Су асты әлемін зерттеушілер

Сіз әлемдегі өзен-көлдерде қанша балық түрлері бар екенін білесіз бе? Ал қай балықтың қай кезде уылдырық шашатыны туралы ше? Олар болса қай балыққа қандай температура қолайлы екендігімен қатар, су асты әлемінің қыр-сырына қанық. Олар кімдер десеңіздер – ихтеологтар. Қарап отырсақ, оның өзі мамандық қана емес, үлкен бір ғылым екен.
Бірнеше саланы дамытады
Көбіміз ихтеологтарды балық шаруашылығын дамытатын мамандар деп білеміз. Алайда, ихтеолог маман Сымбат Әнуарбеков оның біз ойлағаннан да күрделі дүние екендігін айтады.
– Балық шаруашылығын дамыту – ихтеологияның бір ғана бағыты. Жалпы алғанда, ихтеология бірнеше саланы дамытатын мамандық. Оны мамандық қана емес, биология ғылымының бір тармағы десек те болады. Біздің негізгі міндетіміз – балықтарды, олардың табиғи және жасанды су қоймасындағы тіршілігін зерттеу. Егер әлемді айтпағанда, өзіміздің су қоймаларында мыңдаған балық түрлері бар екендігін ескерсек, ихтеологтардың жұмысын жеңіл деу қиын. Осының бәрін зерттеу үшін, су қоймаларында жұмыс істейміз. Балық аулау мен балық шаруашылығының әдістемесін жасайтын да ихтеологтар,-дейді Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Алтай бөлімшесінің директоры, ихтеолог Сымбат Мұхаметбекұлы.
Мәселен, өткен жылы Ертіс өзенінде балықтардың қырылу фактісі орын алды. Жұрттың көбі балықтың қырылуына кәсіпорынның зиянды қалдықтары себеп болды деген болжамдар да айтты. Ихтеологтар командасы Ертіс өзенінде ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қырылудың нақты себебін анықтады.
– Көктемде өзен-көлдердің деңгейі көтерілетінін барлығымыз білеміз. Су тасығанда оның астында қалған жағажайдағы шөптер мен балдырлар шіри бастайды. Мұның өзі су астындағы тіршілікке әсерін тигізеді. Өсімдіктер шіріген кезде көп мөлшерде күкіртті сутек бөлініп, судағы оттегінің мөлшері азаяды. Оттегі жетіспеуінен балықтар қырыла бастайды. Өткен жылы Ертісте балықтардың қырылуына осындай фактілер себеп болды. Су астындағы өмірдің де өз тәртібі бар,-дейді ихтеолог маман.
Мамандық ең алдымен сұранысқа ие болуы керек десек, ихтеологтар теориялық биологияда таптырмайтын маман болса, қарыштап дамып келе жатқан қазіргі жаһанның бірнеше саласын дамытуға да олар ауадай қажет. Үлкен су қоймаларының құрылысы мен су электр станцияларының құрылысы кезінде де ихтеологтардың зерттеулері ескеріледі. Сондай-ақ, шаруашылығында су ресурстарын пайдаланатын кәсіпорындардың жұмыстарын реттейтін де осы мамандық иелері. Онымен қоса, ихтеологтар балық аулайтын ірі компанияның жұмысын бақылайды, аквапарктермен және өзге де қорықтар, қорғалған табиғи аймақтарда жұмыс істейді.

Әлем балықшылары Тайынтыға ағылар еді
. Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл ихтеолог мамандығын қажет ететін салалардың біразы ғана. Байқап отырғанымыздай, ихтеология өзінің қызметі арқылы бірнеше саланы дамытады Тіпті, оның анықтамасында солай жазылған. Сымбат Әнуарбеков пен оның қол астындағы ихтеологтар зерттеу нәтижелері негізінде Марқакөл мен Канадада ғана бар майтабан балығы арқылы облыстың туризм саласын дамытуға ден қойған.
– Марқакөлде әлемдегі бірегей балықтардың бірі – майтабан мекен етеді. Марқакөл қорық болғандықтан ол жерде балық аулауға тыйым салынған. Әлемнің әуесқой балық аулаушыларын майтабан қатты қызықтырады. Осыдан екі жыл бұрын біз кешенді зерттеулер жүргізіп, майтабан балығын өңірдің өзге суларында да көбейтуге болатындығын анықтадық. Тайынты су қоймасының температурасы, фаунасы майтабанның жерсініп кетуіне лайықты. Сол жерде майтабанның шабақтарын жіберіп, оларды аулау мақсатында көбейтсек еліміздің ғана емес, әлемнің әуесқой балықшылары Тайынтыға қарай ағылар еді,-дейді ол.
