Қоғам

Үстел теннисінен тұңғыш чемпион атанған жерлесіміз кім?

Үстел теннисінен тұңғыш чемпион атанған жерлесіміз кім?

Қарағандыда өткен ел біріншілігінде өскемендік спортшы Денис Жолудев облыс тарихында тұңғыш рет үстел теннисінен чемпион атанды.
Айта кету керек, жерлесіміз Қазақстан чемпионатында аталған спорттың түрінен бұрындары жүлделі орындарды тұрақты иеленіп жүрген-ді. Алайда осыған дейін бір де бір рет чемпион атанып көрмеген еді. Енді міне көптен күткен басты жүлдеге қол жетіп, Денис Жолудев жанкүйерлерін қуантты.
– Бұл жеңіске мен ұзақ уақыт бойғы жаттығудың, табанды еңбектің арқасында қол жеткізіп отырмын. Осыған дейін маған алтын жүлде алуға үнемі бір қадам ғана жетпей қалатын. Бұл – мен үшін аса маңызды жеңіс. Қолдау білдірген, үлкен үміт артқан туған-туыстарыма, жанкүйерлерімен алғысымды білдіремін, – дейді Қазақстан чемпионы.
Денис Жолудев тағы да бірнеше медальды олжалады. Атап айтсақ, әріптестері Кирилл Сотникпен және Сергей Коноваловпен бірге командалық сайыста күміс медальды қанжығаға байласа, қарағандылық Эрик Райтермен жұптаса өнер көрсетіп, екінші орынды иеленді. Мұның сыртында алматылық Лавровамен бірге микстте қола жүлдегер атанды.
Ал қыздар арасында облыс құрамасының өкілі Дарья Жукова микстте үшінші орынға табан тіреді.
Аталған біріншілікте жақсы нәтиже көрсеткен облыс құрамасын білікті бапкерлер Архипова, Литвинов және Шайхин дайындағанын атап өткен абзал.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button