткізді. Себебі, тасқын кезінде бөгеттің бойында ұзындығы 25 және 50 метрге жететін жарылған орындар, бөгеттің үстінен су асқан учаскелер пайда болған еді. Мердігерлер жағалауды бекіту, биіктету жұмыстарының бір бөлігін қазірдің өзінде аяқтап қалған. Бұл турасында облыс басшысына «Плюс» ЖШС-нің басшысы Сергей Смирнов баяндады. Оның сөзінше, бұл жердегі барлық қауіпті сейілту үшін алда бөгеттің биіктігін 50 сантиметрге дейін көтеру қажет.
Снегирево ауылының тұрғындарымен жүздесу барысында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ алдағы күндері бұл ауылда ауқымды жұмыстар жүргізілетінін, алайда, қалпына келтіру жұмыстарына ауылдықтар да белсене қатысулары керектігін атады.
– Қарап тұрсаңыздар бұл ауылда жөні түзу бір қоршау жоқ. Жақында Бесқарағай ауданының Бірлік деген ауылында болдым. Айырмашылық жер мен көктей. Бірлікте әр тұрғын өз ауласының тазалығына, қоршауының түзулігіне баса мән береді. Аулалары түп-түзу, қоршаулары боялған. Ең бастысы, ауылдық округ әкімі тұрғындардан қоршауын жөндеуді сұрамауы, керісінше талап етуі қажет. Жеке шаруашылықты басқару мәдениеті қажет. Біз ол адамдар үшін келіп, аулаларын тазалап бере алмаймыз. Бұл ауылдың және басқа да елді мекендердің тұрғындарын аулаларын тәртіпке келтіруге шақырамын. Алдағы қыркүйек айында тағы да осы ауылға келемін. Сол кезде менің бұл айтқандарым қалай жүзеге асқанын тексеретін боламын,-деді облыс әкімі.
Қорғаныс бөгеттерін нығайтқан жөн
Даниал АХМЕТОВ Снегирево ауылы сыртындағы Бұқтырма өзенінің алқабындағы бөгетті бекіту жұмыстарының барысын аралап көрді. Аудан әкімі Ермак Сәлімовтің түсіндіруінше, бөгеттің су орған тұстары шұғыл қалпына келтіріліп, барлық ұзындығы бойынша биіктету жұмыстары жүруде.
– Бөгеттерді нығайту шаруасы тек Снегирево ауылында ғана жүргізілмейді,-деді аймақ басшысы. – Ауқымды жағалау бекіту жұмыстарын Зубовкада да жүргіземіз. Быково ауылында үш учаскенің биіктігі көтеріледі. Бұлай ету арқылы қорғаныс құрылыстарының жоғары сенімділігін қамтамасыз етеміз. Бұлармен қатар шұғыл арада Снегирево ауылынан өтетін республикалық автокөлік жолындағы көпірді де, су шайған жол бөлігін де сенімді етіп салып шығу керек. Тағы да қайталап айтамын, аулаларды абаттандыруды, тасқын су шайған аумақтарын тәртіпке келтіруді тұрғындар өздері атқаруы тиіс. Бұл ретте жұмыс көлемі өте ауқымды. Ал шаруаға кіріскен бірде-бір тұрғын байқалмайды. Ауылды жөндеудегі ортақ істе біреудің есебінен күн көруге әсте болмайды.
Сонымен қатар, Даниал АХМЕТОВ аудан әкіміне Чапаев ауылындағы орта мектептің, Зырян қаласындағы хоккей модулінің құрылысы секілді ұзаққа созылып кеткен нысандарды да жіті қадағалауға алуды тапсырды. Мұнымен қатар, журналистерге әлдеқашан «сақалды» құрылысқа айналған Чапаев ауылындағы мектеп құрылысына барып, тағы бір мәрте оқырмандар есіне салып қайтуды тапсырды.
Аталмыш құрылыстың басында болған тілшілер қауымына мұндағы қалыптасқан жағдайды Зырян аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Ерлан Смайылов түсіндірді. Оның айтуынша, 130 орындық мектеп құрылысы 2011 жылдан бері жүргізіліп келеді. Келісімшарт бойынша 2012 жылы аяқталуы тиіс болған. Алайда, бекітілген мердігердің тікелей жауапсыздығының салдарынан құрылыс күні бүгінге дейін сағызша созылып, бітпей келеді. Бюджетте барлық қаржының бес пайызы, яғни 25 млн. теңге ғана қалған. Мердігер мекеме «Халиф Гром» ЖШС басшысы Евгений Гаомен енді сот органдары айналысуда. Сараптама тағайындалған. Сот шешімінен кейін мұндағы шаруа қайта жанданатын болады. Ерлан Смайылов қалдық қаражатқа көп ешкім тендерге түсе бермейтінін, мүмкіндік болса, осы мердігерге жұмысты талап қоя отырып аяқтатса, уақыттан ұтатындарын айтады. Өкінішке қарай, тілшілер нысан басында болғанда, жұмыс істеп жүрген бірде-бір адам болмады, тіпті күзетші де көзге шалынған жоқ. Жергілікті тұрғындар жаңа жылдан бері жағдай осылай екенін айтады.
Ал аудан басшылығының алдына барлық мүмкіндіктерді іске қоса отырып, биылғы жаңа оқу жылына дейін мектеп жоқтықтан уақытша кішкене ғимаратта қысылып отырған ауыл балалары үшін жаңа мектепті іске қосуға тапсырма жүктеліп отыр.
Дәурен Аллабергенұлы