Студенттердің жатақханасы жайлы ма?

Әуелде осы жатақханаларда студенттер тұра ма десеңізші?! Семейдегі құрылыс колледжінің бірінші және бесінші қабаттағы 33 бөлмесінде бұл оқу орнына мүлде қатысы жоқ адамдар тұратын болып шықты. Сөйтсек, бұл жатақханаларда айлап емес, жылдап пәтер жалдайтын отбасылар тұрады екен.
Сонда алыс ауылдан білім іздеп келген студент қайда барып баспаналамақ? Осындай заңсыз іс-әрекеттер Семей өңірінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған мониторингтік тобы мен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Семей қаласы бойынша басқармасының өзара бірлескен тексерулері барысында анықталып отыр. Бұл тексеру Қазақстандағы жатақханалардың жағдайын бақылауға арналған акцияға орай қолға алынған.
Семейде жатақхана жетіспейді. Ол рас. Пәтер жалдау тым қымбат. Сондықтан мектеп түлектері жайлы жатақхана, оқуға мүмкіндік беретін жер іздеп, басқа жаққа кетіп жатады. Семейде 33 колледж, төрт ірі университет бар. Онда 30 мың студент оқиды. Жатақханада орын жоқ. Сондықтан да орта арнаулы оқу орындарына қарасты жатақханаларды көздің қарашығындай сақтап қалу аса қажет.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне орай арнайы құрылған мониторингтік топ мүшелері Семейдегі құрылыс және Семей көлік колледжінің жатақханаларын тексеруді жөн көрді. Рейдте біршама қиындықтар туындады.
– Алдын ала ескертілмегендіктен, құрылыс колледжіне кіріп-шығу біршама қиындық туғызды,- дейді мониторингтік топ мүшесі Екатерина Гуляева,-жатақхана меңгерушісі, директордың шаруашылық істері жөніндегі орынбасары, күзетшілер, тағы басқалары мониторингтік топты ішке өткізбеген. Бұл іс жарым сағатқа созылған. Мониторингтік топ ішке әрең өткен. Содан кейін ғана тексеріпті.
-Колледж қызметкерлері, әрине, кімді де болсын ішке өткізбейді, – деп түсіндірді кейінірек құрылыс колледжінің директоры Қайрат Тастекеев мониторнгтік топ пен қалалық кеңестің бірлескен жиналысында, – бұл – терроризмге қарсы іс-әрекеттердің орын алмауы үшін бекітілген тәртіп.
Кімдер тұрып жатыр?
Екатерина Гуляеваның айтуынша, бір жарым сағат тосқан соң, ақыры құрылыс колледжіне кірудің ақыры оңтайлы сәті туған. Сыртта тосып тұрған коғамдық кеңес мүшелеріне директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары шығып, ішке кіргізіпті. Ол кісі алдымен жатақхананың жаңа ғана жөндеуден өткізілген бірінші корпусын көрсетуге тырысыпты. Бұл жерде студенттерге жағдай жасалған. Үш-төрт адамға арналған бөлмелер, шкаф, орындық, тұрмыстық бөлме, әр секцияда туалеттер мен суға түсетін кабиналар… Тоңазытқыштар тәрбиешілер бөлмесінде орналастырылған. Кімдер тұрып жатыр дейсіздер ғой?
-Бұл корпуста жетім балалар үйінен келгендер мен қараусыз қалған балалар тегін тұрады екен. «Серпін» бағдарламасы бойынша алыс ауылдан келіп оқитындар да осында тұрады. Олардың басым көпшілігі Қазақстанның оңтүстік аймағынан келген жастар, сондай-ақ тұрмысы төмен отбасылар да осында тұрып жатыр,-деді Екатерина Гуляева,-бірінші корпусты көріп, қуанып қалған едік, екінші корпусты көргенде, көңіліміз түсіп кетті. Бұл жер «сонау 70-80-ші жылдардың белгісі екендігі анықталып тұр. Ұзын, күңгірт дәліздер, көк түске боялған қабырғалар және 70-80-ші жылдардан бері естелікке қалған әжетханалар. Бір қабатта екі электр плитасы. Бір ғана жуынатын жер. Осы жер кір жууға арналған. Әр қабатта он шақты, жиырма шақты бөлмеден болса, есептей беріңіз. Екі плитаға тамақ пісіру үшін қанша адам кезекке тұратынын.
