Қоғам

Студенттер 81 жастағы қарияға жәрдем көрсетті

Студенттер 81 жастағы қарияға жәрдем көрсетті

«Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында Өскемен қалалық әкімдігіне қарасты Жастар орталығының ұйымдастыруымен бір топ еріктілер жасағы соғыс ардагері, тыл еңбеккері Валентина Козьминаға көмек көрсетті.
Протозанов көшесіндегі 33-үйдің 6-пәтерінде тұратын қарт қазанның 29 күні болған өрттің салдарынан пәтерінің біршама бүлінгенін айтып, мұңын шақты. 81 жастағы жалғызбасты қарияға қол ұшын созған қаламыздың белсенді студенттері, пәтердегі косметикалық жөндеу жұмыстарына білек түре кірісіп кетті.
– Тілсіз жаудан сұрапыл дүние жоқ шығар. Сол күн әлі көз алдымда, шатырдан шыққан лапылдаған жалынның бетін қайтаруға төрт өрт сөндіру көлігі келді. Өрт басылып, бастысы, барлығы аман қалса да, зардабы халыққа тимей қоймады. Тұрғындардың көпшілігінің пәтерлеріне жөндеу жұмыстары қажет болды. Өртті сөндіргеннен кейін келген судан менің бөлмелерім де дымқыл тартып, қабырғадағы түсқағаздар ашылып кетті, өз бетіммен неше мәрте желімдесем де, болар емес. Бұл түсқағаздардың аядай пәтердің ішіне әр беріп тұрғанына сегіз жылдың жүзі болған еді. Олардың қайта жабыспасы да анық. Жастар орталығының маған қолдау білдіріп, өтінішімді аяқасты қалдырмағанына алғысым шексіз. Олар маған түсқағаздар жапсырып, төбені әктеп берді. Бүгінгі ұрпақтың тәрбиелі, еңбекқор, қайырымды болып өскеніне жаным жадырап, бір марқайып қалдым. Үйіме жөндеу жасаған Мария, Ермек, Радиктердің игі істеріне риза болып отырмын, – дейді пәтер иесі Валентина Константиновна.
Бойынан күш-қуаты таймаған кезінде, әже барлық шаруаны өзі атқаратын. Қызы қайтыс болған, немересі Новосібір қаласында оқиды. Қыстың ызғары мен көктайғақта көшеге шығуға жүрегі дауаламайды. Аптасына екі рет барлық керегін, азық-түліктерін жеткізіп, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге қалалық халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін «Үлбі» орталығының еңбеккерлері келіп тұрады.
– Аталмыш шара арқылы ардагерлеріміздің ерен ерлігі мен еңбегіне деген ерекше ілтипатымыз бен ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Осындай акцияларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Шараға Қазақ-Американ еркін университетінің студенттері де қатысып, белсенді түрде бізбен бірге жұмыс істейді, – дейді Жастар орталығының инспекторы Ермек Жарымханов.
Көздерінде мейірім тұнған, қарапайым, сабырлы, сыпайы ҚАЕУ-дың «Психология» мамандығының 1-курс студенті Мария Иванова игі істермен айналысатын еріктілер жасағы туралы оқуға түсер жылы таныстарынан естігенін айтады.
– Мен де өз үлесімді қосқым келді. Сол кезден бастап еріктілер жасағының белсенді мүшесіне айналдым. Осы уақытқа дейін хосписқа барып, жалғызбасты адамдарға көмектесіп келеміз, – дейді волонтер қыз.

Назерке Серікбек

Осы айдарда

Back to top button