Қоғам

Студенттерді уақытша тіркеп жатыр

Ержан Әбіш

Қазақстан заңгерлер одағының жанынан 27 қыркүйек күні құрылған «Әділ сайлау үшін» штабы өз жұмысын Өскеменде де бастап кетті.

– Біз алдағы сайлау науқаны әділ өтсе екен, азаматтар сайлауға қатысты өз құқығын білсе екен дейміз. Сонымен қатар біз еліміздің заңгерлер қауымдастығына үндеу жасадық. Штаб жұмысына қатысамын, халық арасында түсіндіру жұмыстарына үлесімді қосамын деуші заңгерлер болса, есігіміз ашық, – дейді танымал ғалым-заңгер, «Әділ сайлау үшін» штабының мүшесі Ермек Әбдірасұлов.

Штабтың басты мақсаты – сайлау науқаны кезінде ел тұрғындарына заң ережелерін түсіндіру. Атап айтсақ, сайлау заңнамасының қыр-сырын ұғындыру, сайлау процесіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету, қоғамдық ұйымдармен, байқаушылармен, тілшілермен қарым-қатынас орнату.

Бірақ халықты жаппай қамту үшін еріктілер көмегі қажет. Сондықтан Өскемендегі Қазақстан-Американдық еркін университетінің студенттеріне арналған «Сайлау құқығы мен процесінің өзекті мәселелері» семинары өтті.

Алдағы сайлауда байқаушылардың қандай өкілеттігі бар? Үміткерлерге арнайы талаптар қойылған ба? Сайлау заңнамасында не өзгерді? Сайлау талаптары бұзылған жағдайда не істеу керек? Университет студенттері осы сипаттағы сұрақтарына жауап алды. Бұл оқу орны кездейсоқ таңдалған жоқ. Білім ордасының оқытушылары елдегі заңгерлер қауымдастығының бастамасын алғашқылардың бірі ретінде қолдап, «Әділ сайлау үшін» штабының құрамына енген болатын.

Студенттерді толғандырған әр сұраққа штаб мүшелері – Ермек Әбдірасұлов, Серік Беркамалов сынды мықты заңгерлер онлайн режимде ыждаһатпен жауап қайтарып шықты.

– Менің ойымша, біздер, яғни заңгерлер, өз азаматтық ұстанымымызды танытып, халыққа қолға алынған түбегейлі саяси-әлеуметтік реформаларды, сондай-ақ сайлау заңнамасына енген барлық өзгерістерді барынша көбірек түсіндірге міндеттіміз, – дейді ҚАЕУ факультетінің деканы, штаб мүшесі Галина Мензюк.

Сарапшылардың пікірінше, біздің тұрғындар сайлау учаскесіндегі өз құқықтарын білуі, барлық кандидаттар туралы ақпаратқа ие болуы және байқаушылардың қалай жұмыс істейтінін түсінуі керек. Сонда ғана сайлау барынша адал және ашық өтпек. Әлбетте, дауыс беру процесін әр азаматқа қолжетімді ету де маңызды.

– Ауылдардан келген студенттеріміздің біраз бөлігі жатақханаларда тұрады. Біз қазір сол жастардың үйіне бармай, Өскеменде дауыс бере алуы үшін уақытша тіркеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жалпы, біздің студенттер өте белсенді, көбі дауыс беруге қатысуға ниетті, – дейді Қазақстан-Американдық еркін университетінің вице-президенті Жасұлан Бәйкенов.

ҚАЕУ студенттері заңгерлерге еріктілер ретінде көмектесуге әзір екендіктерін жеткізді. Штаб өкілдерімен өткен осындай оқыту семинарларынан кейін олар тұрғындар арасында сайлау құқығы бойынша кеңес беретін болады.

Осы айдарда

Back to top button