Студенттік деп аталғанмен, акция аясындағы тексеру барысында мониторингтік және қоғамдық кеңес мүшелері алдынан шуылдаған балалар атып шықты. Тіпті аулада кішкентай сәбилердің жуылған киімдері ілулі тұрғаны да көзге біртүрлі ерсі көрінген. Ал студенттік холлда балдырғандардың қол арбасы «мен мұндалап» тұр. Студент жастардың қарасы да көрінер емес. Онда мына шу-шұрқан болған балалар мен ата-аналары қайдан шықты? Сөйтсе, жатақхананың бесінші қабаты балалы отбасыларға жалға беріліпті.
-Бұл отбасылар жатақханада бір ай емес, ұзақ жылдардан бері тұрып келеді екен,-деді Екатерина Гуяева,-Аягөзден көшіп келген бір отбасының айтуына қарағанда, бұл жерде тұрып жатқанына екі жылдан асқан. Алдымен бірінші қабатта 14 мың 500 теңге айына төлеп тұрған. Екінші баласы туған соң, бесінші қабатқа көтерілген. Онда бөлме үлкендеу, айына 20 мың теңге төлейді. Мұндай отбасылардың саны 30 екен. Олар жалдамалы бөлме ақысын банк арқылы төлейді.

Тамақ пісіру үшін кезекті бір сағат күтеміз
Иә, төртінші қабаттан төмен қарай студенттер тұрады. Әр бөлмеде үш студент. Бүкіл бір қабаттағы тұрғындар екі электр плитасында тамақ пісіреді. Өзін колледж түлегімін деп таныстырған Альмира есімді қыздың айтуынша, студенттер тамақ пісіретін плитаға 1 сағаттан астам кезектен соң әрең қолдары жетеді екен. Десе де, олар мониторингтік топ мүшелеріне арыз-шағым айтпады. Студенттердің №2 жатақханасындағы жағдайдың нашарлығын құрылыс колледжінің директоры Қайрат Тастекеев те тексеруден кейін өткен жиында мойындады. Оның айтуынша, облыстық білім басқармасынан жатақханаларды түбегейлі жөндеуге қаражат бөлгізе алмай отыр.
-Осыдан үш жыл бұрын маған дейін қызмет еткен колледж директоры кезінде жатақхана құрылысына 64 млн. теңге бөлініпті,-деді Қайрат Тастекеев,-олар пайдаға аспағандықтан, бюджетке кері қайтқан. Үш жыл ішінде жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжат ескіріп те кетті. Енді жаңадан смета жасау үшін қаражат керек.
Сонда бұрынғы директор бөлінген қаражатты пайдаланбай, кері өткізіп жіберуіне не себеп болды? Бұл жатақханада 1971 жылдан бастап жөндеу өтпеген? Бұл қалай? Отбасыларды неге шығармайсыздар? Қоғамдық кеңес мүшелерінің бұл сұрақтарына Қайрат Тастекеев былай деп жауап қайырды:
– 2017 жылдың желтоқсан айынан бері директор қызметіне келдім,-деді ол,-біз бірнеше рет бұл отбасыларына шығыңыздар деп ескерттік. Көнбейді. Күштеп шығару мүмкін емес, кішкене балалары бар.
Мониторингтік және қоғамдық кеңес мүшелері келіп тексерген соң, ол отбасылардың өзі қалалық әкімдікке келіп, «бізді қалдырсын, тыныштық берсін!» деп талап қойыпты.
