Студенттер енді пәтер жалдамайды

Ауылдан арман қуып қалаға келген жастар үшін жатақханаға орналасу қияметтің қиыны. Себебі орын болмай қалуы әбден мүмкін. Ал ауылда малмен жан бағып отырған ата-аналарға жалдамалы пәтерді ай сайын төлеу оңайға соқпасы анық. Бұлай деуімізге де себеп бар. Ресми мәліметке сенсек, облыста студенттік жатақханалардың саны аз. Нақтырақ айтсақ, бүгінде 3000 төсек-орынға тапшылық туып отыр. Осы орайда инвесторларға ұсыныс тасталды.
ҚР БҒМ “Қаржы орталығы” акционерлік қоғамы ұсынған бес әлеуметтік жоба аясында құрылыс салушыларға өз есебінен студенттік жатақхананы салу немесе қайта құру міндеттеліп отыр.
- Біз инвесторларға жатақхана салып, оны 8 жылға мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етуді ұсынамыз. Жаңадан салынған жатақхана пайдалануға берілген соң, мемлекет жыл сайын бір орын үшін 122 АЕК (355 мың теңге) бөледі. Алматы үшін бұл сома 144 АЕК. Егер ғимарат жөндеуден өтсе, бір орын үшін – 47 АЕК (137 мың теңге), жыл сайын АЕК индексациясымен. Механизм толық пысықталды. Тапсырыс беруші – ҚР БҒМ, оператор – біздің қаржы орталығы, – деді “Қаржы орталығы” АҚ өкілі Ақжол Құрмансейіт.
Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, инвесторларға “Даму” қоры арқылы банктік қарызды субсидиялау, дайын ЖСҚ ұсыну, студенттерден жатақхана үшін төлемақы (орташа есеппен 10 мың теңге) және коммерциялық алаңдардан түсетін табыс беріледі.
Аталмыш жоба, Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында іске асырылған. Айта кетейік, “Қаржы орталығы” АҚ инвесторларға студенттік жатақханаларды ғана емес, нормативтік қаржыландыру аясында жеке мектептер мен мектеп-интернаттарды салуды немесе қайта құруды ұсынады. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жеке мектептегі 1 оқушының орны – 96 АЕК (280 мың теңге), қайта жаңартуда – 47 АЕК (137 мың теңге). Сондай-ақ мемлекет мектеп қызметінің операциялық шығындарын төлейді. Ол дегеніміз орта есеппен 470 мың теңге.
Балауса Қожаева