Қоғам

Студенттерге жақсы болды

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да «Zhas star» фитнес орталығы ашылды. Аталмыш орталыққа марқұм, дене шынықтыру және спорт теориясы мен әдістемесі кафедрасының доценті Алексей Труновтың есімі берілді.

Жастарға есігін айқара ашқан орталықта студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Жабдықталған спортзалы, киінетін, жуынатын бөлмелері бар. Фитнес орталықтың ашылу салтанатына университет ректоры мен студенттер, «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров пен Алексей Труновтың қызы Ирина Корнилович қатысты.

– Ең алдымен университет басшылығына алғысымды жеткізгім келеді. Әкем бізге жол сілтейтін темірқазықтай болатын. Ол саналы ғұмырын отбасы мен сүйікті ісіне арнады. Міне, әкемнің өмірден өткеніне 20 жылдан астам уақыт өтсе де, оған бұрынғыдай құрмет танытуда. Бүгінгі шара әкемнің қандай адам болғанын айғақтап тұрғандай, – деді Ирина Корнилович.

Жастар үшін ашылған фитнес орталық таңертеңгі сағат 07:00-ден түнгі 21:00-ге дейін жұмыс істейді. Ал демалыс күндері орталықтың жұмысы сағат 09:00-де басталып, 19:00-де аяқталады.

– Жастар жылы аясында бүгін міне фитнес орталықты аштық. Біз жастарға үнемі қолайлы жағдай жасай білуіміз қажет. Біздің тараптан мүмкіндік жсалып отыр, енді жастар спортпен шұғылданып толағай жетістіктерге жетсе біз үшін одан артық ештеңенің қажеті жоқ, – деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.

Университет ректорының айтуынша, фитнес орталықты жабдықтау үшін бюджеттен тыс 10,5 миллион теңге қаражат бөлініпті. Тегін абонемент 50 студентке берілген. Алдағы уақытта белсенді жастар үшін ақысыз тағы да 50 тегін абонемент бөлінеді.

– Әрине, фитнес орталықтың ашылуы ең алдымен біз үшін өте қуанышты жаңалық. Себебі мен өзім жеңіл атлетикаға қатысамын, енді бос уақытымда осы жерге келіп жаттыға аламын. Осындай мүмкіндік сыйлаған университет ректоры мен облыс басшысына алғысымыз шексіз, – дейді дене шынықтыру мамандығының 2-курс студенті Жаңыл Болатханқызы.

Жалпы келушілер үшін айлық абонементтің құны 3000 теңге көлемінде. Ал бір реттік абонемент 400 теңге тұрады.

Балауса Қожаева

Осы айдарда

Back to top button