Қоғам

Су астындағы саятшылық

Су астындағы саятшылық

Жебедей ұшқан оқ су астында қалықтап тұрған сазанның дәл бүйірінен қадалды. Бейқам тұрған балықтың омыртқасы үзіліп кетсе керек, әлсін-әлсін қарсыласқан болды да қимылсыз қалды. Су асты аңшысы – Артем жебесіне ілінген балықты асықпай беліндегі жіпке байлады да жағалауға қарай жүзді. Оның айтуынша, су асты аңшылығынан олжасыз қайтатын күндер сирек.

Балықты түнде аулағанды жөн көреді

Су астындағы саятшылық

Балық аулауды бала кезден ермек етіп жүрген Артем Кржижановский бүгінде су асты аңшылығымен кәсіби түрде айналысады. Күнделікті күйбең тіршіліктен қолы қалт ете қалса достарымен бірге өзен-көлдерді жағалап, су астынан балық аулайды. Ермегіне керекті құрал-жабдықтарын жол таңдамайтын көлігінің жүк салғышына орналастырып қойғандықтан, жолға әзірленіп көп бөгелмейді.
Балықшы жігіттер жақында жолға шығып, түнделетіп Сібе көлінің жағасына жетті. Жігіттердің бірі жағалауға шатыр тігіп, енді бірі шағыл тастың үстіне алаулата от жақты. Оттың үстіндегі бұрқ-сарқ қайнаған шәугімге түйіршік шәйдән салып, артынша қою сүттен құйып жіберді. Ыстық күрең шәйді судан шыққан балықшылар үріп ішіп бойларын жылытады. Ал алкогольді ішімдік қолданып су асты аңшылығына мүлдем шығуға болмайды. Ішкі ережелері солай. Су астында онсыз да қауіп жоқ емес. Мәселен, балық аулауға арналған қарумен өз-өзіңді атып алуың әбден мүмкін. Немесе балықшылар құрып кеткен ауға оратылып қалуың да ғажап емес. Ережені естен шығармайтын Артем көл жағасында су астына түсетін костюмін киіп, қойын-қонышына керек-жарақтарын толтырды. Су астына оңай сүңгуі үшін беліне салмақты қорғасын байлады. Білегіне керек кезде суырып алуға ыңғайлы етіп қындағы пышағын бекітті. Бұл балықшылардың бір ерекшелігі, ауа толы акваланг қолданбайды екен. Өйткені, аквалангпен су асты аңшылығына шығу нағыз браконьерлік деседі.
Сөйтіп, бір қолға қару, бір қолға фонарь алған Артем түнеріп жатқан көлге қойып кетті. Жеті қараңғы түнде түбі көрінбейтін көлдің астына саяхат жасау үшін де түкті жүрек керектей көрінді. Қолындағы шырағы – көліктің шамынан екі есе жарық түскенімен су түбіне жетпей көмескіленіп кетеді. Бірақ таяқ тастам жердегі су асты жануарлары анық көрінеді. Кейбір балықтар жанына жүзіп барған адамды да байқай бермейді. Сондықтан да су асты аңшылығына көбінесе түнде шығады.
Көлдің тереңдеу тұсын шарлап қайтқан Артем көздеген балығы – сазан мен шортанды кездестіре алмады. Тек қалың жынысты өсімдікке қарай топтаса жүзіп бара жатқан Алабұғаларды көзі шалды. Бір сағатқа жуық көл ортасында ойқастап жүрген балықшы енді қамыстың арасына қарай жақындай беріп еді, бұлтың етіп ірілеу бір шортан кесе көлденең алдынан өте шықты. Өте шықты да самауырдай тастың түбіне барып жасырынған болды. Мұны байқаған аңшы қас-қағым сәтте қолындағы қаруын екі-үш метрден кезеп тұрып шүріппені басып қалды. Су түбін тіліп ұшқан жебе шортанның қарнын жарып өтті. Бас жағы қармақ тәріздес оқ бұлқынған балықтың сыпырылып кетуіне жол бермесі анық. Ал жебенің құйрық жағына байланған жіптің келесі ұшы аңшының қолындағы қаруға бекиді. Демек оққа ұшқан сазан-шортандардың сытылып кетуі екі талай. Су асты аңшылығына әбден төселіп алған Артем осындай балықтың тағы үшеуін атып алды. Оққа ұшқан олжалардың салмағы су астында сезілмегенімен жағаға шыққанда белді бірақ қайыстырады. Мөлшермен әрқайсысы он келіге жуық. Кейбір жағдайда 25 келі сазандар да кездесіп қалатын көрінеді.
Жағаға алып шыққан балықты аспаздыққа жақын жігіттердің бірі тазалап, бөлшектеп, қызыл шоқтың үстінде қайнап тұрған суға салып жіберді. Балық пісті-ау дегенде туралған көкөністерден қосты. Даладағы мұндай тамақтың иісі саф ауамен жағаласа шығып мұрынды жаратындай. Таң ағараңдап ата бергенде басқа балықшылар да жағаға шығып қанжығаға байлағандарын ортаға тастай берді. Су асты аңшыларының қуанышты жүздерінен шаршау да байқалады. Сағаттап суда жүзіп жүру оңай шаруа емес. Алайда, су асты әлемін тамашалау өмірдің бір ләззаты.
– Самардан әрі Құлынжон деген ауыл бар. Сол жақтағы бір өзенге көктемде барып сүңгіп көріп керемет көрініске куә болдық. Су түбінде бітік өскен лалагүлдердің үстінен жүзіп өттік, бейнебір ғарышкерлердей бау-бақшаны аспаннан тамашалап жүргендейсің, – дейді Артем жерге жайылған дастарқанға жайғасып жатып.

