Стартап, салық және жанар-жағармай
Облыстық кәсіпкерлер палатасының оныншы аймақтық кеңесінің барысында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша субсидиялау, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару мен көктемгі-күзгі егістік науқаны кезінде жанар-жағармайдың тапшылығы мәселесі талқыланды.
Ниет бар, кепілдік жоқ
«Бизнестің жол картасы» бағдарламасы іске қосылғаннан бері облыста 134 млрд. теңгенің 976 жобасы қаржыландырылды. Алайда, кеңес отырысына қатысушылардың айтуынша, олардың басым көпшілігі жаңадан ашылған емес, әрекет етуші бизнестің айналымдағы ақшасын молайтуға жұмсалды. Ал экономикалық жағынан тиімді көптеген жобалар болса кепілдік мүліктің жоқтығынан жүзеге асырылмай қалды. Аймақтық кеңестің мүшелері бүгінгі күні алдағы он жылға арнап жасалып жатқан «Бизнестің жол картасы – 2030» бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасы» жобасында қазіргі бағдарламаның олқылықтарын ескеріп, қаржыландыруды стартап жобаларға бағыттау және айналымдағы қаржыны толтыруға арналған субсидиялар көлемін азайту қажет деп есептейді.
– Біз жас кәсіпкерлерге арналған жеке гранттарды қалдыру жөнінде ұсыныс жасап отырмыз. Бүгінгі күні бизнесті бастауға арналған алғашқы қаржы мәселесінде қиындықтар көп, өйткені бизнесті бастау үшін кепілдік мүлік қажет. Жастардың көбінде жылжымайтын мүлік жоқ екендігі түсінікті. Ал онсыз стартап жобалар қаржыландырылмайды. Сонымен қатар, субсидиялау мерзімін ұзарту мүмкіндігін қарастыру жөнінде ұсыныс жасамақпыз. Қазіргі бағдарламада осы мәселе ескерілмеген, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий.
Сондай-ақ аймақтық кәсіпкерлер палатасы инвестжобалардың инфрақұрылымын дамытуға арналған қаржы қарастыру мәселесін де қозғамақ. Игорь Шацкий инвестициялық жобаларды қолдаған күннің өзінде, инфрақұрылымды тартуға көмек көрсетілмеген жағдайда жобаның алдыға жылжуы қиын екендігін атап өтті.
Игерілмеген жер көп
Жиында қаралған екінші мәселе – Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге, сонымен қатар байқауларды өткізу ережелеріне арналды. Жаңа кодексте жер комиссиясы қандай жағдайда жер учаскесін жалпы тәртіп бойынша, қандай жағдайда аукцион өткізу арқылы бөлетіндігі нақты көрсетілген.
Көпті мазалаған сауал – пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылық мақсаттағы жер учаскесі салығының базалық мөлшерлемесінің өсуі. Өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін жер тапшы. Ал кезінде жеке тұлғалардың қолына өткен көптеген телімдер игерілмей, пайдаланылмай жатыр. Жер учаскелерін сот арқылы қайтару механизмі нәтиже бермеді. Бұл мәселенің тиімді шешімі ретінде облыстық жер қатынастары басқармасы пайдаланылмай жатқан жер иелері өз телімдерінен бас тарту үшін салықты 10 есе өсіруді ұсынып отыр. Алайда, жерді осылайша қайтару үдерісін көпшілік бірауыздан қолдады десек артық айтқандық. Бұл ұсынысты 13 ауданның ауылшаруашылық саласы өкілдерінің сегіз ауданындағылары ғана дұрыс деп тапты. Кеңеске қатысушылардың басым көпшілігі салық мөлшері ауданның орналасу ерекшелігіне қарай балдық жүйе бойынша есептелуі тиіс деген пікірде.
– Қазіргі күні министрлікке Салық кодексіне өзгерулер енгізіп, осы жүйені енгізу жөнінде өтініш дайындап жатырмыз. Мөлшерлемені өсіру керек. Дегенмен, бұл мәселенің барлық факторларды ескеретін механизмі болуы керек, – дейді облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Виктория Барсукова.
Жанар-жағармай тапшылығы қайтсе жойылмақ?
Көктемгі тұқым себу кезінде де, күздегі жиын-терін науқанында да жылда туындайтын бір мәселе осы. Дизельдік отынның бағасы дәл осы кезде шарықтап кететіндігі жасырын емес. Шаруалардың айтуынша, биыл оның бағасы литрі үшін 172 теңгеге жеткен. Жанар-жағармай тапшылығы мәселесін республикалық деңгейде шешу үшін агроөнеркәсіптік кешен қызметтері үшін дизельдік отынды жіберуді автоматтандыру мен цифрландыру бағдарламасы іске қосылған болатын. Алайда, оны облыста жүзеге асыруға бірқатар факторлар кедергі.
– Жобаны жүзеге асыру үшін бірқатар мәселелерді шешу қажет. Біріншіден, әр айдың 1-іне дейін отынның сату бағасын белгілеу, екіншіден, дизельдік отын үшін төлем енгізу мен келісімшарт жасау мерзімін үш күнге дейін ұзарту, үшіншіден, вагонның нақты мөлшерін анықтау. Күнбағыстың негізгі өндірушісі біздің өңір. Күнбағысты кептіру мақсатында облысқа жыл сайын 5 мың тонна көлеміндегі дизельдік отын бөлінеді. Бұл жанар-жағармайды ауыл шаруашылығының өзге қажеттіліктеріне қосуға болмайды. Облыста 100-200 литр дизельдік отынды қажет ететін ұсақ шаруашылықтар бар екендігін ескеруіміз керек, дизельдік отынды цифрландыру арқылы бөлсек оларға ештеме тимейді, – дейді Кәсіпкерлер палатасының агроөнеркәсіптік кешені бөлімінің бастығы Қайрат Мамырбаев.
Осы мәселенің барлығы ескерілмей, бағдарламаны кіріктіру асығыстық деп есептейді ол. Сонымен қатар бұл жүйені енгізу үшін ауылдық жерлерді интернетпен қамтамасыз ету керек. Қайрат Мамырбаевтың айтуынша, бүгінгі күні «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ауыл шаруашылығы, энергетика министрлігі, жергілікті жерлердегі ауылшаруашылық басқармалары мен бағдарлама әкімшілерінің басын қосып, кеңес өткізу, сол арқылы көптеген сауалдарға жауап алу жөніндегі ұсыныс хат жолданған.
Лаура Тілеубайқызы