Қоғам

Сүт өнімдері Қаратоғайда өндіріледі

Сүт өнімдері Қаратоғайда өндіріледі


Қаңтар айында Қалғұты ауылдық округіндегі Б.Баймұхамбетовтің «Арын» шаруа қожалығының негізінде құрылған Ерасыл Бақытжанұлы басқаратын «Шығыс-ЖК» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің Ресейден асыл тұқымды 80 құнажын әкеліп, өсіріп жатқаны туралы мақала жазғанбыз.

Ал аудан әкімінің қолдауы мен аудандық ауылшаруашылық бөлімінің жетекшілігіне сүйенген шаруашылық бүгінде бұл істі одан әрі тереңдете қаузап, сүт саууды механикаландыруға кірісіп жатыр. Заманауи сауын аппараттарын орнату үшін Ресейдің Барнаул мен Новосібір қалаларынан келген алты маман жұмысты аяқтап та қалды. Ал барша жұмысты кооперативтің өзі қаржыландыруда.

– Аталған мамандар өз істерінің асқан шеберлері, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Әшіманов. – Бір сауғанда алты сиырды қамтитындай етіп құрылып жатқан аппаратураның түтіктері біздің көзіміз үйренгендей шыныдан емес, никельден жасалған. Шыны сынып кетіп, көптеген қолайсыздықтар туындатады, ал мына құбырлар сынбайды әрі мінсіз тазалыққа толық жауап береді. Сүтте ешқандай қылшық болмайды, желін міндетті түрде жуылып тұрады, түскен қиқым-қоқым атаулыны түтік ішіндегі вакуумдық құрылғы сорып әкетіп отырады. Сөйтіп, сауыншылар екі сағаттай уақыт ішінде 100 сиырды сауып үлгеретін болады.

Бұл белгілі шаруашылықтың негізгі мақсаты – талапқа сай сүт кластерін құру. Ол үшін мұнда жағдай жеткілікті. Сауылған сүт осы Қаратоғайдың өзінде өңделіп, пастерленген сүт, сары май, айран, кілегей, ірімшік, йогурт сияқты алты түрлі өнім шығарылатын болады. Оны қолдап, сүт тапшылығын болдырмау үшін Бурабайда, Сарыөлең мен Алғабаста тұрғындардан сүт қабылдайтын пункттер ашылады. Мұның өзі тұрғындарға сауған сүтін қолма-қол өткізіп, пайда табуға, сондай-ақ бірқатар жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік туғызбақ.

Аталған сүттің 500 литрін өзі өткізіп отыруға тиіс кооперативтің сексен сиырының бүгінгі күні қырқы бұзаулап, сауыла бастады. Ал цех толық күшімен жұмыс істеуге кіріскенде, ауылдың 15 адамы тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

-Алдағы жазда бұл келешегі зор шаруашылыққа Қаратоғайдан 30 шақырым жердегі «Майтерек» учаскесі берілмек, – дейді Серікхан Тоқанұлы. – Ол жердің салқын самалы мен шүйгін шөбі, мол суы сауын сиыр үшін өте қолайлы болары сөзсіз. Бар шаруаның басында жүрген «Арын» шаруа қожалығының жетекшісі Бақытжан Баймұхамбетов сүт өнімдерін өндіруге бел шеше кіріскен соң, аудан көлеміндегі білім және денсаулық сақтау салалары тұтынатын сүт өнімдерін сатып алуға бөлінетін барша қаржыны өзі игеріп, оларды осы өнімдермен толықтай қамтамасыз етуді өз мойнына алатын болады.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button