Қоғам

Спорттың 25 түрінен сынға түсіп жатыр

Спорттың 25 түрінен сынға түсіп жатыр

Өскемендегі «Восток» стадионы бұл кеште ерекше түрге еніп, құлпырып сала берді. Жалаушалар мен шар ұстаған көпшілік жасыл алаңның күнгейіндегі трибунаны лық толтырды. Көңілдері шат, дауыстары жарқын. Қарсы бетте бірдей киінген балалар қолдарындағы жарықпен шағылып жалт-жұрт еткен шаршы тақталармен жазу жазып, мерекенің сәнін кіргізе түскен. Алаң ортасындағы әсем безендірілген сахнада. Облыс әкімінің жүлдесіне арналған дәстүрлі XIX халықтық спорт ойындарының ашылу рәсімі осылай басталды.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ қатысуымен өткен салтанатты шара құс биігінен парашютпен қалықтап түскен төтенше жағдайлар қызметі құтқарушыларының өнерімен басталды. Бұдан кейін стадионға еліміздің көк байрағы жеткізіліп, ары қарай жүргізуші қыз-жігіттің қазақ және орыс тілдеріндегі таныстыруымен жарысқа қатысушылар сап түзеп шыға бастады. Әне көшті талай дүбірлі доданың көрігін қыздырып, талай жүлдені тақымдаған өңір мақтаныштары – ардагер спортшылар бастап келеді. Олардың ізін ала аудандар мен қалалардың құрама командалары төбе көрсетті. Бірінші болып Тарбағатай ауданының спортшылары келеді. Ал трибунадағы жанкүйерлер өз тараптарынан қошемет-қолдауларын білдіріп, дем беріп отыр. Әрбір команда жүріп өткен сайын жүргізушілер сол ауданның немесе қаланың спорттағы жетістіктері, даңқты спортшылары жөнінде қысқаша мағұлмат беріп, таныстырып үлгеруде. Командалар біркелкі киімдер киіп, сән-салтанатпен шерулетіп шықты. Әсіресе, Семей қаласынан келген спортшылардың костюмдері көпшілікке ұнады.
– Құрметті жерлестер! Сіздерді Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған XIX халықтық спорт ойындарының жаңа маусымының ашылуымен құттықтаймын, – деп бастады сөзін облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ. – Денсаулық – ең басты байлық. Бүгінде елімізде халықтың салауатты өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жүлдесі үшін өтетін спорт ойындары аймақ тұрғындарының, әсіресе, жастардың денешынықтыру мен спортқа жаппай бет бұруына ықпал етеді. Бес күнге созылатын ойындарда қатысушылар спорттың 25 түрінен сынға түседі.
Қазір облысымызда 400 мыңнан астам адам тұрақты түрде спортпен айналысады. Үш мыңнан астам спорт нысандары, қырықтай спорт мектебі ел игілігіне қызмет етуде. Өткен бір жылда ғана облыс спортшылары халықаралық, республикалық сайыстарда әртүрлі дәрежедегі 647 медаль жеңіп алды. Біздің спортшылар халықаралық, республикалық жарыстарда аймақ намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындарды иеленуде. Әлемдік жарыстарда Қазақстан елінің мәртебесін асырған Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, қысқы спорт түрлерінен Әлем Кубогі кезеңінің жүлдегері Алексей Полторанин, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Анастасия Слонова, қазақ күресінің хас шеберлері Шалқар Жоламанов, Айбек Нұғымаровтың біздің Шығыстан екенін мақтан тұтамыз. Осы жарыста барлық спортшыларға сәттілік, төрешілерге әділ төрелік тілейміз!
Аймақ басшысы жарысты ашық деп жариялаған соң төрешілер алқасы атынан спорттық ойындардың бас төрешісі, спорт саласының құрметті қайраткері Маяк Жақсылықов, спортшылар атынан шаңғы жарысынан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия және Дүниежүзілік универсиада ойындарының чемпионы Анастасия Слонова мен волейболдан спорт шебері, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы Роллан Бажанов ант беріп, алдағы бәсекенің тартысты әрі әділ өтуіне атсалысатындықтарын жеткізді.
Спортшыларды жігерлендірген, жанкүйерлердің делебесін қоздырған ән мен жырға да кезек келіп жетті. Театрландырылған тамаша көрініспен басталып, рухты ән-күймен өрілген концерттік бағдарламаны көпшілікпен бірге облыс әкімі де тамашалады.