Ермектің ерекше түрі қанша қаржыны талап етеді?

Су астындағы саятшылық

Балықшылар асықпай көл жағасында жатып қазанда піскен балықтан дәм татысты, су асты әлемінде кездескен қызықты оқиғаларымен бөлісті. Бұл балықшылар балық қана ауламайды, кейбір адамдардың өтініштері бойынша су түбіне түсіп кеткен бағалы бұйымдарды іздеп көмек те көрсетеді. Бірде Артем Бұқтырма демалыс базасында суға сүңгіп жаттығып жүрген кезде, сол жердегі күзетшілердің бірі көлге қымбат телефонын түсіріп алғанын айтқан. Балықшы жігіт ол телефонды үш күн іздеген. Сол уақыт ішінде су түбінен алтын сырға, бір-екі көзілдірік тауып алған. Күзетшінің де өтініші орындалған.
Қызықты әңгімеден кейін су асты аңшылары қайтуға ыңғайланды. Аулаған балықтарын теңдей қылып бөлісті. Ең бастысы тас қаланың тыным тапқызбайтын тіршілігінен сергіп, тынығып алды. Осы деймін, қазекем де неге осылай демалмайды? Уақыттары жоқ па? Әлде балық аулаудың мұндай түріне епсіз бе? Мүмкін қалта таяздығы да шығар. Олай дейтінім, су асты аңшылығына қажетті құрал-жабдықтардың бағасы кем дегенде екі жүз мың теңгеден асып жығылады.

Керек дерек

Су астындағы саятшылық

Су асты аңшылығына ең керекті құрал-жабдықтардың бағасын бағамдап көрдік:
Су асты костюмі – 45 мың теңге
Арнайы шұлық – 5 мың теңге
Қолғап – 5 мың теңге
Ласты – 15 мың теңге
Арбалет қаруы – 25 мың теңге
Пневматикалық қару – 40 мың теңге
Қорғасын белдіктің келісі – 1000 теңге
Белбеу – 5 мың теңге
Маска – 6 мың теңге
Түтікше – 5 мың теңге
Су асты фонарі – 9 мың теңге.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button