Сталиндік лагерь Шығыста да болыпты
Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Шығыс Қазақстанның аумағында НКВД-ның еңбек лагері орналасқан. Бұл тың мәлімет саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде өткен «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты аймақтық ғылыми-практикалық конференция барысында айтылды.
Іс-шараға Өскемен мен Семейдегі университеттердің, мұражайлар мен мұрағаттардың, кітапханалардың мамандары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмыс топтары қатысты.
Жиналғандар цифрландыру және архивтер басқармасының «Алаш – жол басы…» фотоқұжаттық көрмесімен, сондай-ақ ШҚУ-дың кітап көрмесімен таныса алды. Іс-шара барысында жергілікті ардагер телеоператор Саид Фазыловтың деректі фильмі де көпшілікке ұсынылды.
Конференцияға бейнебайланыс арқылы қосылған Ресей ғылым академиясына қарасты Новосібірдегі тарих институтының қызметкері Наталья Аблажей 1937-1938 жылдардағы үлкен террор жөнінде тың деректер келтірді.
– Кеңестер одағындағы саяси қуғын-сүргін 1937 жылдың ақпанында өткен съезден бастау алды. Аталған жиында қызылдардың көсемі Иосиф Сталин ел ішінде КСРО-ға қарсы түрлі жаулардың, тыңшылардың, бұрынғы патша заманын көксеушілердің, ұлтшылдардың көп екенін, қоғамды солардан толық тазарту қажеттігін айтады. Салдарынан жоғарыдан түсірілген жоспарлар бойынша 1 миллионнан астам адам сотталып, олардың 600 мыңдайы атылды. Құрыққа негізінен жергілікті деңгейдегі басшылар, патша тұсында түрлі лауазымдарды иеленгендер мен «кіші» ұлттардың зиялылары ілікті, – деді ресейлік ғалым.
Ал Аманжолов университетіндегі «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының қызметкері, тарихшы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жетекшісі Нелли Краснобаева Шығыс Қазақстанда аса құпия лагерьдің болғанын растайтын құжаттар табылғанын хабарлады.
– Ресей мұрағаттарынан Шығыс Қазақстанда орналасқан «790» атты НКВД лагері туралы ақпарат табылды. Лагерь 1951-1953 жылдары Глубокое ауданындағы Аврора теміржол стансасында және Первомайка кентіндегі Ертіс химия-металлургия зауытында орналасқан. Тұтқындар зауытты салуға қатысыпты, – деді Нелли Леонидовна.
Жабылар кезде лагерьде 2715 адам болыпты, оның 400-ден астамы 58-ші бап бойынша, яғни «отанына опасыздық жасағаны» үшін жазасын өтеген.
– Бізде Ертіс химия-металлургия зауытындағы барақтардың орналасу схемасы бар. Бірақ тұтқындар туралы деректер әлі табылмады. Совет билігі оларды тарихтан мүлдем өшіруге тырысқандай. Қазір біз олардың аты-жөндерін анықтауға тырысып жатырмыз, – деді тарихшы.
Аталған өңірлік комиссияның жұмыс тобы Шығыс Қазақстан аумағында қуғын-сүргінге ұшыраған 192 адамды анықтап, оның 83-ін ақтады. Қалғандары бойынша зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.
Жиында ашаршылық тақырыбы да жан-жақты қаузалды. Нәубеттің алғашқы толқыны 20-шы жылдардың басына сәйкес келеді. Ашыққан жұрт қыбырлаған құрт-құмырсқаның бәрін азық етіп, түрлі жұқпалы дертке шалдыққан. Мәселен, осы жылы Семей губерниясында 383 адам тырысқақпен ауырып, оның 218-і көз жұмыпты. Бұл жантүршігерлік деректерді Шәкәрім университеті тарих және құқық кафедрасының аға оқытушысы Тоты Қариева жеткізді.
Басқосуда қоғам қайраткері Алдияр Әубәкіров жер аударылған немістер жайында жазған өзінің «Жауапсыз хаттар» кітабы, облыстағы мемлекеттік архивтің қызметкері Татьяна Шустова кеңес өкіметіне қарсы халық ереуілдері, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ-дың аға оқытушысы Амантай Жақсылықов әскери тұтқындардың саны, саяси-құқықтық мәртебесі мен тағдыры, сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей директорының орынбасары Гүлжан Қашаку Қарлаг және Қайым Мұхамедхановтың шығармашылығы, облыстағы мемлекеттік архивтің маманы Әлмира Баелова қуғын-сүргін, «халық жаулары», тәуелсіздік күрескерлері туралы тұщымды баяндамалар жасады.
Ержан Әбіш