Қоғам

Студенттер жемқорлыққа төзбейді

Студенттер жемқорлыққа төзбейді
Елімізде сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағытталған «Парасыз болашаққа. Бірге!» атты кең көлемді акция өтті. Бұл шараға Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің студенттері үн де қосты.
Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің алдына жиналған екі жүзден астам жас алдымен сыбайлас жемқорлық туралы викториналық сұрақтарға жауап беріп, осы тақырыптағы өздерінің білімдерін тексерді. Таңертеңнен оқу ғимаратының алдында кезекшілікте тұрған еріктілер жиналғандарға коррупцияға қарсы іс-әрекет туралы парақшалар мен буклеттер таратты.
– Бүгін Қазақстан көлемінде ұйымдастырылып жатқан осындай шараға атсалысып жатқандарыңыз үшін сіздерге алғыс білдіремін. Айдың аяғына дейін облыс аумағында біз төрт мыңнан астам жасты қамтуды көздеп отырмыз. Бүгінгі таңдағы басты мақсат – қай салада болмасын сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін анықтап, олармен ымырасыз күреске түсу, жемқорлықтың алдын алу болып табылады. Өкінішке қарай, білім беру саласында жемқорлықтың тамырына әлі түбегейлі балта шабылған жоқ. Елбасының өзі «жастар – біздің болашағымыз», деп сіздерге үнемі үлкен үміт артып келеді. Ертең мемлекеттік қызметке, басшылық орындарға сіздер келетін боласыздар. Сіздер жемқорлықпен күресті әркім өзінен бастауы керектігін түсінулеріңіз керек, сонда ғана бұл кеселден арыламыз, – деді жастар алдында сөз сөйлеген облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бастығы Ринат Нәбиев.
ШҚМУ-дың жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Әбілхайыр Темірханұлы жоғары оқу орнында сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде қолға алынғанын айтты.
– Жылына екі рет «Таза сессия» акциясын ұйымдастырамыз, бұл оқытушыларға пара беру сияқты келеңсіз жағдайлардың жолын кесуге, жастарымыздың сессияны өз білімдерімен тапсыруына бағытталған. Сонымен қатар, университетте сенім телефоны жұмыс істейді. Әзірге студенттер тарапынан сыбайлас жемқорлықтың фактісі туралы ақпарат болған жоқ, – дейді белсенді жас.
Бұдан кейін флешмоб ұйымдастырып, «сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ» деген жазуы бар шарларды аспанға ұшырған жастар өздерінің азаматтық ұстанымдарын осылайша білдірді.

Кәмәл Естай

Осы айдарда

Back to top button