Қоғам

Студенттер қан тапсырды

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті ғимаратында дәстүрлі «Мен – донор» акциясы өтті. Жыл сайын бұл шараға қатысушылардың саны артып келеді. Акцияға студенттер, оқытушылар, тіпті профессорлық құрамның өкілдері де қатысты.

–  Осы күні өтеусіз қан тапсыруға 50 шақты адам келді. Олардың біреуі досына ілесіп келсе, екіншісі қанға зәру жандарға көмек қолын созу ниетімен, үшіншісі туыстарынан үлгі алып келген. Қалай десек те, осы жандарға алғысымыз шексіз, –  дейді облыстық қан орталығының өкілдері.

Облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Данияр Базаралыұлы қан тапсыруға келгендерді алдымен дәрігерлер сол жерде тексеріп, қан талдауына қарай донор болуға жарайтын-жарамайтынын анықтағанын айтты.

–  Нәтижесінде   32 адам қан тапсырды, олардан 15 литр қан жиналды. Донорларға екі күндік демалыс пен 1000 теңгеден сыйақы төленді. Жиналған барлық қан балаларды лейкемиямен емдеуге және ересек тұрғындар арасындағы гемофилия, онкологиялық ауруларды емдеуге жұмсалады, –  деді Данияр Базаралыұлы.

Акцияны облыстық ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы, облыстық қан орталығы мен университеттің бірлесе ұйымдастырғанын еске саламыз.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button