Қоғам

Сұранысқа сай кірпіш өндіреді

Сұранысқа сай кірпіш өндіреді


Бүгінде ерінбеген, ыңғайын біліп, ебін тапқан адамға кәсіптің көп екені рас. Оған ауылды жерде тыным таппай еңбектеніп, тіршіліктің көрігін қыздырып жатқан талапты азаматтардың табысты қадамдары айғақ. Бұл тұрғыда мысалға күршімдік Жанарбек Томалай деген жігерлі жігіттің нәтижелі жұмысын алуға әбден болады.

Ол 2013 жылы «тәуекел» деп қолға алған шаруасын нықтап жолға қойып, қазіргі уақытта тиянақты табысқа қол жеткізіп отыр. Жанарбек кез келген құрылыс үшін таптырмайтын құм мен цементті араластырып құйған үлкен кірпіш – құмды блок даярлап, сұраған жанға саудалап жатыр.

– Бұл шаруаны қолға алғалы бес жылдың жүзі болып қалды, – дейді Жанарбек. – Барша құжаттарды рәсімдеп, құрал-жабдықты түгендеп, оны әкеліп орнату үшін тура екі миллион теңге қаражат жұмсадым. Он текше метр ағаш сатып әкеліп, оларды тіліп, кірпішке арналған 200 төсеніш тақтайша жасадым. Жұмысты көктем шыға бастап, қара күзде тоқтатамыз. Жанымда бір жұмысшым бар, жақсы серік болып келе жатқан осы азаматтың еңбекақысын уақытында төлеп, зейнетақы қорына тиянақты төлем жасап отырамын.

Жанарбектің осы құрылғысымен бес түрлі кірпіш шығаруға болады екен. Қазір сұраныс сол бағытта болғандықтан, бұлар тек құмды блок кірпіші мен табан жолға төсейтін плиткалар және құдықтарға арналған бетон құбырлар жасаумен шектелуде. Мұндағы өндіріс технологиясы қажет болған жағдайда тұтас және ойық кірпіш түрлерін шығаруға мүмкіндік береді екен. Сонымен бірге қасбеті ою-өрнекті сәндік кірпіш және арнаулы бояғыштарды қоса отырып, түрлі-түсті материалдар даярлап беруге де қабілетті. Ал қазір сұраныс саябыр тартқандықтан, екі адам ғана жұмыс істеп, күніне 200 дана кірпіш құйып жатқан көрінеді.

– Бір кірпішіміз 160 теңге тұрады, – дейді Ж.Томалай. – Ал екі жүз кірпішке бір тонна құм, жарты тонна цемент кетеді. Біздің материалымызды пайдаланып, монша, қора-сайман, дүкен мен дәріхана салып жатқандар жеткілікті. Өткен жазда Ерік Қырықбаев деген азамат осы құмды блоктан зәулім үй тұрғызып алды. Біз өз өніміміздің сапасына жауап бере аламыз, цемент пен құм қажетті, дәл мөлшерде араластырылса, кірпіш берік әрі тығыз болып құйылады. Ондай материалды жаңбырдың жуып, қар суының езіп кетуі әсте мүмкін емес.

Жанарбек мемлекет тарапынан ешқандай жәрдем ала алмағанын айтып, өкініш білдіреді. Ол әзірше қолында бар тиын-тебенін жұмсап, түскен ақшаны айналымға сала отырып, жұмысты тоқтаусыз жүргізіп келе жатыр.

– Қажетті құмды бұрын Ж.Білімбаев басқарған асфальт-битум зауытынан алатынмын, екі жаққа да тиімді келісім жасасып, олар өздерінің КАмаз-дарымен жеткізіп беріп отыратын. Басқа адамның қолына өткелі, бұл кәсіпорын тоқтап тұр. Сол себепті, атқарушы билік өкілдері материал алатын орын мәселесін оң шешіп берсе деген тілегіміз бар. Әйтпесе сұраусыз бір күрек топырақ та алуға болмайтынын жақсы білеміз. Шағын кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы пайызы төмен несие аламын ба деген үмітпен біраз мекеменің есігін қаққан едім, нәтиже болмады, – дейді ол.

2007 жылы Қытайдан атамекенге қоныс аударып келген бойда жанталаса тірлік істеп, өзінің еңбекқорлығымен, табанды талпынысымен, көпшіл мінезімен жұртқа жаққан Жанарбектің келешекке деген сенімі селкеусіз. Сөйткенмен, оған азды-көпті қолдау жасап, қолтықтан демеудің артық бола қоймасы анық.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button