-Әрине, оларды қазір шығарып тастау мүмкін емес,-деді қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова,-барлығының тұрмыстары төмен, барар жерлері жоқ. Олар ипотекамен үй ала алмайды. Бұл адамдарға банктер несие қарыз бермейді. Бірақ проблеманы шешу керек. Бұл мәселені ойластырамыз.
Көлік колледжінің жағдайы қалай?
Мониторингтік және қоғамдық кеңес мүшелері көлік колледжін тексеруге еркін өтті. Комендант Мейрамгүл Изембаева жатақхананы толық таныстырды.
-Жатақхана 290 адамға арналған,-деді ол,-біздің студенттер бір қанатында ғана тұрады. Биыл «Серпін» бойынша 80 бала оңтүстік өңірлерден, 60 студент облыстың әр жерінен келіп тұрады. Қалған бөлмелеріміз қаладағы төрт колледжге жалға беріледі. Басқа оқу орындарының студенттері мұнда айына 7300 теңге, ал осы Көлік колледжінің студенттері айына 4100 теңге төлеп тұрады.
Жатақханадағы жағдай үйдікі сияқты екен. Кең бөлмелерде 3-4 студент тұрады. Бірнеше жыл бұрын түбегейлі жөндеу жүргізілген. Дүние-мүлік, тұрмыстық техника барлығы жаңадан, талапқа сай. Студенттер күн сайын кірлерін жуып, тамақтарын еркін жасай алады. Кешке жақын олар тап-таза төсек орындарда ұйықтауға дағдыланған. Акті залы, кітапхана, демалыс бөлмесі, сабақ қарайтын орындар бар. Тіпті басқа жақтан келгендерге алғашқы бетте осында орналаса тұруы үшін қонақ бөлмелер де жасалыпты.
-Біздегі бір күрделі мәселе ыстық судың жоқтығы болып тұр,-деді Мейрамгүл Изембаева,-барлық душ және жуыну бөлмелерінде су жылытқыштар орнатылған. Сондықтан балалар арнайы кестемен аптасына бір рет қана жуынуға мәжбүр.

Көлік колледжі жатақханасының тәрбиешісі Жәмила Багированың айтуынша, студенттік жатақханаларды жылына бірнеше рет тексереді екен. «Колледжге келіп түскен балалар – әзірше студент деп те атауға келмейтін, 15-16 жас шамасындағылар, сондықтан оларға үйлеріндегідей отбасы жылуын бергіміз келеді. Екінші аналары болуға тырысамыз», – деді ол.
– Екі жатақханадағы жағдай екі түрлі, – деді облыстық жастар және балалар қауымдастығының төрайымы, мониторингтік топ мүшесі Эльзира Жүнісова, – біріне түбегейлі жөндеу жасау, және артық адамдарды шығару керек. Сондықтан да колледждердің өзара тәжірибе алмасуы дұрыс деп есептеймін. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасына Семейдің студенттік жатақханаларын жөндеуге қаржы бөлуін сұрау қажет болып тұр.
-Семейдегі 14 мемлекеттік колледждің тек бесеуі ғана өз жатақханаларын сақтап қалған,-деді облыстық техникалық және кәсіптік білім беру және мамандарды даярлау орталығы мекемелерінің директорлар кеңесінің төрағасы Оралхан Сартаев,-қалаға облыстың барлық аудандарынан, республиканың түкпір-түкпірінен студенттер келеді. «Серпін» бағдарламасы бойынша Шымкент, Қызылорда, Талдықорған, Жамбыл, Алматы жақтардан жастар келеді. Бірақ оларды жатақханамен қамти алмай жатырмыз. Студенттерге жатақханалардан 2551 орын жетіспейді. Олай болса, жаңадан жатақханалар салып, ескілерін қалыпқа келтірейік.
Раушан Нұғманбекова
Семей.