Қоғам

Су басқан үйлер жөнделіп жатыр

Су басқан үйлер жөнделіп жатыр


Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов кезекті рет жұмыс сапарымен Глубокое ауданында болып, су басқан бірқатар елді мекендерді аралады. Атап айтсақ, аймақ басшысы Прогресс, Предгорное ауылдарына және Белоусовка кентіне барып, тасқын салдарын жою бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын бағамдады.

Қазіргі кезде ауданда су қайтып, жағдай тұрақталған. Әзірге Белоусовка кентіндегі эвакуациялық бекеттерде 17 адам ғана қалып отыр, 86 адам туған-туыстарының үйлерін паналауда, өз үйлеріне 626 тұрғын оралыпты.

Бүгінге шекті су басқан барлық 184 үйге техникалық бақылау жүргізіліп біткен. Яғни, арнайы комиссия Белоусовка кентінде 52, Глубокое кентінде 29, Предгорное ауылында 50, Прогресс ауылында 50, Алтай кентінде үш үйді тексеріп шыққан. Зардап шеккен тұрғындардан бүлінген үйлерге бағалау жүргізу бойынша өтініштер қабылдау жалғасып жатыр.

184 үйдің 109-ында тазарту жұмыстарына мектеп, аурухана еңбеккерлері, Өскемен қаласындағы Ұлттық Ұланның, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстары төтенше жағдай департаменттерінің жеке құрамдары, еріктілер атсалысқан. Қалған 75 үйдің иесі көмектен бас тартып, үй-жайларын өз күштерімен тазалап алыпты.

Облыс әкімі жөндеу жүргізіліп жатқан үйлерде болып, олардың иелерімен сөйлесті, мердігер ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстарын көрді. Осы ретте атап өтерлігі, Прогресс ауылында «Элхон», Белоусовка кентінде «ВК ТехноГрупп», ал Предгорное ауылында «ВостокВзрывпром» және «Оптимастройсервис» серіктестіктері қалпына келтіру жұмыстарына кіріскен. Құрылысшылар үйлердің едендерін ауыстырып, қабырғаларын жылу пушкаларымен кептіруде.

Прогресс ауылындағы Луговая көшесінде орналасқан үйлерде жөндеу жұмыстары аяқталып та қалыпты. Облыс әкімі салғырттыққа жол бермей, істі тиянақты жасауды қадап тапсырды. Жұмыстардың сапасын ай соңына таман тағы келіп, өз көзімен тексеретінін ескертті. Осы ауыл тұрғыны Инна Рах аймақ басшысына апат кезінде өздеріне жедел көмек көрсетілгенін, қазіргі кезде жөндеу жұмыстары жылдам әрі сапалы түрде атқарылып жатқанын айтып, ауылдастары атынан ризашылық білдірді.

Су басқан үйлер жөнделіп жатыр

– Аудан бойынша 143 үй жөндеуді қажет етеді. Қазіргі кезде 70 үйде жөндеу жүргізіліп жатыр, қалғандарында енді басталады. Тиісті қаржы бөлінген. Осы сәуір айының аяғына дейін барлық жұмыстар толық бітеді. Мердігерлердің бәрі де – жауапты, тәжірибелі кәсіпорындар. Ал жөндеуге жарамсыз деп танылған он үйдің иелеріне басқа баспана ұсынылады. Атап өтерлік жайт, аудан биыл соңғы елу жылда болмаған тасқынды бастан кешірді. Бұл – табиғи апат, десек те Прогресс, Предгоное ауылдарында арықтарды тазарту, өзен жағалауларын бекіту жұмыстары соңғы он жылда тиісті дәрежеде жүргізілмегені белгілі болып отыр, – деді сапарды түйіндеген облыс әкімі Даниал Ахметов.

Облыс әкімі, сондай-ақ аудандағы Глубочанка, Красноярка өзендерінің жағалауын бекіту, олардың бойындағы бөгеттерді нығайту, жылғалар мен арықтардың сағасын тереңдету сынды жұмыстардың барысын да тексеріп шықты.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button