Қоғам

Сүт өңдеуші кәсіпорындар жартылай ғана жұмыс істеп тұр

Сүт өңдеуші кәсіпорындар жартылай ғана жұмыс істеп тұр


Кеше аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісіндереспубликалық агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасының орындалу барысы және бұқаралық спорт түрлерін дамыту туралы мәселелер қаралды. Сонымен қатар, жиында Кәсіпкерлікті қолдау картасын іске асыру және индустриялық аумақтарды жобалармен толықтыру, жер телімдерінің пайдаланылуына жүргізілген бақылаудың нәтижелері жөнінде ақпараттар тыңдалды.

«Эмиль» шикізатты неге Павлодар облысынан тасиды?

2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысы туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаев баяндады. Осы жылдың басынан бері қолға алынған бағдарламаның орындалу қарқыны жаман емес. айталық, алғашқы сегіз айда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 194 миллиард теңгені құраған, бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 12 пайызға артық. Бағдарламаның алғашқы міндеті –ұсақ және орташа шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру. Биыл облыста 38 қанатқақты кооператив құрылған, оның 30-ы сүтті, 8-і етті бағытта. Құрылған және құрылып жатқан кооперативтерге деп бөлінген 2 миллиард 81 миллион бюджеттік несие толық игеріліпті. Оларға басқа даму институттарынан да қаржы бөлінуде.

– Бағдарламаның екінші бағыты ішкі нарықты өніммен қамтып, артылғанын экспортқа шығаруды көздейді. Осы жылдың алғашқы 8 айында Шығыс Қазақстанда 89 мың тонна ет өндірілген, оған құс пен малдың барлық түрінің еті енеді. Бағдарлама көрсеткіші – 141 тонна болатын. Өндірілген сүт мөлшері – 614 тоннаны құраған, бұл көрсеткіш те жоспарланған шамаға (868 тонна) жетпейді. Биылғы қазан-қараша айларында облыстан 900 тонна сиыр еті экспортталуы тиіс, – деді басқарма басшысы.

Бағдарламаға сай ағымдағы жылы қайта өндірілген сүт пен еттің үлесі тиісінше 12 және 34 пайызды құрауы тиіс болатын. Өткен тоғыз айда бұл көрсеткіштер 10 және 32 пайызға жеткізілген. Әлі күнге дейін облыстағы сүт өңдейтін кәсіпорындар өз қуатының 45, ал ет өңдейтін кәсіпорындар 32 пайызын ғана пайдалануда.

Мемлекеттік қолдау шараларын, су, жер ресурстарын тиімді қолдану, шаруашылықтарды техникамен және тыңайтқыштармен, химиялық заттармен қамту сынды бағдарлама міндеттері де орындалу үстінде. Айталық, осы жылы барлық қаржы көздерінен 4,9 миллиард теңгенің 640 бірлік жаңа ауылшаруашылық техникасы сатылып алынған. Жыл соңына дейін олардың саны 760 бірлікке жетпек. Сондай-ақ, 37 тонна минералды тыңайтқыш алынған, бұл өткен жылға қарағанда 15 тоннаға артық. Осы мақсатта мемлекет тарапынан 1 миллиард 490 миллион теңге субсидия бөлінген.

–Өнім өндіруді арттыру керек. Бұл – басты талап. Сүт өндіру бойынша Шығыс Қазақстан елімізде бірінші орын алады. Бірақ онда неліктен Өскемендегі ірі сүт өңдеуші кәсіпорын – «Эмиль» серіктестігі шикізатты Павлодар облысынан тасуда? Осы мәселені жан-жақты тексеруіңізді сұраймын. Биыл біз Алматы қаласына 1 тонна сүт өткіздік, оны 5 тоннаға дейін жеткізу керек. Оңтүстік астана тұрғындары жыл сайын 1 миллиард доллардың сүт өнімдерін тұтынады екен, негізінен Еуропаның, Ресей мен Беларусьтың өнімдерін. Міне, осы үлкен нарықтан өз орнымызды алуымыз керек. Қараша айында Алматыға осы мәселе бойынша сапармен баруды жоспарлап отырмын, – деді облыс әкімі.