«Алтай» стадионы талапқа сай емес болып шықты

Бұл күні күндіз аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ өзінің орынбасары Жақсылық Омарды, аудан-қалалардың әкімдерін, жауапты сала мамандарын ерте жүріп, Өскеменнің спорттық нысандарын аралады. Жай ғана аралаған жоқ, ол жерлерде өтіп жатқан XIX халықтық ойындардың барысын көзімен көрді.
Алдымен аймақ басшысы ат басын «Алтай» стадионына байлады. Жазда футбол ойнайтын, қыста мұз айдынға айналып шыға келетін «әмбебап» стадионға кірсең бетте-ақ оның дұрыс күтім көрмейтіні, тиісті талаптарға сәйкес еместігі қатаң сынға алынды.
– Мұнда жарысты қалай өткізіп жатырсыздар?! Алаңның шөбі өсіп кеткен, жиегіндегі сызықты айтпағанда ортасындағы, айып алаңындағы сызықтар, 11 метрлік айып добын орындайтын нүкте белгіленбеген. Қалай болса, солай ұйымдастырылған. Халықтық ойындарға жоғары талаппен қараңыздар. Бәрін ретке келтіріңіздер. Мұндай сорақылық келесі жылы қайталанбайтын болсын! – деп шегелеп тұрып ескерткен аймақ басшысы келесі нысан – Денешынықтыру-сауықтыру кешенінде болды.
Мұнда XIX халықтық спорт ойындары аясында волейбол мен үстел теннисінен жарыс өтіп жатыр екен. Кешеннің безендірілуінен бастап жарысқа әзірлігін, ұсталуын, материалдық және техникалық базасын білген облыс әкімі суда жүзумен айналысатын балғын спортшылармен, олардың бапкерлерімен тілдесіп, пікірлеріне құлақ түрді. Жағдайларын сұрады. Жаттығу, гимнастика залдарын да аралады.

Спорттың 25 түрінен сынға түсіп жатыр

Осыдан кейін Көкпекті мен Глубокое аудандарынан келген волейболшылардың ойынын тамашалады. Қос команданың арасында тартысты ойында көкпектілік ұжым алғашқы екі кезең қорытындысы бойынша алда тұрған. Үшінші кезең енді басталған.
Үстел теннисінің өкілдері де барын сала бақ сынап жатқаны байқалды. Ептілік пен жылдамдықты қажет ететін бұл спортқа жанкүйерлік етушілердің қарасы мол сияқты. Залдан ине шаншар орын таппадық.
Сондай-ақ, облыс әкімі бастаған құрметті қонақтар Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың дәл іргесінде орналасқан спорт модулінде, Жекпе-жек сарайында болды. Алғашқы нысанда қатысушылар президенттік көпсайыстан «кім мықтыны?» анықтап жатса, екіншісінде тоғызқұмалақ пен шахматтың көрігі қызыпты. Бұл жерлерде де спортшылармен сөйлесіп, халықтық ойындардың өту барысын қадағалаған облыс әкімі аталған нысандардың қазіргі жағдайын көзімен көрді. Өңір спортын дамыту мақсатында қандай жұмыстар атқару қажеттігі туралы жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.

