Қоғам

Студенттердің ұсынысын тыңдады

Студенттердің ұсынысын тыңдады


С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген Жастар жылында іске асырылатын жобалар туралы айтып, студенттер ұсыныстарын тыңдады, сұрақтарына жауап берді.

Студенттер университетте «Елімнің өнерқұмар жастары» студенттік театрлардың республикалық фестивалін өткізуді ұсынды. Ұсынысты «Шабыт» студенттер театрының жетекшісі Ертай Хасенов пен «Авангард» театр-студиясының жетекшісі Никита Дерябин айтты.

– Жастар жылында ШҚМУ облыс әкімдігінің қолдауымен Польшаның Свече қаласында орналасқан Лингвистикалық-техникалық университетте Абай ғылыми-білім беру орталығын ашпақ. Өз кезегінде Польша тарабы бізде Коперник орталығын ашады. Сонымен қатар дарынды жастарды қолдау мақсатында оқу орнында Абай және Сәрсен Аманжолов атындағы шәкіртақылар, түрлі аталымдар мен сертификаттар бекітілген, – деп атап көрсетті Мұхтар Төлеген.

Сондай-ақ әлеуметтік қолдау аясында студенттерге кәсіподақ арқылы материалдық көмек көрсетіледі, жастар ақысыз негізде кітапхана қорын, оқу залын, зертханаларды қолданады, үйірмелер мен клубтарға, спорттық секцияларға қатысады, спортзалдарын пайдаланады.

– Биыл Жастар жылы аясында «Student» фитнес-орталығын ашамыз, – деді ректор осы ретте.

«Ұлтты бастар – рухты жастар» жобасы бойынша осы жылы ШҚМУ-да «Co-working» орталығы, жас техниктер мектебі, «Шығыс шынарлары» әдеби орталығы құрылмақ.

Өзге жоспарлар ішінде «Мен кәсіпқоймын» республикалық байқауын, «Ұлттар достастығы – берекелі болашақтың кепілі» әлем халықтары мәдениетінің фестивалін, студенттік көшбасшылар үшін жазғы тілдік мектепті, «Ұлтты бастар – рухты жастар» форумын, ел ЖОО-лары арасында «Парасат» республикалық зияткерлік ойынын ұйымдастыру бар. Мұнымен қоса, студенттер әдеби туындыларының «Ақ қайнар» және «Мөлдір бұлақ» жинақтарын, «Жастар рухани жаңғыру жолында: ШҚМУ-дың үздік студенттері» кітабын шығару жобалары көзделуде.

Студенттер үздік әртіс, ақын, спортшы, музыкант сынды қосымша аталымдар тағайындау, түрлі дайындықтарға ыңғайлы әрі кең зал бөлу, тұрмыстық жағдайларды жақсарту сияқты ұсыныстарын да айтты.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button