Қоғам

Студенттік өмірдің қызықтарын айтты

Хасен Зәкәрия, Күршім

 №5 Күршім орта мектебінде «Өзін-өзі басқару» және «Жасұлан» ұйымдарының ұйымдастыруымен «Бүгінгі студент  болашақ маман» деген тақырыппен осы мектепті 2022 жылы тәмамдаған, қазіргі кезде жоғары, арнаулы оқу орындарында білім алып жатқан студенттермен кездесу өткізілді. Бұл кездесу сұрақ-жауап түрінде ұйымдастырылған болатын.

Арнайы шақырылған қонақтар студенттік өмірдің қызықтары мен қиындықтары жайлы сыр бөлісіп, өз ойларын ортаға салды. Мектепті биыл бітіргелі отырған жас түлектермен әңгімелесіп, ақыл-кеңестерін айтты, пікірлерін көппен бөлісті.

Әр студентке өзінің игеріп жатқан мамандығына байланысты жағдаяттық сауалдар қойылып, әлдеқандай қиындыққа душар болған жағдайда бұл тығырықтан қалай шығатындықтары жөніндегі жауаптары тыңдалды. Сауал,  жауаптар арасында көңіл көтеретін қызықты ойындар ойналды.

Аталған мектептің сегіз түлегі осы кезде университеттер мен колледждерде оқып, білім нәрімен сусындап жатыр. Олардың қай-қайсысы да осы білім ордасының мақтаншы болып саналады. Мәселен, №5 Күршім орта мектебінің бір түлегі  Еркебұлан Төлегенов қазіргі кезде С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде тарих және география пәнінің мұғалімі болуға талаптанып білім алып жатса,  Жұлдыз Зәкенова психология,  Шұғыла Бәтенова қазақ тілі және әдебиеті,  Шырайлым Тұрсынбекова  теология пәндерін меңгеруде.  Марина Ержан Алматыдағы медициналық колледжде,  Нұрсәуле Дуанова,  Әнел Мұқышева,  Айсұлу Манарбекқызы Өскемен медколледжінде медбике мамандығын игеруге күш салып, өз білімдерін шыңдау үстінде.

Еркебұлан Төлегенов аудан көлеміндегі тарих, физика, алгебра сияқты пәндік олимпиадалардың неше мәрте жүлдегері. Сонымен бірге ол тарих, өлкетану пәндерінен өткізілген аудандық ғылыми жобаға қатысып, жүлделі үшінші орынды жеңіп алған болатын. Мектепті Алтын белгімен бітірген талапты жас бүгінгі таңда ШҚУ-да білім ала жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысып, ұстаздарының ықыласына ие болуда. Еркебұланның «Арыстар CUP-4» дебат турнирінде кубок иегері атанып, университеттің мақтанышына айналып отырғанын да айта кеткен абзал.

 

Осы айдарда

Back to top button