Қоғам

Спортшыларға арналған мектеп-интернат салынады

Өскеменде тұрғызылып жатқан әлеуметтік нысандардың жай-күйін білу мақсатында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құрылыс алаңдарын аралап көрді.

1000 орындық қазақ мектебі қашан ашылады?

Спортшыларға арналған мектеп-интернат салынады

Облыс әкімі алдымен 19-шағын ауданда бой көтеріп келе жатқан 1000 орындық жаңа қазақ мектебінің құрылыс алаңында болды. Жаңа пәтер алып, жаңа ауданға қоныстанып жатқан жас отбасылар санының күннен-күнге артып келе жатқандығын ескерсек, мұндағы оқушылардың көбеюі де әдеттегі құбылыс. Қазір аталмыш аудандағы мектеп қажеттілігі кезек күттірмейтін мәселелердің бірі деуге болады. Алайда, құрылысы екі жыл бұрын басталған мектеп әлі күнге дейін аяқталмай тұр. Оның өзіндік себебі де бар. Ғимарат жерасты сулары жақын орналасқан тұсқа салынып, құрылыс кезінде жерден су шығып кеткен.
– Жерасты сулары жұмыс өнімділігін тежеп, біраз қиындықтар туғызды. Бірақ біз қарап қалған жоқпыз. Су арнасын бұратын тәсілдерді пайдалана отырып, біраз жұмысты еңсеріп тастадық. Қазір мектептің спортзал алаңы дайындалып жатыр,-дейді осы нысанның мердігері «Ақмола құрылыс материалдары» ЖШС директоры Қайролла Едірісов.
Құрылысшылар облыс әкіміне жұмыстың алдағы уақытта қалай жылжитынын түсіндірді. Мердігердің айтуынша, жаңа мектептің сырты қазіргі Жекпе-жек сарайы, Орталық бассейн және Жеңіл атлетика манежі ғимараттары қапталған материалмен қапталып, сыртқы түсі де соларға ұқсас болатынын айтты. Облыс әкімі құрылысшыларға нақты тапсырмалар беріп, құрылысты барынша жедел және сапалы етіп жүргізу қажеттілігін айтты.

Үшемнің ата-анасын құттықтады

Спортшыларға арналған мектеп-интернат салынады

Жыры ұзаққа созылған қан орталығының құрылысы да мәресіне жетіп қалыпты. Бұдан бұрынғы мердігерлердің жауапсыздығынан сапасыз және ұзақ уақыт жүргізілген жұмыстың нәтижелері жаңа ғимараттың әрбір жерінен көрініс тапқан. Жаңа әлеуметтік нысанның қазір ішкі әрлеу және сыртқы ауланы абаттандыру-тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қажетті медициналық заманауи құрылғылар сатып алынып, орталыққа жеткізіліп қойған.
– Сіздерге тағы да қайталап айтамын, ең алдымен шатырды дұрыстап жабу керек, онсыз мына жұмыстарыңыздың ешқандай пайдасы жоқ. Жаңбыр тоқтамай жауса, қабырғаның бәрін су алып, еңбектеріңіздің берекесі кетеді. Бұрынғы мердігерден қалған қателіктердің бәрін түзету керек,-деп тапсырма берді облыс әкімі.
Сонымен бірге облыс әкімі медицина қызметкерлері жаңа ғимараттың әкімшілік бөлігіне екі аптаның ішінде көшіп орналасуы керектігін айтты.
Жуықта Өскеменде дүниеге үшем келген болатын. Облыс әкімі облыстық ана мен бала орталығына бас сұғып, үшемнің ата-аналарын қуаныштарымен құттықтады. Дүниеге екі ұл және бір қыз әкелген Айжан Байшалованың айтуынша, қазір балалардың денсаулығы қалыпты. Салмақтары 1 келі 400 грамм және 1 келі 600 грамм, үшінші баланың салмағы тіпті аз – 800 грамм. Шақалақтардың өмірін сақтап қалу да оңай болмапты. Дәрігерлер қазір олардың денсаулықтарына ешқандай қауіп төнбейтінін айтады. Темірлан, Арслан және Томирис атты үшемнің ата-аналары қазір екі бөлмелі пәтерде тұрады екен. Тұңғыштары Ділназды қосқанда отбасы мүшелерінің саны едәуір көбейіп қалғандығы анық. Облыс әкімі үшемнің ата-аналары мен туған-туыстарына бауы берік болсын айта келе, балаларға базарлықтар үлестірді. Сонымен бірге жас отбасыға жаңа жылға дейін пәтер берілуі керектігін айтты.