Сүт өңдеуші кәсіпорындар жартылай ғана жұмыс істеп тұр

Ұшып кірген көгершінді жақсы ырымға жорыдық

Бұқаралық спорт түрлерін дамыту туралы облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов баяндама жасады. Шығыс Қазақстанда 423 мыңдай адам жүйелі түрде спортпен шұғылданады екен, бұл – облыс тұрғындарының 30 пайызы. Осы 423 мыңның 169 мыңы ауылдық жерлерде тұрады.

– Спортпен шұғылдану үшін арнайы инфрақұрылым қажет. Қазіргі кезде облыста 3171 спорттық нысан бар. Оның 1984-і ауылдық жерде орналасқан. Бұл көп пе, аз ба? Әрине, жеткіліксіз. Жоғарыда көрсетілген нысандардың дені, яғни, 2476-сы орта мектептердің, 172-сі спорттық мектептердіңқарамағында, 84-і жекеменшікте, қалған 523-і ғана коммуналдық меншікте, қалың бұқараға осылар ғана қолжетімді, – деді Асқар Можанов.

Спорт нысандары көптеп салынды, әлі де салына бермек. Атап айтар болсақ, осы жылы Абай ауданындағы Қарауыл ауылында стадион пайдалануға берілді. Алдағы уақытта жүзу бассейні салынбақ. Бесқарағай ауданында екі футбол алаңы ашылды. Келесі жылы Жарма ауданындағы Шар қаласында спорт кешені, Катонқарағай ауданындағы Ақсу ауылында спорт залы бой көтермек. 2019 жылға Көкпекті ауылында денешынықтыру кешенінің құрылысы жоспарланған.

Облыс әкімібұқаралық спорт түрлерін ары қарай да дамытуды міндеттеп, соңғы кездері бүкіл әлемде воркаут атты көше спорт түрі жақсы дамып келетінін атап көрсетті. Көше бойларында жайғасқан спорттық алаңдар, олардағытүрлі турниктер, өзге де конструкциялар өте пайдалы. Аймақ басшысы алдағы уақытта облыстың 100 ауылына осындай воркаут алаңдарын салу жөнінде тапсырма берді.

–«Алтай» футбол командасы келер жылы бірінші лигаға ауысып, сонда өнер көрсететін болады. Бұл – үлкен жетістік. «Алтай» волейбол клубы болса, Азия чемпионатына қатыспақ. Сонымен қатар, облыстағы «Алтай-Торпедо» хоккей клубының қарқыны жаман емес. Біз енді осы қалыптасқан «Алтай» спорттық брендін одан әрмен дамытуымыз керек, – деп түйіндеді тақырыпты облыс әкімі.

Осы жиында қызықты бір оқиға орын алды. Жиын өтіп жатқан облыс әкімдігінің №108 залына ашық тұрған есіктен көгершін ұшып кірді. Осы кезде облыстық спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов баяндама жасап жатқан болатын. Басқарма басшысы көгершіннің кіргенін елемеді ме, әлде байқамады ма, өз баяндамасын жалғастыра берді. Бірақ залға жиналғандардың барлық назары баяндамашыда емес, көгершінде болатын. Залға ұшып кірген құс алғашқыда абдырап қалды. Кері ұшып шықпақшы болып еді, шығар есікті таба алмады, адамдардың көптігінен есі де шығып кетті. Содан әлгі құс залдың бір бұрышынан екінші бұрышына ұша бастады, бірнеше рет қабырғаға қатты соғылды. Жиынға қатысып тұрған операторлардың бірі оны ұстап алмақшы болды, бірақ одан түк шықпады. Ақыры залдың екінші есігін айқара ашып қойды, осыны күткендей көгершін сол есіктен ұшып шығып кетті.

– Барлығымыз операторға рахмет айтуымыз керек. Баяндамашыны да атап өткен жөн, ол ештеңеге қарамастан, бір секундқа да кідірмей баяндамасын оқып шықты, – деген аймақ басшысыбұл жайтты қалжыңға айналдырып жіберді. Ал біз бұны жақсылыққа жорыдық.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button