Бұл жоба әзірленіп, арнайы комиссиның қарауына да жіберілген екен. Өңірімізде майтабаннан басқа таймень, сібір бекіресі сынды сирек кездесетін балықтар бар. Оларды көбейтудің экономикалық тиімділігі зор. Оның барлық шығындары мен тәукелдік факторларын есептеп шығару үшін ихтеолог сонымен қатар, есеп-қисапқа да жүйрік болу керек дейді кейіпкеріміз.
– Сондай балықтардың тағы бірі – форель. Біздің дүкен сөрелеріміздегі негізінен Польшадан әкелінетін форель балығы . Бағасы қымбат. «Grand Fish» компаниясы оны өз суларымызда өсірсек деген ұсыныспен шықты. Біздің ихтеологтар форель балығының ерекшеліктерін ескере отырып, облыстың суларын зерттейді. Нәтижесінде Ертіс өзені қолайлы болады деп шештік. Сондай-ақ, шабақты өсіруден гөрі, уылдырық шашсақ та жеткілікті. Әрі шабақ сатып алғаннан шығыны аз. Осылайша, фирма Польшадан уылыдырық сатып алды. Одан пайда болған шабақтарды тауарлы балыққа дейін өсірудің басы –қасында да ихтеолог мамандар жүрді,-дейді Сымбат Әнуарбеков.
Бүгінде сол форель облыс орталығының сауда нүктелерінде шетелдікінен әлдеқайда төмен бағамен сатылуда. Кейіпкеріміз маман ретінде ол балықтың адам ағзасына пайдасы зор екендігін атап өтті. Форельді аптасына бір рет тұтынғанның өзінде ағзадағы холестериннің мөлшері төмендеп, қан тамырларының қызметі жақсарады, есте сақтау қабілетіне де аса пайдалы көрінеді.
Табиғатты сүйетін, балық аулаумен әуестенетін кез келген адам ихтеолог бола алады десек қателеседі екенбіз. Кейіпкеріміз ихтеологияны мамандық қана емес, ғылым екендігін қайталаудан жалыққан емес.
– Биология немесе зоология факультетін тәмамдаған кез келген маман ихтология ғылымына бет бұруына болады. Бірақ мен бұл салаға осы істі шынымен қалайтын мамандар келсе деймін. Бұл мамандық ғылыммен байланысты болғандықтан ол гидрологияны, палеозоологияны, ботаниканы, география мен өзге де ғылымдарды жақсы меңгеруді талап етеді. Сондай-ақ табиғат аясында жұмыс істеуге тура келетіндіктен шыныққан болуы керек, денсаулығында ақаулар болмауы тиіс,-дейді ол.
Елімізде ихтеолог мамандарын С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде даярлайды. Бұл білім ордаларында ихтеология деген арнайы факультет бар. Алайда, зоология, экология және биология факультеттерін тәмамадаған түлектер де ихтеология саласында қызмет ете алады. Ол үшін арнайы біліктілікті жоғарылату курстарын тәмамдау қажет.
– Мен өзім С.Аманжолов атындағы ШҚМТУ биология факультетін тәмамдадым. Студент кезімде осы балық шаруашылығын зерттеу ғылыми-институтына жиі келіп тұратынмын. Осында қызмет еткен ғалым ағаларымыз менің осы салаға деген қызығушылығымды оятты. Оқу бітіргеннен кейін осы мекемеге қызметке орналастым. Лаборанттан бастап, бүгінгі аға ғылыми қызметкер дәрежесінде дейінгі жолды жүріп өттім. Алдымен магистратурада білімімді толықтырдым. Бүгінде Астрахань қаласындағы университеттің аспирантурасында оқып жатырмын. Осы іспен айналысу өзіме ұнайды,-дейді кейіпкеріміз. Су асты әлемінің өз заңдылықтары мен тәртібі бар. Құпия мен жұмбаққа толы ол әлемде құрылықтағы тіршілік иелеріне ұқсамайтын небір ғажайып ағзалар мекен етеді. Оны – танып білу бақыты осы мамандық иелеріне бұйырған.
Ал шындығында елімізде, тіпті, біздің облыстың өзінде ихтеологтар саусақпен санарлық. Халықтың балық өнімдеріне деген сұранысы артып бара жатқандығын, еліміздің соңғы жылдары балық шаруашылығын дамытуға баса назар аударып отырғандығын ескерсек, бұл мамандық иелеріне деген сұраныс өспесе, кемімесі анық.
Лаура Тілеубайқызы