Спортшыларға арналған мектеп-интернат салынады

Өскеменде қабырғалары күн санап көтеріліп келе жатқан жаңа әлеуметтік құрылыс нысандары жетерлік. Солардың бірі – Жекпе-жек сарайының артына салынып жатқан жаңа спорттық мектеп-интернатының құрылысы. Алдағы уақытта бұл мекемеден облысымыздың түкпір-түкпірінен спорттық қабілеті жоғары, дарынды балалар келіп білім алатын болады. Интернат әсіресе, ауылдық жерлерден келетін балар үшін ыңғайлы. Ғимарат ішінде ұлдар мен қыздарға бөлек жатақхана, жаттығу залдары, асхана, оқу бөлмелері қарастырылған.
320-340 балаға есептелген ғимараттың қазір 85 пайызы аяқталып қалыпты. Құрылыс алаңын аралап көрген облыс әкімі нысанды жыл аяғына дейін толықтай аяқтау керектігі жөнінде тапсырма берді.
«Өскемен титан-магний» комбинатында болған облыс басшысы бұл жердегі жаңғыртудан өткен жаңа титан кесетін құрылғының жұмысымен танысты. Комбинаттың бас инженері Виталий Логтевтің айтуынша, титан блогтарын қабаттап кесуге арналған гидравликалық престің артықшылықтары жетерлік. Осы құрылғының арқасында бірнеше мәрте өңдеуден өтетін титан блогтары бір мезетте кесіледі екен.
-1987 жылдан бері бұл құрылғы жұмысқа жарамсыз болып тұрған. Осы жылдың көктемінен бастап немістің «Siempelkamp» компаниясы аталмыш аспапты толықтай қайта жаңғыртып жасақтап шығарды. Қазір ол титанның қалыңдығын 10 мм-ге дейін бөлшектей алады. Ескі кеңестік кезеңнен калған құрылғыларды біз осылай жаңартып жатырмыз. Жұмыс өнімділігі екі есеге артуда, – дейді бас инженер.
Бұдан соң аймақ басшысы қаланың сол жағалауында орналасқан «Ақбарыс» спорттық-клубының жұмысымен танысты. Ашылғанына 13 жылдың жүзі болған спорттық мекеме бүгінгі күні барлық керек-жарақтармен өзін-өзі қамтыған. Қазақстанда жалғыз болып саналатын 100 метрлік тир де осы жерде. Ұзын және қысқа ұңғылы мылтықтар, садақ ату өнеріне де осы жерде үйретеді. Мекеме басшысы Валерий Ильиннің айтуынша, клубқа ай сайын мыңнан астам адам келеді екен. Мекемеге қару ұстауға рұқсаты бар адамдар келіп, мылтық атудың қыр-сырын үйренетін көрінеді. Мұнда аңшылардың мергендігін ұштайтын жабайы үйрек немесе жүгірген қоянды келтіретін арнайы тәрелкелер бар.

Тірі малды базардан сатып аламыз

Облыс әкімі Өскеменнің шығаберісіндегі Қабанбай ескерткішінің маңындағы абаттандыру жұмыстарының қалай жүзеге асып жатқандығын арнайы барып көрді. Алдағы уақытта бұл жерде шағын саябақ бой көтеріп, жас жұбайлар тәу ететін орын ашылады.
Келесі жылы Шығыс ауылының маңынан мал базары ашылатынын естеріңізге сала кетейік. Енді өскемендіктер ауыл-ауылды аралап қонағына соятын қой іздемейді. Соғымды да, құрбандыққа шалатын малды да осы базардан тірідей сатып алуға мүмкіндік туып отыр.
Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ салынып жатқан мал базары кешенінің құрылыс алаңында болды. Мал базарын салуға бел буып отырған мекеменің басшысы Станислав Лакотоштың айтуынша, мұнда бір ауысымда 25 бас ірі қара, 155 бас қой сойылады екен. Жылдам қатыратын үлкен мұздатқыштар да қарастырылған.
– Ең бастысы, біз халыққа тірі мал ұсынамыз. Шаруалар малын өзі келіп сатуға және бізге өткізіп кетуіне болады, біз малдың сатылып кеткенге дейінгі жемшөбін, суын өз мойынымызға алып, мал иесіне белгіленген ақшасын береміз. Бұл жерде шошқа сатылмайды, малды халықтың талабы бойынша адал сойып береміз, терісі мен ішек-қарынын да сатып аламыз. Қазіргі тұрғызып жатқанымыз мал сою цехтары, одан кейін қашаларды жасай бастаймыз, базар алдағы жылдың маусым айында ашылуы мүмкін, – дейді Станислав Лакотош.
Құрылтайшылардың айтуынша, болашақта бұл жерде шұжық цехтары және етті өңдейтін тағы да басқа өндіріс орындары ашылатынын айтады. Мекеме 30 шақты адамды жұмыспен қамтымақшы. Олар жақын маңдағы Шығыс ауылының тұрғындары болмақ, қазірдің өзінде құрылыста бірнеше аталмыш ауылдың тұрғындары еңбек етіп жүрген көрінеді.
Бұдан кейін облыс басшысы Шығыс ауылының мектебінде жергілікті тұрғындармен кездесті. Залға лық толған оралман ағайындардың көкейіндегі мәселелердің көбі электр қуатының қарызы, баспана, жұмыс және қоғамдық көлік мәселелері болып шықты.
– Жыл сайын сіздер ең маңызды деп көтерген мәселелер азайып келе жатыр. Бұл – мұндағы мәселелер шешіліп, көптеген жұмыстар атқарылып жатыр деген сөз. Бүгін жағдайларыңызды көзімізбен көріп, мұң-мұқтаждарыңызды өз ауыздарыңыздан естиік деп келдік, – деді облыс басшысы.
Тұрғындар өздері тұрып жатқан үйлерді жекешелендіру, жаңа туған нәрестелерді тіркеу, зиратқа орын бөлу мәселелерін ортаға салды. Облыс басшысы тұрғындар сұрағына рет-ретімен жауап беріп, ең маңызды деген мәселелер жақын уақытта шешімін табатынын айтты.
– Баспана және осыған қатысты сұрақтардың барлығы белгіленген арнайы заңдардың аясында ғана шешіледі. Оның барлығы өздеріңізге байланысты. Сондықтан еңбек етіп, коммуналдық қарыздарыңызды төлеулеріңіз қажет. Мемлекет көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға ғана жәрдемдеседі,-деді аймақ басшысы.
Кездесуден соң облыс әкімі мектеп іргесіндегі футбол алаңқайының ашылу салтанатына қатысты. Осыған орай жаңа алаңда Шығыс ауылы мен Ахмер ауылы оқушылары арасында футболдан жолдастық кездесу өтті.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button