Сүт жинаушыларға дайын модуль ұсынады
Облыс орталығында «Аяз» дейтін аты ерекше дүкен бар. Онда Өскемен модуль компаниясы құрастырған витриналық тоңазытқыштар сатылады. 1997 жылдан бастап «Аяз» атты брендпен дүкен және асхана жұмысына қажет тоңазытқыштарды шығарып келе жатқан кәсіпорын үш жылдан бері сүт қабылдау бекеттерін орнатуды жолға қойған.
Облысқа іссапары кезінде зауытқа еліміздің Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бас сұғып, мұндағы жұмыстарға оң бағасын беріп кетті. Биыл 20 жылдығын қарсы алып отырған кәсіпорын бүгінде өндіріс бағытын өзгертіп, ауқымдысүйекті жобаларды қолға ала бастады. Зауыттың қанатын кеңге жаюына сүт өндірісін дамытудың өңірлік бағдарламасы тікелей түрткі болып отыр. Серіктестік директоры Вадим Быков жаңа бағыттың дер кезінде пайда болғанын айтады.
-Біз алғаш құрылған жылдары қаладағы көпқабатты үйлердің астыңғы қабаттары түгелдей дүкенге айналып жатқан. Күн сайын бір дүкен ашылатын кездер де болды. Осы кезде витриналық тоңазытқыштарымызға деген сұраныс орасан болатын. Облыстағы асхана, дүкендердің көбі біз өндірген тоңазытқыштармен жабдықталған. Қазір ондағыдай сұраныс жоқ. Өйткені, қажеттілікті артығымен қамтыдық деп ойлаймын. Бізге жаңа бағыт ашу керек екенін материалдық жағынан да сезіне бастағанбыз. Осы кезде облыс әкімі сүт өндірісін дамытудың кешенді бағдарламасын қолға алып, бізді сол жобаға қатысуға шақырды, – дейді ол.
Жаңа бағытты өрістету үшін лайықты ғимарат пен технологиялық желі қажет болатын. Сол үшін Вадим Быков бұрынғы «Үлбі жөндеу-механикалық зауытының» ғимаратын сатып алыпты. Қазір мұнда тәулігіне төрт тоннаға дейін сүт қабылдай алатын типтік модульдер құрастырылуда. Модуль деп отырғанымыз ауданы 12 шаршы метр болатын вагон. Әуелі темірден модульдің қаңқасы дәнекерленеді. Қаңқаның аралықтары сендвич-тақталармен қапталған. Қабырғалар жылу өткізбеуі үшін сендвич-тақталардың ішіне минералды тасмақта нығалады. Қытайдан әкелінген өндірістік желі күніне 500 шаршы метр панель өңдеуге қауқарлы. Ал оған қолданылатын тасмақта Глубокое кентіндегі «Изотерм» зауытынан алынады. Қаңқа құрауға қажет металл да отандық өнім, «Қармет» кәсіпорны ұсынуда. Өндірістегі отандық құрамның үлесі 60-70 пайызға жетеді. Ал модульдің ішін қаптайтын тот баспас қаңылтыр фин технологиясымен әзірленеді. Еденге төселетін материал Түркиядан, компрессорлар франциялық компаниядан алынады. Осының арқасында өскемендік сүт қабылдау модулі Еуропалық стандарт талаптарына толықтай жауап бере алады.
Модуль ішіндегі негізгі қондырғы – сүтті салқын күйінде екі тәулік бойы бұзбай сақтай алатын тоңазытқыш күбі. Бұған дейін ондай күбілерді Ресейден сатып әкеліп, орнататын. Ал оны Мәскеудің түбінен Шығыс Қазақстанға дейін жеткізу құнының өзі жарты миллион теңгеге жуықтайтын. Сондықтан зауыттың жобалаушы тобы тоңазытқыш күбі жасаудың жергілікті технологиясын ойлап тауыпты. Қажетіне қарай 12 шаршы метрлік модульге екі тонналық күбінің екеуін орнатуға болады. Ерте көктем мен күздің соңғы күндерінде модульдің ішін жылы ұстау үшін ток пештер орнатылған.
