Сәттіліктен бұрын, тәртіп жетіспеді

«Торпедо» тағы ұпай жоғалтты. Сырт айдында Төменгі Тагилдің «Спутнигімен» кездескен өскемендік ұжым 1:3 есебімен жеңіліс тауып, алғашқы ондықтан алыстап кетті.
Бұл – команда тізгінін өткен аптада ғана ұстаған жаттықтырушы Мисхат Фахрутдиновтың алғашқы жеңілісі. Осыған дейін жаңа бапкер басшылығымен екі ойын өткізген жерлестеріміз екі жеңіске қол жеткізіп, турнир кестесіндегі жағдайын біршама жақсартып алған болатын.
Дегенмен сол екі матчта «Южный Урал» (Ор) мен «Горняк» (Учалы) командаларының қақпаларына 10 шайба соққан өскемендік хоккейшілер Төменгі Тагилде жеңісті жолын жалғай алмады. Бұл кездесуде айдын иелеріне қарағанда қарсылас қақпасына екі есе артық (28-59) соққы бағыттаған торпедолықтар кем дегенде бес шайба соғуы керек болатын. Алайда оның орнына Максим Аляпкин қорғаған қақпадан бір-ақ рет саңылау тауып, нәтижесінде 1:3 есебімен жеңіліп қалды. «Торпедоның» жалғыз шайбасының авторы шабуылшы Владимир Коротков болды.
Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында команданың бас бапкері Мисхат Фахрутдинов бұл кездесуде шәкірттеріне сәттіліктен бұрын, тәртіп жетіспегенін айтып, «алдағы матчтарда мұндайға жол бермеуге тырысамыз», деді.
Осы сәтсіздігінен кейін қоржынында 38 ұпайы бар «Торпедо» турнир кестесінің 14-ші сатысын орналасты. Бүгін өскемендік команда Челябі қаласында жергілікті «Челметке» қарсы ойын өткізетін болады.
Нұржан Кенжеұлы