Су астында өткен өмір

Жыл сайын жаз шыға салысымен облыстық төтенше жағдайлар департаментінің сүңгуір-кұтқарушылары үшін нағыз кауырт шақ басталады. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тер төгіп жүрген мамандар жұмысына мамыр айы келер-келместе кірісіп кетеді. Бұл шақта өзен-көл жағалаулары мен су қоймаларының түбі, бір сөзбен айтқанда, аптап ыстықтан пана іздеген адам баласы шомылуы мүмкін барлық учаске мұқият тексеріледі. Осындай әсте жеңіл емес міндетті арқалап жүрген мамандардың бірі – Марат Смағұлов.
– Қызметімде есте қаларлықтай оқиғалар көп болды, қайсыбірін айтайын. Бұл салаға сарыауыз балапан болып келдік, көп нәрседен хабарымыз жоқ еді, ал қазір қызметте өзімді судағы балықтай сезінемін, – дейді Марат Смағұловтың өзі. Ол бұл салада 2004 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді екен. Осы жылдар ішінде кейіпкеріміз мыңнан астам сағат уақытын су астында өткізіпті.
– Менің міндетім – жағажайларды патрульдеу, суға батып бара жатқан адамдарды құтқару, су нысандарында, кеме апаттары кезінде авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру, алғашқы көмек көрсету, демалушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру. Қыс айларында да жұмысымыз тоқтап қалмайды. Бұл кезде мұздағы қауіпсіздік мәселелерін жіті бақылауда ұстаймыз. Әрине, жұмысымыздың ең әсерлі бөлігі патрульдеумен байланысты, жазғы маусымда бұл жұмыс уақытымыздың 80 пайызын алады. Жылдағыдай, биыл да көптеген оқиғаның куәсі болдық, – дейді ол.
Өкінішке қарай, бұлардың арасында адам өлімімен аяқталған оқиғалар да аз емес екен. Негізінен, судан ажал құшқандардың басым көпшілігі түбі терең әрі ағысы қатты жерлерде шомылуға бел буғандар екен. Онымен қоса, ішімдік ішіп суға лап қоятын азаматтар да жетіп артылады.
– «Ең қауіпті ай қайсысы?» деген сұраққа өз басым жаз айлары деп жауап берер едім. Дегенмен кей жағдайда өзге мезгілде де жұмысымыз бастан асып жатады. Бәрі ауа райына байланысты. Мысалы, биыл мамыр айында да ауа райы өте ыстық болды. Бір өкініштісі, көп жағдайда адамдар рұқсат етілген жағажайлардан гөрі, оқшау орналасқан шомылуға тыйым салынған жерлерге барып демалғанды жөн көріп жатады. Осылайша, олар өздерінің және жақындарының өмірін қатерге тігеді, – дейді маман.
Оның айтуынша, шомылуға рұқсат етілмеген орындар су асты ағындарымен және тереңдігімен қауіпті. Мұндай учаскелерде су түбінде бөтелкелер мен арматура сияқты түрлі заттар болуы мүмкін. Ең бастысы, бұл жерлерде оқыс жағдайда көмекке келетін құтқарушылар мен дәрігерлер табылмайды.
Кейіпкеріміз сүңгуір костюмінің салмағы асай-мүсейімен қоса есептегенде 50 келіге дейін жететінін айтуда. «Жерде қозғалуға өте ыңғайсыз. Алайда су ішінде бұдан артық дүниені таппайсыз», – дейді ол.
Марат Смағұловтың жадында 2016 жылғы су тасқыны жақсы сақталыпты. Ол кезде айтып келмеген апат салдарынан Алтай қаласындағы «ескі қала» деп аталатын тұтастай бір шағын аудан су астында қалып қойған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ, бірақ бірнеше апта бойы су астына түсіп, қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуға тура келіпті. «Ал жалпы алғанда, мен үшін су астында көзге түскен ең ерекше нәрсе зират болғаны сөзсіз», – дейді тәжірибелі сүңгуір.
– Алғаш рет су астына түскенімді ешқашан ұмытпаймын. Бұл Снегирево ауылындағы іздеу жұмыстары болатын. Суға батып кеткен балықшыны іздедік. Қол созым жер көрінбейтін тұңғиыққа бірінші рет сүңгудің өзі қандай қорқынышты екенін білсеңіздер ғой. Дегенмен, бұған да үйренеді екенсің. Қазір өмірімді онсыз елестете алмаймын, – дейді Марат Смағұлов. – Ал ең есте қаларлық оқиға туралы сөз қозғалса, бірден осыдан шамамен 10 жыл бұрын болған қайғылы жағдай ойыма оралады. Сол бір күнгі апат әлі де көз алдымда. Суға батып кеткен төрт баланың денесін алып шығуға тура келді. Оқиға Қаракөл ауылының маңындағы шығанақта болды. Су жағасына балалармен бірге бір ересек адам да барған. Қайтар жолда олар мінген көлік сынып, ересек адам автомобильді жөндеп жатқанда, балалар жақын маңдағы суға қарай жүгіріп, жағалауда тұрған қайыққа мініп кеткен. Арғы жағын өздеріңіздер де түсінген боларсыздар. Баладан айырылу оңай емес қой, ешкімнің басына салмасын.
– Бала демекші, қарап отырсам, қызметтік мансабымда ондаған жасөспірімді ажалдан арашалап қалыппын. Негізі, мұндай оқиғалар жыл сайын болып тұрады. Көп жағдайда балалар матрацтарға жатып, немесе катамаранға мініп, ересектердің рұқсатынсыз жағадан ұзап кетеді. Осындай жағдайлардың жолын бірден кесуге тырысамыз. Бұл ретте, су қоймаларына балаларын жалғыз қоя беретін ата-аналардың салғырттығына қайран қалатынымды да жасыра алмаймын. Өзімнің бала-шағама келер болсақ, отбасым менің жұмысыма әбден үйренген, өмірім мен денсаулығым үшін алаңдаса да сыр білдірмейді. Шүкір, екі балам бар, немерем өсіп келеді. Соларды ойлаған соң, өз қауіпсіздігіңе де мұқият қарайды екенсің, – дейді М.Смағұлов.
Ол су астында сүңгуірлер бір-бірімен белгілі бір белгілер жүйесінің көмегімен сөйлесетінін да айтады.
– Бұл жұмыста өз қабілетіңе сенімді болмасаң, істің бәрі бекер. Сондай-ақ әріптесіңізге жүз пайыз сенуіңіз керек. Себебі, су астында сіздің өміріңіз оның, ал оның өмірі сіздің қолыңызда болады, – дейді 1-класты құтқарушы-сүңгуір Марат Смағұлов.