СТАТИСТЕР ПӘТЕР САТЫП БЕРДІ

Облыстық статистика департаментінің ұжымы жетімдер үйінің түлегі Богдан Садықовқа бір бөлмелі пәтердің кепілдік сертификатын тапсырды.
Жаңа үйден жиһазбен және тұрмыстық техникамен жабдықталған бір бөлмелі пәтерді сатып алу үшін берілген кепілдік сертификаты Богданға салтанатты түрде табыс етілді. Статистика қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы және статистика департаментінің қамқорлығындағы Богдан Садықов арасында тұрғын үй құрылыс жинақ шартына қосымша келісім жасалды. Бұл келісім бойынша Богдан осы кепілдік сертификатымен бір бөлмелі пәтерді өзі қалаған уақытта ала алады. Әзірге ол қаладағы жасөспірімдер үйінде тұрып, колледжде дәнекерлеуші мамандығын оқып жатыр. Одан соң әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтеп қайтуды жоспарлап жүр.
Департамент ұжымы жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау шараларына 2012 жылдан бері атсалысып, өздерінің еңбекақыларын бөліп келеді. Алдыңғы жылы ұжым жетімдер үйінің тағы бір түлегі Ғалия Сүлейменоваға Есенберлин көшесінен бір бөлмелі пәтерді барлық жиҺазымен қоса сатып әперген болатын. Департамент Ғалияға жұмыс та тауып берді. Ол қазір осында жетекші маман болып еңбек етіп жатыр.
Жанаргүл Мұқатай