БілімТОП

Студенттерге арнап спорт кешенін салды

«Казцинк» компаниясы студенттерге арналған заманауи спорт кешенінің салынуына көмек көрсетті.

Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне қарасты жатақханалардың бірінің алдында студенттерге арналған ерекше спорттық кешеннің салтанатты ашылуы өтті.

Ашық аспан астында салынған кешенде салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған бес нысан орналасқан. Атап айтсақ, мұнда стритболға, шағын футболға, үлкен тенниске және жағажай волейболына арналған алаңдар мен воркаут алаңқайы бар. Спорт кешенінің салтанатты ашылуы облыс әкімдігінің өкілдері мен елімізге белгілі спортшылардың қатысуымен өткізілді. Іс-шара қонақтары жаңадан салынған спорт кешенінің сапалы әрі барлық стандарттарға сай салынғанын атап өтті.

Спорт алаңының салынуына өңіріміздегі ірі металлургиялық кешендердің бірі саналатын «Казцинк» компаниясы қолдау көрсетіп, металлургтер жобаның іске асуына 53 млн. теңге мөлшерінде қаражат бағыттады.

– Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті бізге дос әрі маңызды әріптес болып келеді, – дейді «Казцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев. – Университетпен бірге біз өзіміздің компаниямызға жұмыстың жөнін білетін мамандар даярлаумен айналысамыз. Сонымен қатар жоғары оқу орнының өкілдерімен маңызы ерекше ғылыми және білім беретін жобаларды іске асырып жатырмыз. Біз өз тарапымыздан студенттердің түрлі бастамаларына қызығушылық танытып, қолдап отырамыз. Жаңадан салынған кешен білім алып жатқан жастардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, студенттер белсенді түрде демалатын орынға айналады деп сенемін.

Cпорттық кешеннің салтанатты ашылу рәсіміне еліміздің Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, облыстық мәслихат хатшысы Денис Рыпаков, Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина және Рио Олимпиадасының жеңімпазы Ольга Рыпакова, волейболшы Сана Анарқұлова, ауыр атлет Денис Ұланов сынды елімізге белгілі спортшылар, жоғары оқу орнының студент жастары қатысты.

– «Дені саудың – жаны сау» демекші, бүгінгі күні еліміздің әр аймағында жас ұрпақтың денсаулығына, салауатты өмір салтын ұстануына бағытталған түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Бүгін де Шығыс Қазақстанның орталығында осындай игі шаралардың бірі жүзеге асып, демеушілердің көмегінің арқасында керемет спорттық кешен бой көтерген екен. Жалпы, еліміздегі бұқаралық спорттың дамуын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің Жолдауларында үнемі айтып келеді. Бүгінде осы бағытта көптеген шаралар жүзеге асырылуда, – деп атап өтті Қуаныш Ерғалиев.

Бүгінгі күні өңірдегі халықтың 40 пайызының спортпен шұғалданатынын алға тартқан ол, мұның өте жақсы көрсеткіш екенін атап өтті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Денис Рыпаков демеушілерге алғысын білдіріп, осындай ірі компаниялардың қолдауы арқасында Шығыс Қазақстанда соңғы жылдары спорт нысандары санының көбейіп келе жатқанын айтты.

– Университетіміздің аумағында ашылып жатқан спорт кешені жастарымызға жаңа серпін береді деп сенеміз. Қолдау білдіріп жатқан облыс, қала әкімшілігіне және біздің басты стратегиялық әріптесіміз «Казцинк» компаниясына айтар алғысымыз шексіз. Кәсіпорынның болашақ мамандарының денсаулығына көп көңіл бөлетінін осыдан-ақ көреміз, – деді Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина.

Іс-шара барысында студенттердің спорт алаңын бірден қолдануына бар жағдай жасалып, келген қонақтар жастарға доптар мен теннис ракеткаларын сыйға тартты.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button