Ақшаңқан үйлер алыстан көз тартады

Спорттың 25 түрінен сынға түсіп жатыр

Ат дүбірі естілсе елеңдеп, арқасы қозбайтын қазақ, қазақ па?! Аламан бәйге, көкпар, теңге алу, аударыспақ, қазақ күресі секілді төл ойындарымыз Меновное атшабарында өтеді дегенді естіп, құлқын сәріден солай қарай беттеген қала тұрғындары мен қонақтары төбе басына жайғасып алып тамашалауда. Алыстан менмұндалап көрінген киіз үйлер қалашығы да жақсы жарасым тауып, мерекенің маңызын арттыра түскен.
Аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ қаз-қатар тігілген киіз үйлердің әрқайсысына кіріп, әрбір аудан-қаланың мәдениетіне, өнеріне тәнті болды. Мәртебелі меймандар келіп түскен кезде киіз үйлер байқауының комиссия мүшелері қалашықты аралап жүр екен.
– Биыл 19 киіз үй тігілді. Дайындықтары жоғары. Олардың әрқайсысының жасап әкелген дүниелері, ұлттық салт-дәстүр аясында көрсеткен шағын көріністері, тіпті, киіз үйді жабдықтауы мен безендіруіне дейін бір-біріне ұқсамайды. Әр аудан өзінің бір ерекшелігін қосуға тырысқан. Бір айта кететін жайт, мұндағының бәрі табиғи таза өнім. Дастархандағы тағмдардан бастап киіз үй жабдықтары, адамдардың үстіне киген киімдері, тұрмыстық құралдар, бәрі-бәрі қолдан жасалған өнімдер. Сондығымен құнды. Барлығын аралап шыққан соң комиссия мүшелері байқау қорытындысын шығарады, – дейді қазылар алқасының төрағасы Бекен Теміров.
Иә, бұл киіз үйлер қалашығына бас сұққан адам шынымен де бір ғажаптың куәсі болады. Ол жерде ұлтымыздың салт-дәстүрі салтанат құрып, ұмыт бола бастаған ғұрпымыз, жоралғымыз қайта тірілді. Жаңа туылған сәбиді бесікке бөлеу, тәй-тәй басқан баланың тұсауын кесу, қыз ұзатып, келін түсіру, құда күту сияқты тәрбиелік мәні терең қазақы дәстүрлеріміз жаңғырып, кейінгі жастарға үлгі етілді. Бір өкініштісі, оны тамашалағандар саны аз болды.
– Бұл шара халықтық ойындар деп аталған соң ол халық үшін жасалуы керек. Ендеше осының бәрін қарапайым тұрғындар, әсіресе, өсіп келе жатқан жастарымыз көріп, білуі тиіс. Киіз үйлер қалашығында салт-дәстүрімізді айшықтайтын қандай керемет дүниелер, көріністер ұсынылған. Осындай асыл құндылықтарымызды балаларға көрсетіп, біздің мәдениетіміз бен өнеріміз, тарихымыз қандай керемет болғанын олардың санасына сіңіруді ойлауымыз керек. Басшылар үшін емес, халық үшін жасайық. Ендігі халықтық спорт ойындарында жастарымыздың осы киіз үйлер қалашығын аралап, танысуына, төл спортымызды көруге мүмкіндік жасалсын, – деп аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ орынбасарына және тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеді.

Көмбеге жетіп жығылды

Сонымен қатар, облыс әкімі Меновное атшабарында 15 шақырым қашықтықтағы бәйгені қызықтады. Жиыны қырықтан астам ат жарысқан бұл сында Абай ауданының жүйрігі алдына қара салмады. Онымен құйрық тістесіп күршімдік сәйгүлік келді мәреге. Бірақ Ертістің арғы бетінен үкілеп әкеліп қосқан тұлпар көмбе сызығынан өтіп жығылды. Сол жығылғаннан тұрған жоқ. Осы қашықтықтағы бәйгеде үшінші болып Бесқарағай ауданының тұлпары келді.
Айтпақшы, аймақ басшысы күннің ыстық болуына байланысты ат бәйгесін, оның ішінде 25 шақырымдық аламан жарысты кешкі уақытта өткізуді ескертті.
– Биыл халықтық спорт ойындары Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 және Ассамблеяның 20 жылдығы сынды айтулы мерейтойлар аясында өтіп жатыр. Бұл спорт мерекесіне ақындар мен абыздар шыққан қасиетті Аягөз өңірі жоғары дайындықпен келді. Екі бірдей киіз үй әкелдік. Оның біреуі – Қазақ хандығының 550 жылдығына орай жәдігерлермен жабдықталған киіз үй. Екіншісі – қонақтарды қарсы алып, дастархан жайып күтетін үй. Ал спортшыларымыз спорттың барлық түрінен сынға түсуде. Өнерпаздарымыз өз өнерлерін көрсетіп, салт-дәстүрімізді паш етуде, – дейді Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Сейілбек Ысқақов.
Облыс әкімінің жүлдесіне арналған XIX халықтық спорт ойындары әлі жалғасуда. Бүгін Меновное атшабарында тай жарысы, арбаға жегілген желісті аттардың жарысы, көкпар, аударыспақ, теңге алу сияқты ойындар өтіп жатыр. Ал Өскемендегі спорт кешендерінде жанкүйерлер футбол, волейбол, үстел теннисі, гір көтеру, президенттік көпсайыс және тағы басқа спорт түрлерін тамашалауда. Ойындардың нәтижелері туралы газетіміздің келесі санынан оқисыздар.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button