Сұрықсыз көшелердің көркі кіреді
Қисайған қоршау, жарымжан жарнама, шашылған қоқыс. Облыс әкімі Даниал Ахметов Зырян қаласының келбетіне осылай деп баға берді. Бұл кемшілікті жою үшін аудан әкіміне нақты жоспар дайындау жүктелді.
Әуелі облыс əкімі Зубовка кентіндегі тасқынның салдарын жою жұмыстарымен танысып, Березовская көшесіндегі бірнеше үйге бас сұғып ондағы жұмыстардың қаншалықты талапқа сай жүріп жатқанын тексерді. Бұл көшедегі 14 үйді жөндеуге бекітілген «Жарма құрылыс газ» ЖШС-нің директоры Виктор Исабаев алғашқы бес үйді иелеріне тапсыруға дайын екенін атады. Тұрғындардың кейбірі жөндеу жұмыстарына белсенді араласып кетсе, кейбірі есігіне қара құлып салып, хабарсыз кеткен.
-Уақыт болса, өтіп жатыр. 99-үйдің иесін таба алмай жатырмыз. Қайда кеткенін ешкім білмейді. Осы ғана уайым болып тұр. Қалған үйлердің барлығын тұрғындармен ақылдаса отырып, жөндеп жатырмыз. Бір үйдің іші әлі дегдіп үлгермепті, – дейді Виктор Исабаев. Жармалық компанияның жұмысына бұл көшенің тұрғындары әзірге ешқандай шағым жоқ екенін бірауыздан айтты.
-Жөндеу жұмыстары қарқынды басталды. Ешқандай шағым, өкпеміз жоқ. Белгіленген уақытында жөндеп бітетініне сеніп отырмыз. Үйіміздің жаңа келбетке ене бастағанын көріп, көңіліміз де орнына түсе бастады, – дейді Ермек Елемесов есімді тұрғын.
Облыс басшысы кент әкіміне ауылдың келбетін заман талабына сай жаңарту керектігін тағы ескертті.
-Тасқынға ұшыраған үйлер бұрын болмаған келбетке ие болады. Оған мен сенімдімін. Тұрғындар да ол сөзіме келісті. Ендігі мәселе, барлық үйдің қоршауларын бір ретке келтіру қажет. Мемлекет үйлерін адам танымастай етіп жөндеп берген соң, халықтың да қозғалуы керек. Бір айдың ішінде кенттің сыртқы келбеті талапқа сай өзгеретін болсын. Ал мектептеріңіз күрделі жөндеуден өтуі мүмкін. Сметалық құжаттарын кешіктірмей дайындау қажет. Мүмкіндік болса, өзінің алпысыншы оқу жылын мектеп жаңа келбетпен қарсы алатын болады, – деді облыс әкімі.
Жөндеу жұмыстарына тартылған мердігер ұйымдардың басшыларымен кездескен облыс әкімі кейбір компаниялардың бастаған істен бас тартқанын атады.
-Бірнеше компания əуел баста жөндеу жұмыстарына қатысуға ниет танытып алып, кейін бас тартты. Бұл жерден айтарлықтай табыс болмайтынын түсінген соң солай істеді. Оның ішінде үш компания Зырян ауданынан. Олардың тасқын орнынан табыс тапқысы келді. Қалған мердігерлер қиын сəтте елмен бірге қалып, жұмыс істеуде, – деді Даниал Ахметов.
Жалпы, Зырян ауданы бойынша 414 үй тасқынға ұшырап, оның 360-ына жөндеу жұмыстары тағайындалған болатын. Барлық жөндеу жұмыстары мамыр айының соңына дейін жөнделіп бітуі тиіс. Дегенмен, су кірген 110 үйдің құжаты дұрыс емес екені анықталып отыр. Оның 11-і қалпына келтіруге жарамсыз деп танылған. Аймақ басшысы ол үйлердің мəселесін бір жақты ету үшін аудан əкімі мен тиісті басқармаларға тағы бір апта уақыт берді.
-Биылғы жыл Зырян ауданы үшін түбегейлі өзгеріс жылы болуы тиіс. Оған барлық негіз бар. 700 млн. теңгеге инсульт орталығын ашамыз. Қаланың жолын асфальттауға алғашқы траншпен 300 млн. теңге бөлдік. Ол уақтылы игерілсе, орталық көшелердің барлығын түгелдей асфальттауға жететін қаржы бөлеміз. Ал жергілікті әкімдікке көшелерді қисық қоршаулар мен жарымжан жарнамалардан, шашылған қоқыстан арылту қажет. Кейбір көрнекі ақпараттар 20-30 жылдан бері ауыстырылмаған. Дүкендер мен өзге сауда орындары өзіне тиесілі аумақты көрер көзге көрнекті етуі тиіс. Жергіліті мәслихат депутаттары бұл іске атсалысып, қоғамдық ұйымдар бақылауға алсын. Осы тапсырылған істің бәрі үйлесім тапса, кішігірім сәулеттік нысандар орнатып, абаттандыру жұмыстарын жүргізуге де қаржы бөлеміз. Осылайша, Зырян қаласы бұрын болмаған жаңаруды өткереді, – деді аймақ басшысы.
Есімжан Нақтыбайұлы