Өткен жылы компания Ұлан, Бесқарағай аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларына осындай модульдің сегізін сатқан екен. Ал биыл әзірше үш модуль өтіпті. Оның үшеуі де Қостанай облысына кеткен. Біздегі сүт жинаушы кәсіпкерлер әлі де жергілікті өнімге құлай сеніп кете алмай, көрші елге мойын созып жүргенде, өзге өңірлер тиімді ұсынысты табыс көзіне айналдыруда. Олай дейтініміз, Қарағанды облысының бір ғана Нұра ауданы Өскемен модуль компаниясына 12 сүт қабылдау модулін құрастырып беруге тапсырыс түсіріпті.
-Нұра ауданы Қарағанды облысы бойынша сүт қабылдаушылар кооперативін құратын қанатқақты аудан ретінде таңдап алыныпты. Біздің модульдер сондағы 12 шаруа қожалығына беріледі. Бұл тендерге бізден бөлек ресейлік және белоруссиялық компаниялар түскен. Олар дәл біздікіндей бір модульге 6-9 млн. теңге сұрапты. Ал біздің баға – бес миллион теңге. Оның үстіне жеткізу шығыны импорттық өнімнен әлдеқайда арзанға түсетіні сөзсіз. Осы себепті министрлік таңдауы бізге түссе керек, – дейді В.Быков.
Халал стандарттағы қасапхана құрастырады
Модульді алғысы келген кәсіпкер немесе кооператив ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен және Өскемен модуль компаниясымен үшжақты келісімшартқа отырады. Соған сәйкес, модульдің ақшасын қор зауыттың шотына аударады. Ал кәсіпкер қор алдындағы қарызын шарт бойынша біртіндеп қайтарады. Қондырғыны сатып алғаны үшін мемлекет кооперативке шығынның тең жартысын өтеуге міндетті.
Біздің облыстан бастау алған бұл жоба сүт өндірісінен бөлек ет өңдеу саласына да пайдаланылуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі Өскемен модуль компаниясына дәл осы технологиямен қасапханалар құрастыруға ұсыныс беріпті.
-Талап бойынша қасапхананың биіктігі алты метрден кем болмауы керек. Яғни, олар сүт қабылдау бекеттерінен екі есе биік болады. Сойылатын малдың санына қарай қасапхананың ауданы да әртүрлі келеді. Халал стандартқа құрылған қасапханада малды кіргізіп бауыздайтын орын қарастырылады. Бұдан бөлек ұша іліп, терісін сыдыратын ілмектер бөлек-бөлек орнатылады. Етті бөлшектеп, қарнын ақтаратын арнайы үстелдер қойылады. Оның барлығын стерильді ұстауға жағдай жасалынады. Бұл жерде қатып қалған стандарт жоқ. Тапсырыс берушінің қалауына қарай жұмыс істейміз. Ал күніне 3-5 бас союға арналған, ішінде қосымша зертханасы мен екі ірі қараның еті сыятындай тоңазытқыш қоймасы бар кешеннің бағасы 16 млн. теңгедей болады, – дейді серіктестіктің бас инженері Станислав Трубников.
Серіктестік директоры Вадим Быков қажеттілік болып жатса, жылына 300-ден астам сүт қабылдау модулін құрастыруға болатынын айтады. Оған зауыттың қуаты толық жетіп тұр.
Кәсіпорында барлығы 40 адам жұмыс істейді. Зауыт басшылығы модульдерге деген сұраныс артқан жағдайда жұмыс орнын көбейтуді жоспарлап отыр. Осылайша, өңірдегі сүт өндірісін дамытудың жергілікті бағдарламасы мүлде жаңа бағыттағы кәсіпорынның қалыптасуына түрткі болып отыр. Әзірге мұндай өндіріс ошағы елімізде біреу ғана.
Есімжан НАҚТЫБАЙҰЛЫ