Қоғам

Студенттер саны көбейіп келеді

Мейрамтай Иманғали

Аймақтық коммуникациялар қызметінде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген «Жоғары білім саласында білім беру қызметтерін көрсетудің сапасы» тақырыбында онлайн баспасөз конференциясын өткізіп, журналистерге
Қазақстандағы жоғары білім сапасын арттыру, аталған оқу орнының 2021-2022 жылдарға межеленген жетістіктері мен жоспарлары туралы баяндап берді.

Университет басшысы Қазақстанда болашақ мамандарды өз елінің шегінде ғана емес, әлемдік қоғамдастықта да табысты, бәсекеге қабілетті етуге бағытталған ұлттық білім беру жүйесін жаңғырту жұмысының белсенді жүргізіліп жатқанын айтады. Бұл жерде жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін кеңейту үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.
Бүгінгі таңда университеттерге білім беру бағдарламалары аясында студенттерді қабылдау және контингент қалыптастыру тәртібін анықтау құқығы беріліп отыр. Соңғы екі жылда бұл өте тамаша нәтиже беріп,  бакалавриаттан докторантураға дейінгі білім берудің барлық деңгейінде талапкерлер контингенті ұлғайып отырған көрінеді. Мәселен, Шығыс Қазақстан университетінде білім алушылар контингенті соңғы үш жылда 60 пайызға артып, яғни екі есе өсіп, қазіргі уақытта 8 мыңнан астам адамға жетіпті.
Облыс әкімінің қолдауымен өңірдегі сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алу үшін берілетін гранттар саны да 50%-ға ұлғайған. Университетте білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұны өзгеріп, оқу нәтижелері мен құзыреттер тізімін иелене отырып, бүгінде ЖОО өзінің білім беру бағдарламаларын әзірлей алатын деңгейге жетіпті. Оқу орнының  ректоры бұл өз кезегінде әртүрлі университеттердің білім беру бағдарламалары арасындағы бәсекелестікті дамытуға ықпал ететінін айтады.

Академиялық артықшылық орталықтарын құру жөніндегі жоба мен «Мықты өңірлік жоғары оқу орындары» жобасы жоғары оқу орындарының халықаралық имиджі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, университеттердің зерттеу және инновациялық экожүйесін қалыптастыруға бағытталып отыр.  Бұл жоба университетке ЖОО ғылымын дамытуда үлкен серпіліс жасап, Шығыс Қазақстан экономикасын дамыту үшін өндіріс және бизнеспен тығыз ықпалдасуға мүмкіндік беретін көрінеді.
Кез келген жоғары оқу орны қызметінің басты нәтижесі – түлектерді жұмысқа орналастыру. Бұл көрсеткіш С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да айтарлықтай жоғары және 98%-ды құрайды. Аманжолов университетінің түлектері аймақтық еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие, – дейді университет ректоры М.Төлеген.

Университетте  «Тарих және Цифрлық гуманитаристика», «Химиялық криминалистикалық сараптама», «Сауықтыру денешынықтыру», «Клиникалық психология», «Ядролық физика және атом энергетикасы», «Орман ресурстары, аңшылықтану және омарташылық», «Дінтану-философия» және басқа да көптеген бірегей білім беру бағдарламалары пайда болыпты.

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап «Білім туралы» Заңның 39-бабының 5-тармағы күшіне еніп, оған сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттарды беру құқығы беріліпті.
Осылайша, 2021 жылы ШҚУ «Аманжолов университеті» логотипін қоса отырып, жаңартылған дизайнмен өзіндік үлгідегі алғашқы дипломдарды беретін болады.
Оқу ордасы  2025 жылға қарай зерттеу университеті болуы тиіс және ол үшін оқу орны ЖОО-лардың 15 академиялық артықшылық орталығын құру жөніндегі республикалық жобаға қатысуды жоспарлап отырған көрінеді.

Жоғары оқу орны ғалымдарының гуманитарлық саладағы, әсіресе машина жасау, материалтану, энергетика, биотехнология салаларындағы жетістіктері  өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Үш жыл ішінде университет оқытушыларының, ғылыми қызметкерлерінің жарияланымдық белсенділігі сияқты ЖОО-ның ғылыми метрикалық көрсеткіштері де өсіпті. 2020 жылы Scopus және Web of science-тегі ғылыми журналдардың деректер базасында жарияланған мақалалар мен патенттердің көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 61,2%-ға артқан.

Жас ғалымдардың қызметін ынталандыру үшін университет жыл сайын «Жылдың үздік оқытушысы», «Жылдың үздік жас ғалымы», «Мамандық бойынша үздік студент», «Жылдың үздік ғылыми үйірмесі» сияқты іс-шараларды, «Жас талап» және «Ғылым граниті» ғылыми жобалар байқауларын өткізіп отырады. Жас оқытушылар үш жыл бойы «Жылдың үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпаздары атаныпты.
Баспасөз конференциясы барысында университет ректоры оқу процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген қашықтан оқыту тақырыбын да қозғады.
– Оқытушылар ең қысқа мерзімде қайта икемделіп, қашықтан оқытудың жаңа әдістемелеріне көшуге мәжбүр болды. Университет пандемия және пандемиядан кейінгі кезеңде білім беру сапасын арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер жасай отырып, осы әлемдік сын-қатерді ойдағыдай жеңіп шықты. Компьютерлік жабдықтарды, серверлерді, порталдарды жаңарту, бейнежазбаларға арналған жаңа цифрлық зертханаларды, студияларды ашу, электронды құжат айналымына көшу – осының барлығы оқу және практикалық сабақтарды сәтті өткізуге мүмкіндік берді.
Жұмыс берушілермен бірлесіп әзірленетін білім беру бағдарламаларына академиялық жазылым, ғылыми зерттеулер әдіснамасы, патенттану, инновациялар және технологиялар трансфері сияқты зерттеу және инновациялық дағдыларды алуға бағытталған пәндер енгізілген. Университеттердің академиялық дербестігі әрбір студенттің сапалы білім алуға деген жеке қызығушылығын ынталандыруға бағытталған, – дейді университет ректоры М.Төлеген.

Айтуынша, университетте ғылымды қаржыландыруды 10 есе ұлғайту және қаржыландыру көрсеткішін 1 млрд. 163 миллион теңгеге дейін жеткізу  үлкен серпіліс жасауға мүмкіндік беріпті. 2017 жылы ғылымды қаржыландыру сомасы бар болғаны 110 млн. теңгені құраған екен.

Баспасөз конференциясында университет ректоры журналистердің сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

Осы айдарда

Back to top button