БілімЖолдау жол нұсқайдыҚоғамЦифрлық Қазақстан

STEM-орталықта шығармашылық жұмыспен айналысады

Бұрын қыздар еңбек сабағында алжапқыш тігіп, ұлдар ағашпен немесе металмен жұмыс істесе, қазір бұл жеткіліксіз. Бүгінгі оқушыларды робототехника, бағдарламалау, 3D-жобалау қызықтырады. Бала ғылым, технология, инженерия, математика сияқты басты салаларда бір мезгілде дамуы керек, оларды STEM (science, technology, engineering and mathematics) деген сөзбен біріктіріп атайды. STEM – оқытудың біріктірілген тәсілі, оның аясында теория мен практика ұштастырылған.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде мектеп мұғалімдері мен оқушыларына, тіпті мектеп жасына дейінгі кішкентай балаларға STEM-білім беру бойынша жабдықтарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін орталық ашылды.
«Эразмус+» жобасы бойынша жұмыс істейтін бірқатар шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының серіктестік қарым-қатынас идеясы түрлі ғылымдардың тоғысында зерттеу дағдыларын дамытуға, STEM-технологиялар арқылы жобалық оқытуды енгізуге негізделген.
– STEM-орталықта сіздер қызықты зерттеулермен, шығармашылық жұмыспен айналыса аласыздар. Білім беру саласындағы еуропалық ынтымақтастық идеясы бізге университет, мектеп педагогтарынан бастап оқушыларға және кішкене балаларға дейінгі түрлі жастағы адамдардың шығармашылық ізденістерін біріктіру мүмкіндігімен ұнады, бір тарап сабақты қызықты бергісі келсе, басқалары әлемді қызығушылықпен танығысы келеді.
Сондықтан, бүгінде шектеулерге қарамастан, сақтық шараларын орындай отырып, сіздерді STEM-оқудың жаңа мүмкіндіктерін көрсетуге шақырдық.Мұнда жылдам Интернет бар, 12,5 миллион теңгенің жабдықтары серіктестік келісім бойынша жеткізілген. Еуропалық үйлестірушілеріміз белсенді эксперимент жүргізіп, іске асырып, жаңа шешімдер ойлап тауып, жаңа пайдалы модельдер құрасақ, бастамаларымызды одан әрі қолдауға әзір.
Бұл жерде бес ноутбук бар, олардың бірі виртуалды шындықты модельдеуге өте қолайлы. Бізде өз жобаларыңызды конкурстарда көрсетуге арналған планшет те бар. Барлық құрал-жабдыққа, оның ішінде 3D-принтерге, түрлі-түсті принтерге«LabEco Technology» ЖШС кепілдік беріп отыр. Жеткізілім құрамына әлемдік білім беру ресурстарының электронды кітапханаларына жазылым да енеді. Есігіміз әрдайым ашық, ынтымақтастыққа дайынбыз! – деді университет ректоры Мұхтар Төлеген орталықтың ашылуында.
Онлайн режимінде мектеп мұғалімдері өздерінің STEM-жобалар конкурстарының жүлдегер оқушыларымен жүргізген жұмыстарын, «Информатика» мамандығының 1 курс докторанты Қалдыкүл Сарбасова мектеп жасына дейінгі балалармен STEM бағытта жобалар жасау ерекшеліктерін көрсетті.
Сонымен қатар мектеп мұғалімдеріне «Геймификация элементтері бар робототехника бойынша STEM-жоба» біліктілікті арттыру бағдарламасы ұсынылды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button